МерекеҚұқық

Бес ай: 9415 қылмыстық іс тіркелді

Жиырма жылдан астам ішкі істер жүйесінде еңбек етіп жатқан облыстық полиция департаментінде аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, полиция подполковнигі Динара Биманованы кәсіби мерекесі қарсаңында аз-кем сөзге тартқан едік.

— Мектепті тәмамдағаннан соң екі жыл қатарынан оқуға түсе алмай, үшінші жыл дегенде Ақтөбедегі заң колледжінде білімімді жалғастырдым. Әкем Әбиболла Биманұлы — ұзақ жыл осы салада еңбек еткен жан. Әке жолын қуып, құқық қорғау саласында қызмет ету де менің бала күнімнен алдыма қойған мақсатым еді. Міне, жиырма екі жылдан бері осы саланың қыр-сырын меңгеріп келемін. Жолдасым да құқық қорғау саласының зейнеткері, — деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз қызметтік тәжірибесі жайында да сыр шертті.

Бүгінде департаменттің аналитикалық бақылау бөлімінде қызмет ететін ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын құқық қорғау саласында жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазір облыстың ішкі істер жүйесінде барлық аудан интернет желісі арқылы іс жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде қағазбастылықтан арылу, жұмысты жылдам жүргізуге қол жеткіздік. Жыл басынан бері бес айда Ақтөбе облысы бойынша 9415 қылмыстық іс тіркелсе, соның 4530-ы аяқталды. Бұл — 48,1 пайыз. Қазіргі таңда 2262  қылмыстық істің беті әлі ашылған жоқ. Бұл жұмыстармен криминалдық полиция айналысады. Біздің міндетіміз — ашылған қылмыстық істерді екі ай мерзім ішінде уақытында тергеп, істі сотқа жолдау, — дейді Д.Биманова.

Динараның айтуынша, облыста тіркелген қылмыстық істің дені ұрлық, соның ішінде ұялы телефон, мал ұрлау жағдайлары жиі орын алады. Кейіпкерімізден мал ұрлығының беті көп жағдайда не себепті ашылмайтыны турасында сұрағанымызда:

Қазір тұрғындар жеке малды бақташыға сеніп тапсырады. Сол үшін келісімшартқа отырады. Мал ұрланса, кеткен шығынды бақташыдан өндіретін болады. Қазіргі таңда осы мәселе бір ізге қойылып, бақташылардың жағдайын жақсарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл өз кезегінде құқық қорғаушылардың жұмысына айтарлықтай оң ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда мал ұрлау дерегіне қатысты бір-екі іс бар. Соның бірі — Ырғыз аудандық сотында қаралып жатыр. Бұл — Ырғыздағы «Әсемназ» шаруа қожалығы иелігіндегі 200-ден аса жылқының жоғалғаны туралы шағымға байланысты іс.  Келтірілген шығын көлемі —  44 миллион 480 мың теңге. Істі облыстық полиция департаменті жолдады.  Бұл іс бір жылға жуық көлемде қаралды. Нәтижесінде сол шаруашылықтағы 4-5 малшының үстінен іс қозғалып жатыр, — деді Д.Биманова.

Облыстың құқық қорғау органында жыл басынан бері бес айда 1141 іс республикалық база арқылы электронды жүйеге енгізіліп, соның 761-і өз шешімін тапқан. Ал 86 іс электронды түрде сотқа жолданыпты.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button