Білім

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Брифинг

Бүгін Ақтөбеде мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысатындар үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, тест тапсыруға облыстың 5189 оқушысы ниет білдірген.

Биыл облыстың 4324 оқушысы қазақ тілінде, 854 оқушысы орыс тілінде, ал 11 оқушысы ағылшын тілінде ҰБТ тапсырады.

Облыста ҰБТ кезінде 15 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізетін пункт жұмыс жасайды. Оның 12-сі аудан орталықтарында болса, 3-еуі — Ақтөбе қаласында. Бүгінгі күні барлық тестілеу өткізетін пункттер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал аталған орындарға мектеп түлектерін жеткізу жергілікті әкімдіктерге тапсырылған.

— Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бір процеске біріктірілді. Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-26 маусым аралығында, ал кешенді тестілеу 29-30 маусым күндері өтеді. 20 маусым күні тестілеу облыстың Темір, Хромтау, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би, Мұғалжар, Ойыл, Қарғалы аудандарында өтсе, 21 маусым күні Шалқар, Қобда, Мәртөк, Алға және Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектептің базасында өтеді. Ал 22, 23, 24, 26 маусым күндері талапкерлер Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында тапсырады. Ал кешенді тестілеу  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында өтеді, — деді басқарма басшысы.

Талапкерлер тестілеуді 5 пән бойынша тапсырады. Оның 3-еуі таңдалған мамандыққа сәйкес міндетті пән болса, 2 бейіндік пән. Тест тапсырмалары — 120, ал ең жоғарғы балл саны — 140. Басқарма басшысының айтуынша, тест тапсырмаларының базасы 30 пайызға жаңартылған.

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігінен хабарланғандай, биылдан бастап еліміздің барлық мектеп бітірушілері ҰБТ-ны 4 рет тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Олар ақылы негіздегі оқу орнына түсу үшін тестті қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсыра алады. Ал мемлекеттік грантқа оқуға түскісі келетін талапкерлер маусым айындағы дәстүрлі ҰБТ-ға қатысуы тиіс. Өйткені грантқа тек осы тестілеудің сертификаты ғана жарамды. Ал маусым айындағы тестілеуден өте алмай қалған талапкерлердің тамыз айында 2242 теңге төлеп қайта тест тапсыру мүмкіндігі бар. Ол мемлекеттік гранттың қорытындылары шыққан соң, 5 тамызда басталады.

Биыл еліміз бойынша 66 556 мемлекеттік грант бөлінген. Таратып айтсақ, жоғары оқу орындарының бакалавриатында 51 085, магистратурасында 13 159, ал докторантурасында 2312 талапкер тегін оқи алады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button