Басты жаңалықтар

Саздының суы сирақтан келмей тұр

Экология

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақтөбе, Қарғалы, Сазды жасанды  су қоймалары биыл суға  жарымады. Әсіресе, жаз ортасы болмай  Саздының түбі көрінуге жақын.

*1967 жылы салынған Сазды су қоймасыныңсыйымдылығы — 6 миллион текшеметр. Бүгінде  онда 2 миллион 800 мың текшеметр су бар.

* Бүгінде Қарғалы су қоймасында (1975 жылы салынған)  87миллион текшеметр су бар. Сыйымдылығы — 500-600 миллион текшеметр.

* Сондай-ақ Ақтөбе су қоймасында (1988 жылы салынған) 45 миллион текшеметр су бар.

Облыстың су ресурстарына жауапты «Қазсу шаруашылығы» РМК Ақтөбе филиалының атқарушы  директоры Әділжан Ализақ биыл қыстағы қардың және көктемдегі жауын-шашынның  аздығынанарнасы толмаған Сазды су қоймасымен Сазды өзеніне  жаз бойы Ақтөбе  су  қоймасынан  3 миллион текшеметр судың біртіндеп жіберілетінін хабарлады.

2018 жылдың мамырында Тұңғыш Президент атындағы саябақты қоса алғанда,1000 гектар жасыл желекті суаруғаАқтөбе су қоймасынан Сазды өзеніне дейін 10 шақырым құбыр тартылабастады. Бас мердігер «Ремстрой» ЖШС 2019 жылдың қазанына дейін құбыр жүргізіп, кіші  Сазды өзенінің «Анвар» гипермаркетінен Елек өзеніне дейінгі  аңғарын бетондауды міндетіне алды.Жоба құны — 1 миллиард 360 миллион теңге. Бүгінде құжат бойынша осы қаржының  650 миллион теңгесі игерілді. Жыл соңына дейін 700 миллион теңге игеріліп, су таратқыш құрылғы  биылғы жылдың 1 қазанында  іске қосылатын болды.Сазды өзенінің қалаға кіреберіс тұсын  кеңейтіп, қапталын бетондап жатқан субмердігер — «Гидро-құрылыс» ЖШС.

Өзен жағасы — көк шаң, түбі — қара саз

Қаланың қақ ортасын бөліп жатқан кіші Сазды өзені бастауын  оңтүстік-батыс беттегі10  шақырым жердегі  Сазды  жасанды су  қоймасынан алады. 52 жыл бұрын адам қолымен  су қоймасы мен өзен тұрғызылған кезден бері төңірегінде  орман шаруашылығы мекемесі, бірнеше бау-бақша ұжымы  пайда болды. Кіші Саздының бойын қуалай өсіп  жатқан қалың тоғайы  да  қалаға жақындап қалды. Алайда улы газ, түтін мен шаңнан шаршаған  қаланың тынысын кеңейтіп тұрған өзеннің  қалаға кіреберіс арнасы  бүгінде  ойран-топыры шыққанын көрдік. Өзен жағалауы кеңейтіле бастағалы жағадағы бұлақ көздері бітеліп, қамыс-құрағы қурап, суы тартылып қалды. Биылғы көктемде экологтар  өзен жағасын кеңейтудің орнына түбін тереңдетіп,лай-қоқымнан аршып, бұлақ көзін тазарту керектігін айтып дабыл қақты. Сазды өзенінің бойын жағалап көргенімізде, жұмыс істеп жатқан жан баласын таппадық. Есесіне кузовына толтыра құм тиеген камАЗ  майда шаңды  бұрқырата көз алдымызда әрлі-берлі жүрді де қойды.

Сазды қоймасында ернеуіне дейін толып тұратын су биыл жоқ. Соған қарамастан еріген қар суынан жиналған лас әрі лай  суға шомылып жатқандар баршылық. Әсіресе, саяжай балалары. Су қоймасының бетондалған жағасына  жиналған қызыл тастарда жылдар бойы  су салған іздер қалған. Су қоймасының жан-жағындағы үш саяжай ұжымына үш жерден темір құбыр тартылған. Жылда су астынан көрінбейтін құбырлар биыл ашық қалыпты. Осы жердегі 3 құбырмен  «Облагропром УМР», «Спартак», «Құрылысшы»  бау-бақша ұжымдары су алады.Соңғы екеуіне су жетпей жатыр екен.  Саяжай тұрғындары жеміс ағаштары мен егіп тастаған өскіндері қурап кетеді деп уайымдап, көктен жаңбыр жаууын тілейді.

Су қоймасының екі басын екі  жеңіл автокөлік қатар өте алмайтын тар  тасжол  жалғастырған.Оның екі басына көктемде кезек-кезек жүгіретін су реттеуші Қуаныш  Амановбиыл алаңсыз. Жылда көктемде тасыған су қойма арнасынан  бетондалған алаңшаға айналып ағып келіп,одан 10  ойығы  бар  бөгеттенСазды өзеніне ағып кетсе, биыл осы жер кеуіп тұр.

— Су қоймасы былтыр да, алдыңғы жылы да  толды. Жылда 10 ойықтан ағып кететін  су  биыл болмады. Соған қарамастан Саздының жағасындағы 3 бау-бақша ұжымы судан таршылық көріп жатқан жоқ. Оның үстіне, қалаға су жіберетін бұранданы ашқан жоқпыз, — дейді қойманыңсу реттеушісіҚуаныш Аманов. Ақтөбе су қоймасынан тартылып жатқан 10 шақырымдық құбырдың  Сазды су қоймасына биыл жететін түрі жоқ.

Төраға қандай болса, ұжымы  да сондай

10 жылдан бері «Облагропром УМР» саяжай ұжымының 80 үйін  күзететін  Манас Жеңсікбаев судан  ешқашан таршылық көрмедік дейді. Өйткені, су қоймасы түбіндегі саяжайларға тартылған құбыр да, мотор да, бөшкелер де орнында. Жасыл желегі мол, түп-түзу орналасқан 80 үйдің  ең шетінде вагон цистернасы тәрізді бөшкеге 80 үйдің суы толтырылған. Бұл жерден алысырақ «Спартак» пен «Құрылысшы» саяжай ұжымдарына көктемде су жетпей айқай-шу болған. Мәселе әлі түпкілікті шешілмеген.

— Мәселе саяжай моторына және күзетшісіне байланысты, — деп мақтанды Манас Жеңсікбаев. — Біздің ұжымдағы 80 үйдің 75-і бақша салады. 8-9 саяжайды иелері тастап кеткен. Тастап кеткенде, иелері бар, бірақ екпейді.  Көктемде саяжайларын жинауға келіп, келесі көктемге дейін жоқ болады. Жылда  осылай.

Бұл жерде ең арзан 4 сотық саяжай бағасы — 1 миллион теңге. Су және  электр жарығы өткізілген. Қала тұрғындары ерте көктемде келіп, қазанның соңына дейін осында тұрып, көкөністерін қысқа әзірлеп, картоптарын қазып алып қалаға  қайтады.

Қаладан мал базары арқылы Үшқұдық (Богословка) бағытына кететінтасжолдың арғы бетіндегі  «Құрылысшы» саяжай ұжымына су жетпеу себебі – құбыр моторының қуатының аздығынан, — дейдітәжірибелі күзетші Манас Жеңсікбаев. Бұл ретте саяжай ұжымы төрағасының  да тікелей кінәсі бар. Жыл сайын төраға жиі ауысады, жыл сайын көктемде  айқай-шу басталады. Себебі,  былтырғы  төраға  өзеннің темір құбырына жалғасқан пластик құбырларды өзімен бірге алып кетіп, келесі жылы жаңа төраға оны таппай у-шу болады. Ақырында жылда пластик құбырға ақша жинаудан шаршаған жұрт айқай шығарады.

35 жылдан бері саяжаймен серік болып келе жатқан  зейнеткер Гүлжан Құрманбекова:

— Бұл жердің ауасы жақсы. Адамдар жаздай тұрады. Су қоймасы салынғаннан  бастап, адамдар  бау-бақша сала бастады. Содан бері де 30 жылдан асты. Бүкіл жеміс ағаштарын егеміз. Менің  алма, алмұрт, шие ағаштарым бар. Ерінбеген адамға бәрін өсіруге болады. Су мол.

— Ұрлық бола ма?

— Қараусыз қалдырсаң, ұрлап кетеді ғой.

Ал, тасжолдың арғы бетіндегі «Құрылысшы» саяжай ұжымының бау-бақшасына су жетпей  жатыр.  Саяжайдың моторшысы Бақытжан Сұлтанов пластик құбырлар сатып алып, екі-үш күнде Сазды өзенінен құбыр тартамыз деп отыр. Себебі, қоймадағы су аз, бұларға жетпейді.

— Алдағы уақытта қоймадағы бөгеттің тұсындағы бұранданы ашып, қалаға су ағызғанда, Саздыға толтырылған  жерден пластик құбырлар жалғап, саяжайға су аламыз,–дейді Бақытжан Сұлтанов. Жылда құбырсыз қалатын «Құрылысшы»  саяжайындағы бақша еккен жұрт су қойматүбіндегі  бұранданың  ашылып, Кіші Саздының толғанын  тілеп отыр.

Биылғы ылғалдың аздығы жасанды су қоймасы бөген төңірегіндегі жұртқа осылай әсер еткен.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button