Жарайсың, Азат!
Жақында Семей қаласында бильярд ойынынан ҚР біріншілігі өтті. Ақтөбелік жас ойыншы Азат Түменов біріншілікте топ жарып, 2-орынды иеленді.
Азат – Батыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті. Кеше ол 18 жасқа толды. Бұл жасқа дейін ол бильярд ойынынан бірнеше асуларды бағындырып жүр. Бала кезінен шахмат, футбол тәрізді ойындарды ойнауды дағдыға айналдырған Азат есейе келе елдің ең мықты бильярдшысы болсам деп армандайтын. Міне, облыс көлемінде өткен және республикалық дәрежелі сайыстарда, алыс-жақын шетелдерде ұйымдастырылған ойындарда топ жарып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр.
Әрине, жер-жерден жиналған белді-белді ойыншылармен бақ сынасып, олардан оқ бойы оза шабу оңай емес. Әрі Семейдегі біріншілікте бас қосқан 54 ойыншының барлығы дерлік «мықтылар», араларында әлем чемпиондары да бар.
– Жоғары деңгейдегі ойындарға қатысқаныма 4 жыл болды. Көпшілігінен жүлдемен оралып жүрмін. Мақсатым – әлем чемпионатына қатысып, жүлдегер атану, – дейді ойыншы.
Азат қолы қалт етсе, әдеби кітаптар, газет-журналдар оқиды екен. Болашақта мықты бильярдшы әрі заңгер болуды көздейді.
Айгүл ЖҰБАНЫШ.