Пікір

Өзара сенімнің тірегі — заң

Айгүл Дүйсенова, Ақтөбе облысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті:

—  Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелердің оң шешім табуына жол ашады деп үміттенеміз. Ұлттық кеңестің қызметі тек пікір алмасу, ұсыныс-тілектерді тізбектеп жеткізумен шектелмей, жұртшылықты алаңдатқан проблемаларды шешудің жолдары, тетіктері талқыланса, ұсыныстарды нақты іске асыруға мұрындық болса дейміз. Бізге сөзден іске көшу керек. Кеңеске мүше болып қабылданған партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері осыны мықтап ескерсе екен.

Әрине, Ұлттық кеңеске кімдер мүше болады деген сауал бәрімізді толғандырады. Меніңше, әртүрлі әлеуметтік топтар, саяси партиялар мен барлық буынның өкілдері түгелдей қамтылғаны дұрыс. Кеңес мүшелері қатарынан халықты соңынан ерте алатын, сонымен бірге, билікке де сөзі өтімді беделді адамдарды көргіміз келеді.

Қазіргі күні билік пен қоғам арасындағы өзара сенім мәселесі көкейкесті болып отыр. Меніңше, өзара сенімнің тірегі — заң, оның бәрімізге ортақтығын мойындау. Заң алдында билік өкілдері де, қарапайым азаматтар да бірдей. Заң билікке үлкен жауапкершілік жүктейді, сондай-ақ, қоғам өкілдерінің талап-тілектері де заң шегінде болуы керек. Кейбір топтардың мұң-мұқтажы бүгінгі қолданыстағы заңдарда қаралмаған болса, ондай мәселелерді Ұлттық кеңеске ұсынып, заңға енгізу керек.

Өмір болған соң алдымыздан түрлі мәселелер, біреудің мұң-мұқтажы шықпай тұрмайды. Халыққа сол мәселелерді заң аясында шешудің жолдарын түсіндіру, үйрету мақсатындағы жұмыстардың көбірек жүргізілгені дұрыс болар еді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button