Экономика

Бюджет қаржысы тиімді жұмсала ма?

Сессия

Облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясында негізгі мәселе ретінде «Облыстық бюджеттің 2018 жылғы атқарылуы туралы облыс әкімдігінің есебі» тыңдалды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова күн тәртібіндегі мәселемен қатар, әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы да айтып өтті.

Түсімдер бойынша облыстық бюджеттің жыл ішінде бес рет өсуі нақтыланып, 13 миллиард 535,2 миллион теңгеге ұлғайтылды, яғни оның мөлшері 167 миллиард 971,4 миллион теңгеге жетті.  Кірістердің түсімі негізінен салықтық төлемдерден, салықтық емес түсімдерден, негізгі капиталды сатудан және трансферттерден құралып отыр. Оның ішінде салық төлемдері үлесі — 38 миллиард 307,4 миллион теңге.

Республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сомасы 43 миллиард 681 миллион 506 мың теңге нысаналы трансферттер білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салуға және қайта жаңартуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жобалауға, дамытуға және жайластыруға, вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға, көліктік инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге, жылу-энергетика жүйесін жетілдіріп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалды.

Баяндамашы осылайша әр салаға мақсатты түрде жұмсалған қаржы мөлшерін нақтылап талдап айтып шықты.

Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы аталған жыл ішіндегі бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы таныстырды. Оның айтуы бойынша, бірқатар мемлекеттік органдар тарапынан бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, бюджеттік бағдарламаларды толық игергеніне қарамастан, тікелей және түпкі нәтижелердің жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізілмеуі орын алған. «Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану — салықтан түскен түсімді ысырап жасау болып табылады, сондықтан бұл мәселеге бәріміз де жауапты қарауымыз керек», — деді ол.

Аталған мәселе бойынша сөз алған облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Аркадий Ни баяндамаларда облыстық бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің атқарылуына талдау жасалып, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелері, облыс аумағын дамыту бағдарламасында баяндалған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша қызметті жүзеге асыру көрсетілгенін атап көрсетті.

Келтірілген деректерде көрсетілгендей, жалпы облыс экономикасын дамытудың жоспарланған көрсеткіштерінің көпшілігі орындалған. Бұл өз кезегінде облыстық бюджет шығыстарының әлеуметтік бағыттылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Тұрақты комиссия төрағасы алдағы уақытта назар аударатын бірқатар түйінді мәселелерге де тоқталды.

Соның бастыларының бірі — шығындарды оңтайландыру және қаражатты үнемдеу бойынша жүйелі шаралар қабылдау, тиімсіз және уақтылы емес шығыстарды болдырмау. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың себептері ретінде сапалы бюджеттік жоспарлау жеткіліксіздігі, облыстық басқармалардың бюджеттік бағдарламаларын қажетті деңгейде үйлестірудің болмауы айтылды. Коммуналдық меншікті тиімді басқаруда да кемшіліктерге жол берілуде. Мәселен, пайдалануға тапсырылған нысандарды мезгілінде баланасқа қабылдауда кідірістер орын алып қалады.

Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің басшылары — облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы, бюджет қаражатының тиімді игерілуі мен ұтымды пайдаланылуына мониторинг жүргізуі қажеттігі туындауда. Атқарушылық және қаржылық тәртіпті нығайтуға, жеке жауапкершілікті арттыруға және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі қызметті жақсартуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу де уақыт талабы екені айтылды.

Сессияда әлеуметтік маңызы бар облысішілік қатынастар тізбесін айқындау туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Әспенов хабарлама жасады. Ол қоғамдық әлеуметтік-экономикалық жағдайға ықпал ететін және тарифтердің қолжетімділік деңгейі мен республика аумағы бойынша халықтың еркін жүріп-тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылатын тұрақты қатынастардағы жолаушыларды тасымалдау жайы туралы түсіндірме жасады. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар облысішілік қатынастар тізбесін айқындау мақсатында 22 атау енгізілді.

Сессия отырысында, сондай-ақ, Хромтау қаласында 320 орындық балабақша салу мен техникалық қызмет көрсету, Ақтөбе қаласында Мұз сарайын салу және пайдалану мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды.

Облыстық мәслихаттың депутаттары Кенжеғали Кенжебаев пен Александр Чемодановтың депутаттық сауалдары жария етіліп, тиісті орындар назарына ұсынылды.

Сессия қорытындысында сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин қазіргі тұста әлеуметтік тұрғыдағы нысандар құрылысына көбірек назар аударылып отырғанын айтып, бюджет қаржысын тиімді пайдалану маңыздылығына тоқталды, бұл ретте қоғамдық бақылаудың ықпалдылығын атап көрсетті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button