Мереке

Көлігі бұзылғандарға көмек көрсетті

«Алақай» қуыршақ театрының басшылығы Ақтөбе облысы полиция департаментінің Әйтеке би аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Аудандық учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Балтабек Заманбек пен уақытша ұстау изоляторының полицей-кезекшісі, полиция сержанты Дәурен Исмаиловқа театр директорының Алғыс хатын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетов табыстады.

Аты аталған 2 полиция қызметкері жол бойында автобустары бұзылып қалған «Алақай» қуыршақ театрының артистеріне көмек көрсетіп, аудан орталығына жеткізген.

— Қарабұтақ-Қостанай тасжолының 115-шақырымында, Әйтеке би ауданының Комсомол ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан «Балқы Базар» атты демалыс алаңының маңайында Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының артистері мен қызметкерлерінің  мініп келе жатқан көлігі бұзылып қалады. Машинасын жөндей алмаған соң топ басшысы полиция бөліміне хабарласып, көмек сұраған. Сол уақытта түнгі кезекшілікте болған Әйтеке би ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Балтабек Заманбек пен Дәурен Исмаилов оқиға орнына дер кезінде жетіп, көмек көрсетеді. Ауа райының суық болуына байланысты жолда қалған адамдарды аудан орталығы Комсомол ауылына жеткізген. Өздерінің іс-әрекеттерімен халыққа қашанда көмек көрсетуге дайын екендіктерін көрсеткен полиция қызметкерлеріне театр ұжымы рақметін айтып, Алғыс хат жолдады, — деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ

Мәртөк ауданы — көршілес Ресейге шекаралас орналасқан, бұрыннан өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған мекен. Бүгінгі күні ауданда отыздан астам ұлттар мен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Достық үйі жұмыс жасайды.

Аудандық полиция бөлімінде онға тарта ұлт өкілі еңбек етеді. Олардың дені — мемлекеттік тілді жетік меңгергендер. Орыс, қазақ, украин, беларус, татар және неміс ұлтының өкілдері ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасып, бірлесе жұмыс жасап жүр.

Аудандық полиция бөлімінің ақпараттық-талдау тобының инспекторы, полиция капитаны Наталья Подковырева  өзінің ұлын қазақ балабақшасына, кейін қазақ мектебіне оқуға берген. Нәтижесінде, қазір  қазақ тілін жетік біледі.

Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, неміс ұлтының өкілі Николай Трошин де қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ресейден қоныс аударып, бала кезінен әже тәрбиесін көріп, қазақтармен аралас өскен Николай қазақшаны әскерде болғанда меңгеріп алғанын айтады.

Мен үшін қазақ тілі — екінші ана тілім. Қазақ тілін үйрену қиын емес. Зейін қойып, өзіңе үйренемін деп талап қойсаң, тез-ақ үйреніп кетесің. Қазақ тілі — өте бай тіл. Тіл білу арқылы сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін де жете білесің. Маған қазақтардың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығы ұнайды. Бүгінгі таңда араласатын достарымның көбі — қазақ. Осының барлығы тілді жете меңгеруіңе өз ықпалын тигізеді, — дейді полиция капитаны Н.Трошин.

Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір-біріне түсіністікпен қараған ырыс дарыған өңірде татулық берік орныққан.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button