Білім

Жиырмасы бесінші жыл: дамудың жаңа белесі

Биыл университет іргесінің қаланғанына 25 жыл болды. Оқу орнының ширек ғасырлық тойы салтанатты түрде аталып өтті. Оған Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарынан, өзге де ұйымдардан арнайы келген ғалымдар, белгілі азаматтар қатысты.

— Біз екі үлкен маңызды шараны атап өткелі отырмыз. Оның бірі — университетіміздің іргесі қаланғанына 25 жыл толу тойы болса, екіншісі —  оқу орнының төртінші және бесінші ғимараттарының салтанатты ашылуы. Бұл ғимараттарда футбол залы, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Ақтөбе кіндгі» аталатын музей, негізінен техникалық мамандықтарға арналған зертханалық корпустар бар. Биыл  техникалық мамандықтарға басымдық беріп отырмыз, осы мақсатта шағын балық зауытын да іске қосамыз. Білім сапасын арттыруға бағытталған басқа да ерекше жобаларымыз бар, —  деді университет президенті, профессор Темірхан Бердімұратов.

Университет ширек ғасырлық белесті жай ғана даңғаза-думанмен емес, тағы да сол дәстүрлі салт бойынша — білім мен ғылымның одан әрі дамуына жол ашатын жаңалықтармен бағындырды.

Иә, 2019 жыл ұдайы даму үстіндегі университеттің тарихында ерекше оқиғалармен есте қалатын болды: Биыл оқу орны білім берудің жобалық технологиясын одан әрі жалғастыра отырып, әдістемелік базаны нығайтып, студенттердің жобалық идеяларын енгізуі үшін материалдық-техникалық ресурстарды кеңейтуге күш салды. Техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің жобалық жұмыстары жеке жобалау алаңдарын кеңейтуді талап етеді, сондықтан университет жаңа нысандардың құрылысын аяқтады. Төртінші және бесінші ғимараттар енді студенттер игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Осылайша университет инфрақұрылымы жалпы алаңы 13 000 шаршы метрден асатын 5 оқу корпусынан тұратын Кампустан тұратын болды!..

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Бишімбаевтың айтуынша, бұл жаңа ғимараттардың ашылуы Ақтөбеде техникалық мамандықтар бойынша білім алған жас ғалымдардың санын арттыруға септігін тигізеді:

— Ақтөбе өңірі минералды ресурстарға аса  бай өлке. Сондықтан облыста техникалық, технологиялық бағыттағы мамандарды көбірек даярлауға мән беру керек. Қазақ-орыс халықаралық университеті осы бағытта жаңа ғимараттарды, негізінен техникалық мамандықтарға арналған зертханалық корпустарды пайдалануға беріп отыр. Бұл тек өңірдегі ғана емес, тұтас елімізге қажетті мамандар даярлауға үлес қосады деп есептеймін. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген профессор Темірхан Байбосынұлын, университет ұжымын оқу орнының тойымен құттықтаймын, — деді ол.

Университеттің салтанатты тойына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшісінің кеңесшісі Алексей Коропченко,  Мәскеу халықаралық академиясының проректоры Михаил Романчук, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері, Қазақ-орыс халықаралық университетінің профессоры Қамбар Лепесовтер қатысты. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының орталық мешітінің наиб-имамы Нұрлыбек Күзембаев, Ақтөбе заң институты бастығы, полиция полковнигі Айдар Сауытбеков, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының бастығы,  полковнигі Әлім Ибраевтар да лебіздерін білдірді.

Марат Тоқжанов университет ұжымын белесті тойымен облыс әкімі Оңдасын Оразаилиннің атынан құттықтап, оқу орнының бірқатар қызметкеріне облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Жаңа оқу ғимараттарында толықтай жабдықталған зертханалар бар. Мұнда студенттер теориялық білімдерін практикада ұштайды. Зертханалық орталықта лаборант-техник, лаборант химик және біліктілігі жоғары лаборант секілді үш деңгейлі мамандар даярланады және оларға арнай сертификат беріледі.

— Бұл студенттерге Қазақстанда, сонымен бірге шетелде де сұранысқа ие маман иесі болуына септігін тигізеді. Бұған қоса қала мен облыс кәсіпорындарындағы қызметкерлер де осы зертханалық орталықтағы заманауи құралдармен жұмыс істеу арқылы бліктілігін арттыра алады, — дейді Қамбар Лепесов.

Оқу ғимараттарымен бірге қонақтар ежелгі халық қолөнеріне арналған «Ақтөбе кіндігі» аталатын музей-зертхананың ашылуына да қатысты. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған негізгі идея — «қоғамдық сананы жаңғырту» принциптерін мақсат тұтқан жаңа музей-зертхана Т.Бердімұратовтың бастамасымен жүзеге асырылған. Т.Бердімұратовтың айтуынша, алдағы уақытта студенттер үшін халық қолөнерін үйретуге арналған шеберханалар ашылмақ.

Қонақтар жаңадан ашылған көрме залымен де танысты. Мереке күні ұйымдастырылған көрмеге студенттердің өз қолымен жасаған ерекше дүниелері қойылған. Әсіресе, ауылды баламалы энергиямен қамтамасыз ететін «Экоауыл» жобасы қызығушылық туғызды.

Салтанатты шараға арналған дөңгелек үстелге еліміздің және ресейлік ұйымдардан, оқу орындарынан келген өкілдер қатысты. Шара барысында жан-жақтан келген құттықтаулар оқылып, оқу орны туралы бейнефильм көрсетілді.

Қысқасы, университеттің ширек ғасырлық мерекесі өткенді қорытындылап, болашаққа батыл міндеттер қойған білім мен ғылымның тойы болды!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button