Денсаулық

Екі пакет бекітілді

Медициналық сақтандыру

Ел  Үкіметі келесі жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтің тізімін бекітті.

Денсаулық сақтау министрлігі бір жарым жыл бойы жаңа пакеттерді дайындау кезінде медицина қауымдастығымен бірлесіп жұмыс атқарды. Сатып алу, төлем жасау, мониторинг жүргізу механизмдері талқыланды. Нәтижесінде екі пакет пайда болды. Олар — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі(МӘМС).

— Сақтандыру жүйесінің енгізілуіне алты ай қалды. Бір жарым жыл бойы жүйе туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сақтандырылған адамдардың шығынын Қор өтейтін болады. Қазіргі таңда емге кеткен шығынның 40 пайызын тұрғындар өз қалтасынан төлеп жүр. Филиал мамандары екі пакетке кірген қызмет түрлерін халыққа толық әрі түсінікті тілмен жеткізіп жатыр. Жалпы Ақтөбе облысының жүйені енгізуге дайындығы жоғары деуге болады, — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова.

ТМККК пакеті барлық тұрғындарға арналған, тіпті олар сақтандырылмаған болса да мемлекеттің қаржысына емделе береді, яғни алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек одан әрі қолжетімді болады.

Жалпы бұл пакет бойынша жедел жәрдем көмегі, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен негізгі созылмалы дерт кезінде кеңес алу-диагностикалық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмек, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар тегін болып қалады. Сондай-ақ, туберкулезге шалдыққандарды оңалту және паллиативті көмек тегін болады.

МӘМС пакеті медициналық көмектің қалған тізімін қамтиды. Бұл пакетте кеңес алу-диагностикалық көмек, соның ішінде қымбат лабораториялық қызметтер, ТМККК-ке кірмей қалған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар, медициналық оңалту мен қалыпқа келу емі бар.

— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмекті республикалық бюджет есебінен қаржыландырып отыр. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті төлемдер мен жарналар есебінен өтеледі. Бүгінде Қазақстан бойынша төлемдер мен жарналардың жалпы соммасы 176,7 миллиард теңгені құрады, соның 7,9 миллиард теңгесі Ақтөбе облысына тиесілі. Бұл қаражаттың барлығы Ұлттық банкте сақталып тұр.  2020 жылы ол сақтандырылған адамдардың еміне жұмсалады, —  дейді филиал директоры Гүлмира Қожаниязова.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button