МерекеҚұқық

Ақтөбеде 139 «ақылды» камера орнатылады

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғаушылардың жұмысын жеңілдетуге, қылмыстың бетін ашып, алдын алуда көшелер мен аулаларға қойылған бейнебақылау қондырғыларының тигізер пайдасы зор. Бүгінде қала бойынша осындай 208 қондырғы үздіксіз жұмыс жасап тұр. Цифрлық жүйенің жұмысын қырағы көзбен бақылап, халықтың тыныштығы мен қоғамдық ортадағы тәртіпті бақылап отыратын құқық қорғаушылардың еңбегі де ерекше.  Ақтөбе қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы Әйгерім Есебекова ішкі істер жүйесінің осы саласында жемісті еңбек етіп жүр.

Полиция аға лейтенанты Әйгерім Есебекованың жолдасы да құқық қорғау саласында қызмет жасайды. Ішкі істер органында қызмет жасағанына он жылдан астам уақыт болған оның бұл саладағы жетістіктері де аз емес. Бейнебақылау қондырғысы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, қылмыстық оқиғалардың алдын алу және қылмыстың ізін суытпай бетін ашуда камераға қырағы көзбен қарап, мәселені мұқият зерделеуде Әйгерімнің жинаған тәжірибесі мол.

Осы қызметті 2015 жылдан бері атқарып келемін. Қазіргі міндетім — қала көшелеріне орнатылған бейнекамералар арқылы қылмыстық әрекеттерді анықтау, жүргізушілердің жол ережесін сақтауын бақылау, сол сияқты қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау. Әсіресе, қала көшелерінде, скверлер мен демалыс орындарында  болатын үлкен мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалауда жауапкершілік жүгі күшейе түседі. Егер қандай да бір жағдайды байқап, тәртіп бұзушылық оқиғаларды көзіміз шалып жатса, дереу рациямен хабарлап, оқиға орнына жасақтардың баруын хабарлаймыз, — дейді Әйгерім Есебекова.

Жыл басынан бері қалалық жедел басқару орталығының мамандары бейнекамераның күшімен 95 құқықбұзушылық әрекетті анықтаса, соның 9-ы Әйгерімнің қырағылығының нәтижесінде тіркелген. Ол кешкілік, түнгі мезгілде құқықбұзушылық әрекеттердің көбейетінін айтады. Себебі, түнгі уақытта көлік ұрлау, төбелес және басқа да құқықбұзушылықтар жиі орын алады.

Жедел басқару орталығына жарты жылдан бері қаладағы көп қабатты үйлердің ауласына қондырылған бейнекамералар да қосылды. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша 208 бейнеқондырғы арқылы қоғамдық тәртіп, халықтың қауіпсіздігі қадағаланады.  Бүгінгі күні қала мектептері аумағына да осындай қондырғылар көптеп орнатылып жатыр. Алдағы уақытта қосымша 139 камера іске қосылмақ. Олар — «ақылды» камералар. Мұндай қондырғының күшімен, кез келген әкімшілік құқықбұзушылық жағдайлар болмасын, қылмыстық әрекеттердің бетін ашуда жұмыс жүргізу процесі әлдеқайда жеңілдеу болмақ, — дейді Әйгерім.

Бейнебақылау инспекторы мас күйінде көлік жүргізетіндердің әрекеті бейнебақылау камерасынан анық байқалатынын, сондықтан мұндай кезде жол полициясы мамандарына дереу хабар түсіріп,  көлікті тоқтатып, тексеру жүргізілетінін айтады.

Жақында түс ауа сағат 16.00-дер шамасында  қалада мынадай жағдай болды. Кәмелет жасына толмаған балалар өз қатарласынан ақша беруін талап етеді. Қалтасында қаражаты болмағаннан соң әлгілер оны жерге құлатып, күштеп мойнындағы күміс алқасын жұлып алды. Осы жағдайды бейнекамерадан бақылап, біз сол маңдағы учаскелік инспектордың оқиға орнына дереу жетуіне ықпал жасадық.  Бұл  — балалар арасында тонау әрекеті. Ұрылар  ұсталып, қылмыстың беті ашылды. Сол сияқты, жақында көшеде такси тоқтатқан қызды зорлаған жүргізушінің кім екенін де бейнекамера арқылы анықтадық, — дейді Әйгерім.

Жақында Әйгерім ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясында білім жетілдіру курсынан өтіп, жан-жақтан жиналған әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып қайтыпты.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button