Басты жаңалықтарДенсаулық

«Жайна» — мейірімді орталық

Дүниеге сау баланың келуі — ата-ана үшін бақыт. Бірақ өмір біз ойлағандай бола бермейді. Мүгедек болып туатын сәбилер бар. Ал оларды емдеп, бағып-қағу үшін ата-ананың бармайтын жері жоқ. Ақтөбедегі  «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балалардың стационарлық сауықтыру орталығы  осындай балдырғандарды қабылдайды. Қазіргі күні бұл жерде 100 бала жатыр. Оның ішінде аса күрделі жүйке ауруына шалдыққан және қол-аяғы жетілмей қалған, көзі мен құлағы жоқ, денесінен басы үлкен, яғни өлім мен өмірдің арасында жатқан балалар бар. Оларға осы жерде күтім көрсетіледі.

 Тазалық пен күтім

«Жайна» оңалту орталығы 2017 жылы мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде ашылды. Негізгі мақсаты —  мүгедек, жүйке ауруларына шалдыққан балаларды емдеп, оқытып, тәрбиелеу.

Балалардың жай-күйін білу үшін орталыққа  бардық. Бізді қарсы алған орталық директоры Нұрила Жарболова ғимаратты аралатып, көрсетті. Науқасына байланысты балалар  топқа бөлінген. Жуынатын, жатын, ас ішетін бөлмелер бөлек орналасқан. Төсек-орын мұнтаздай тап-таза. Науқас балалардың жамбасы тесіліп қалмас үшін арнайы көрпешелер төселген. Өздігінен жүріп, тұра алмайтын балаларды тәрбиешілер көтеріп, жатқызып, енді бірі ас беріп жатыр. Бір кабинетте психолог, педагог мамандар  сабақ беруде. Монтессори, массаж,  емдік жаттығу жасайтын бөлмелер бар. Барлық бөлме арнайы жабдықтармен жарақталған.

— Орталықта 100 тәрбиеші бар. Олар үш ауысыммен жұмыс жасайды. Кейбір тәрбиешілер шыдамай шығып кетеді. Себебі бұл жерде салғырттыққа жол жоқ,  талап қатаң және жұмыс ауыр. Мүгедек баланы жуындырып, киімін ауыстырып, алты мезгіл тамақ беріп, күтім жасау оңай емес. Оларды бір сәт көзден таса қылуға болмайды.  Ақыл-есі кем болғандықтан бірін-бірі ұрып, бір нәрсе тығып алуы мүмкін. Түнде тұрып жүреді, ауырып қалады, сондай кезде қасында болу керек. Әр баланың жағдайын біліп отыру үшін бөлмелерге бейнекамера орнатылды. Өзім қарап отырамын.

Күн сайын тазалық жұмыстары жүреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жердегі балалар тек күтімнің, тазалықтың арқасында өмір сүріп жатыр. Тамақтың сапасына ерекше мән беріледі. Әр баланың диагнозына байланысты ас дайындалады. Мәселен, аутизм дертіне шалдыққан балалар орталыққа келгенде нан мен шұжықтан басқа ештеңе жемейді. Ал үнемі нан жей беру денсаулыққа зиян. Сондықтан тәрбиешілер оларды басқа тамаққа біртіндеп үйретеді. Ет, сүт, дәруменді шырын, түрлі дәнді дақылдың езбесі,  яғни пайдалы тағамның барлығын береміз. Аптасына бір рет ет асылады. Күн сайын сорпа ішеді, алты мезгіл ас беріледі, — деген Нұрила Жарболова асхана мен азық-түлік сақтайтын қоймаға дейін көрсетті. Барлық азық-түлік арнайы сертификат бойынша сатып алынады. Тек қана еттің өзіне ай сайын қыруар қаржы жұмсалады екен.

Сондай-ақ орталықта жасанды тыныс алдыратын аппарат бар. Қысты күні науқас балалар сыртқа шықпайды. Себебі сәл салқын тисе, бірден сырқаттанып, жағдайы нашарлап кетеді. Сондықтан оларды Ресейден әкелінген аппарат арқылы таза оттегімен тыныс алдырады. Аппараттан бес минут ауа жұтса, жарты сағат далада жүргенмен тең. Сонымен бірге оттегі толтырылған коктейль беріледі.

Орталықта оңалту шаралары уақытында жасалады. Педагогтардың оқытуы, күтушілердің қызметі, ем-шара, яғни педагогикалық, медициналық қызметтердің барлығы көрсетіледі. Бұл жерге баласын әкелген ата-ана ешқандай алаңдамайды.

Мүгедек бала, жалғызбасты ана

Орталық ашылғалы 139 бала емделсе, соның 96-сы тұрақты тұрып жатыр. Оның ішінде балалар үйінен келгендер бар.

Өзім де науқас бала бағып отырғаннан кейін, мүгедек баласы бар ананың жанын жақсы түсінемін. Себебі отбасындағы бір емес, бірнеше баланы, оның ішінде мүгедек баланы бағу үшін күш, жұбайыңның қолдауы керек. Ал орталыққа келген аналардың көпшілігі ауру баланы бағып,  психологиялық тұрғыдан соққы алған. Басым бөлігі  мүгедек баланың кесірінен ажырасып кеткен. Күйеулері тастап кеткен. Жарымжан баласынан  шыға алмағандықтан көпшілігі жұмыс жасамаған.  Ал бұндай балаларды оңалту орталығының барлығы бірдей   алмайды. Себебі емделуі қиын, кез келген  сәтте құрысып (судорога) қалуы мүмкін. Барлығы дерлік эпилепсиямен ауырады.  Орталық ашылғаннан кейін сондай аналарға үлкен көмек болды. Қазір олар аптасына бір рет келіп кетеді. Былайғы күндерінде өз шаруасын жасап, еңбек етіп, табыс табады, — дейді орталық басшысы.

Нұрила Жарболова мүмкіндігі келгенше науқас балалардың жанына шипа сыйлағысы келеді. Тіпті олардың аналарын жұмысқа алып, көмек қолын созуда. Олардың ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана алуға ниеттеніп жүргендері бар.

Ақтөбелік  Жұман Ұзаққызы орталықта балалардың төсек-орнын жуады.

— Бес балам бар. Бесіншісі аутизм дертімен өмірге келді. Осы ұлымнан кейін күйеуім тастап кетті. Қатты қиналдым. Жұмыс жасайын десем ауру баламнан шыға алмаймын. Содан осы орталыққа баламды тапсырдым. Нұрила Қыдырбайқызы жағдайымды білген соң жұмысқа алатынын айтты. Қуанып кеттім. Қазір балалардың көрпе-төсегін жуамын. Айына 80  мың теңге жалақы аламын. Бұл жерде балаларға қандай жағдай жасалып жатқанын өз көзіммен көріп отырмын. Ешқандай көзбояушылық жоқ. Барлығына ризамын. Тамағы, ем-домы уақытында беріледі. Бұрын ұлым үйде тамақ ішпейтін. Осы жерге келіп  астың түр-түрін іше бастады. Алдағы айда ұлымды сүндетке отырғызамын, — дейді Жұман алғысын жаудырып.

Нұрила Жарболованың айтуынша, балалардың ұлтына байланысты барлық ұлттық рәсім жасалады. Қазақ балалардың тұсауы кесіліп, сүндеттеледі. Сондай-ақ әр баланың туған күні ескерусіз қалмайды. Түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Алматы облысынан көшіп келген жалғызбасты ана Айша Халелова да осы жерде медбике болып жұмыс жасайды.

Жағдайымыз әбден нашарлап кеткен соң Ақтөбеге қоныс аудардық. Бұл жердің халқы бауырмал, әділ, көмек қолын созуға дайын тұрады. Ауру баламды алып орталыққа келгенде басшылық мені өте жақсы қабылдады. Баламды орналастырып, өзімді жұмысқа алды. Балам Даун синдромымен өмірге келді. Ем-домын уақытында алмаса, жағдайы нашарлап кетеді. Ал қазір бұл жерде барлық жағдайы жасалған. Тәрбиешілері де жақсы. Ешқандай алаңдамай еңбек етемін. Өзге ата-аналар секілді жұма күні ғана үйге алып кетемін, — дейді Айша.

Орталықта қаладан бөлек Шалқар, Әйтеке би, Байғанин аудандарынан келген балалар бар. Олардың барлығы жыл сайын портал арқылы ауруханаға жатқызылады. Қазіргі күні үш бала ем алып жатыр. Сонымен бірге баласын әкелу үшін төрт ата-ана құжат дайындау үстінде.

— Мүгедек балаларды оңалту шарасымен айналысқаныма біраз жыл болды. Осы уақыт ішінде түйгенім — денсаулықтан артық байлық жоқ. Денің сау болса, ауырмасаң, қалғанын  қолдан жасап алуға болады. Орталықтағы әрбір баланың тағдырына алаңдаймын. Олар бұл жерде 18 жасқа дейін тұрады. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Жалпы мүгедек балаларға осындай  қамқорлық танытып отырған Елбасы саясатына ризамын. Мемлекеттің көмегінің  арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылды, қанша ата-анада үміт оты оянды. Егер бұндай жағдай жасалмаса, науқас баланы бағып отырған аналардың өмірі қиын болар еді,  — дейді Нұрила Жарболова.

Орталықтағы әрбір баланың тамағы мен ем-домы, күтіміне мемлекеттен қаржы бөлінеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button