Денсаулық

Шалғай ауыл халқы медициналық тексерістен өтті

Акция

Облыс пен аудан орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендер көп. Ол жерлердің халқы медициналық көмек алу үшін ұзақ жол жүруі керек. Осы мәселені оңтайландыру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Медицина жанымызда» атты  әлеуметтік акция бастады. Қазір облыстық емдеу мекемелерінің бір топ дәрігері ауыл-аймақтарды аралап жүр.

Өткен аптада дәрігерлер Темір ауданына барды. Ауданның  Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдары облыс орталығынан — 210, аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыстық және аудандық ауруханалардың дәрігерлері аталған ауылдарды аралап, тұрғындарды медициналық тексерістен өткізді. Онколог, отоларинголог, хирург, невролог, гинеколог, эндокринолог, травматолог мамандар азаматтарды қабылдады. Біріне жолдама берсе, біріне дәрі-дәрмек жазып берді. Мәселен, Кеңқияқта 101 тұрғын тексеруден өтсе, соның ішінде 36-сы — ересек адам. Ал Шұбарши мен Саркөл ауылында 139 адам дәрігердің қабылдауында болды. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, қауіпті факторларды анықтау  бойынша дәріс оқыды. Тұрғындарға скандинав жүрісін үйретіп, оның адам денсаулығына тигізетін пайдасын айтты. Медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жарна төлеушілердің  міндеттері, қаржыландыру көздері, кімдер  жарна төлеуден босатылатындығын, медициналық сақтандырудың бар екендігін қалай анықтауға болатыны туралы жан-жақты айтылды. Тұрғындар риза болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button