Әлеумет

«Бақытты отбасы» – игі бастама

Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар бергені мәлім. Бүгінде елімізде берген тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар басымдықтар жүзеге асырылуда.

Әлбетте, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен елміз. Оның үстіне адам ұрпағымен мың жасайды емес пе?! Сондай-ақ қанша жерден экономикалық қиын­дықтар, жаһандық дағдарыстар орын алса да, біздің мемлекетімізде әлеуметтік көмектер қысқарып көрген жоқ. Жыл өткен сайын тұрмыс деңгейіміз көтеріліп, материалдық және мәдени қажеттіліктеріміз қана­ғаттандырылу үстінде. Біздің әлеуметтік жағдайы­мыз­­дағы жеткен жетістіктер – мемлекеттің әр ­қа­зақ­стандық үшін жасап отырған қамқорлығының жемісі.
Бұл ретте Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бастама тікелей көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл бастама да Елбасының тікелей бақылауында. Өйткені көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету мемлекетіміздің негізгі басымдығы болып табылады.
Жалпы 2019 жыл халықты әлеуметтік қорғау саласында көптеген жаңалықтарымен келді. Соның бірі – ең төменгі табысты көбейту мен ең мұқтаж отбасы­ларына қолдау көрсету. Біздің қаламызда көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету әрбір адал ойлы азаматтың міндетіне айналып келеді. Осы ретте Түрксіб ауданындағы жалғызбасты әрі көпбалалы ана Мейрамгүл Бұхарбаеваның үйіне арнайы бардық. Сөйтіп, Наурыз мерекесі қарсаңында жанұядағы сегіз баланың әрқайсына жетерлік азық-түлік, ойыншық, нетбук тарту етілді. Бұған көпбалалы отбасы мүшелері қатты қуанып, шат-шадыман қуанышқа кенелді. Әрине, баланы әркім өзі үшін туып, бағып-қағады. Дегенмен, мемлекет те еліміздің демографиялық жағдайын жақсарту үшін, әр отбасында бала санының көбеюіне мүдделі болуы шарт. Бала туу көрсеткішінің өсуі – адам капиталының дамуына ықпал етпек.
Жуырда «Достық», «Матай» және «Ақтоғай» стансаларына барып, жергілікті тұрғындарға ­Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік іс-шарасының мақсатымен таныстырып, оны жүзеге асыру жолдарын түсіндірдік.
Сонымен қатар қай кезде де елдегі береке-бірлікке, игі істерге ұйтқы болып жүретін Алматы пайдалану локомотиві депосының ұжымы да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау білдірген болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көпбалалы отбасыларға қолұшын созу мақсатында теміржолшылар ынты­мақтастық танытып, игі шарадан шет қалмай, қайы­рымдылық көмек ретінде біркүндік жалақыларын (1 млн 956 мың теңге көлемінде) аударды. Бұдан өзге, Алматы жүк тасымалдау бөлімінің басшылары да 20 мың­нан жиналып, қаладағы әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған төрт отбасына 50 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетті.
Сондай-ақ депо ұжымы су тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттардан зардап шеккен азаматтарға да қолдау көрсетуді азаматтық парыздары деп санайды. Ұлы Отан соғысы жылдары ерен ерліктің, батырлық пен қайсарлықтың, өшпес өжеттіліктің үлгісін көрсеткен майдангерлер бүгінгі күні қандай құрметке болмасын әбден лайықты. Жыл сайын «Алматы пайдалану локомотив депосы» АҚ-ның ұжымы әрдайым ардагерлерге барынша сый-құрмет көрсетеді. Жуырда Ұлы Отан соғысының ардагері 94 жастағы Лидия Козлованы туған күнімен құттықтап қайттық. Аудандағы Балалар үйінде құрбан шалынып, садақа беру дәстүрге айналды.

Болат ОСПАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты

anatili.kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button