Пікір

Сабақтастықпен бірге жаңашылдық та керек

12 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенімк еңесі құрылды. Президент Әкімшілігіне Кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі бойынша тапсырмалар берілді.

Кеңестің құрамы мен Кеңес туралы ереже бір ай мерзімде әзірленеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы тамыз айында өтеді деп жоспарланған.

Осыған байланысты ел болашағына бейжай қарай алмайтын ақтөбеліктер былай деп пікір білдірді:

Амангелді Айталы, белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор:

— Тәуелсіздік алған тұста елдің алдында ең алдымен экономика, яғни күнкөріс мәселесі тұрды. Халыққа жалақы төлеу, зейнетақы төлеу, білім және денсаулық сақтау салаларын қайткенде аяғынан нық тұрғызу, міне, басты міндеттер осы еді. Бұл саясат тұрақтылықтың кепілі болды, сол арқылы өзін ақтады. Ол кезде демократияны дамыту туралы ойлауға мүмкіндік болмады.

Екінші жағынан, қазір Кеңес дәуірін, тоқырау мен қайта құруды көрмеген жастар өсіп-жетілді. Олар бүгінгі өмірді, өздерінің әкелері мен аталары секілді, кеңестік дәуірмен салыстырмайды.Олардың көпшілігі — шетелді көрген, озық елдерде білім алған, озық ойлы жастар. Олар жаңа көзқарастармен, жаңаша өмір сүргілері келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде әлеуметтік проблемалардың бар екенін айтып отыр.

Үшіншіден, қазір қоғамда байлар мен кедейлердің тұрмыс деңгейі арасындағы алшақтық артып барады. Бұл да жұртшылықты алаңдатып отырған құбылыс.

Міне, Мемлекет басшысының қоғамдық сенім жөніндегі Ұлттық кеңесті құру туралы шешім қабылдауының астарында осындай себептер бар деп ойлаймын.

Саясаттағы сабақтастыққа қоса жаңашылдық та керек, онсыз сабақтастық тоқырауға ұласуы мүмкін. Ал сабақтастықты қамтамасыз етпей, тек жаңашылдыққа ұмтылу ойсыз, асығыс қадамдарға ұшыратады. Бұл — тарихтан, әлемдік тәжірибеден белгілі жайттар. Біздің Президентіміз осыны ескеріп, екі жақты да қамтуды ойлап отыр, Ұлттық кеңестің құрылуы — сол жолдағы қадамдардың бірі.

Менің ойымша, Кеңес қызметінде өмірдің барлық саласы — саясат, әлеуметтік мәселелер, мәдениет пен руханият — түгел қамтылуы керек. Бірақ, соның ішінде, алдымен әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлген жөн. Қазақта «Аш адам — ұрысқақ» деген сөз бар. Сонымен қатар, сөз бостандығын қамтамасыз ететін заңдарға өзгерістер енгізу керек. Сөз бостандығы заң шеңберінде болуы тиіс. Бізге жағдайды ушықтыру, төңкерістер керек емес. Сонымен бірге, «Митинг пен шерулер өткізу туралы», «Сайлау туралы» Заңдар да жетілдірілгені дұрыс. Жалпы, қоғам күтіп отырған өзгерістерге революциялық емес, эволюциялық жолмен жетуді ойластыру қажет.

Маған қазір еліміз жаһандық өзгерістер алдында тұрғандай көрінеді. Біздің халқымыздың демократиялық өзгерістерге ақыл мен сабырға сүйене отырып жетуді көздегенін қалаймын. Біздің қырғыз бен украинның жолынан басқа, өз жолымыз болуы керек. Сол жолды табу мақсатында диалог, пікір алмасу қажет.

Жаңа өзгерістерге жетудің ең тиімді жолы — биліктің халықтың үніне, оның талап-тілектеріне зейін қоюы. Сондай-ақ, халықтың арасынан шыққан беделді адамдардың пікірлері ескерілсе дейміз. Халық та құр айғайға ермеуі тиіс. Біз әлемде жалғыз, тек өзіміз ғана емеспіз, әртүрлі мүддесі бар елдердің ортасында өмір сүріп жатырмыз, сондықтан ең алдымен бар күшімізді тәуелсіздікті сақтау жолына жұмсауымыз керек. Ең маңыздысы — осы.

Билік те, халық та өзгеруі керек. Өзгеретін уақыт келді. Осы бір өтпелі шақта Президентке аса зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Өзгерістер бағытындағы алғашқы қадам жасалды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button