Спорт

Ерасылдың жеңісі                                                                                                                                 

Ерасыл Амангелді — Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы.

Жақында ол Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында самбо күресінен өткен 2003-2004 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңімпаз атанды.

Жас спортшы төрт жасынан бастап облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресімен шұғылданады. Сондай-ақ былтырдан бері спорттың самбо және дзюдо түрлерімен айналысып, аталған мектеп-интернат-колледжінде білім алуда.

Ерасылды ең алғаш спортқа жетелеген бапкері — Мейрамбек Әбішов пен Самат Қонысбаевтың еңбегіне рекше айта кеткен жөн.

— Биыл 13-16 маусымкүндері Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында самбо күресінен республикалық чемпионат өтті. Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық спортшы келді.  Әрине, палуандардың деңгейі жоғары болды. Біздің шәкірттеріміз бұл чемпионатқа мықтап дайындалды. Олардың ішінде Ерасыл Амангелді 78 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Оның болашағынан зор үміт күтемін. Алда талай белестерді бағындыру үшін үздіксіз жаттығу, ізденіс керек, — дейді спортшының бапкері Мейрамбек Әбішов.

Былтыр Ерасыл дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 3-орынға қол жеткізді. Сондай-ақ қазақ күресінен өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, «Жасбарыс» атанды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button