БілімБасты жаңалықтар

508 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Өткен сенбі күні Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта «Жас түлек — 2019» мектеп бітірушілердің кеші салтанатты түрде өтті.  Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл 6 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Оның 508-і «Алтын белгі» иегері атанса, 5189 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр.

Жиында алдымен сөз алған облыс басшысы Оңдасын Оразалин түлектерді мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

— Халқымызда «Мектеп — кеме, білім — теңіз» деген жақсы сөз бар. Білім айдынында ескегі мықты жан ғана өз дегеніне жетпек.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан білім алу үшін барлық жағдай жасалуда. Сіздердің араларыңызда өз жетістіктерімен мақтан тұтуға лайықты жастарымыз бар. Себебі Ақтөбе жері — талай дарындылар, елдің қамын ойлаған азаматтар мен батырлар шыққан киелі топырақ. Мен өңір басшысы ретінде облысымыз бен республикамыздың атын шығарып жүрген оқушыларға қолдау көрсетуге дайынмын.

Жас түлектердің арманы — мазмұнды да мағыналы болашаққа ұмтылу. Оған тек талабы жоғары, білімі терең жан ғана қол жеткізері сөзсіз. Ол үшін білім жолында тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс қажет. Бұл — қазіргі заманның басты әрі бірегей талабы. Тәуелсіздігіміздің тірегі, егемен еліміздің ертеңі — сіздерсіздер. Болашақта мәңгілік елдің бір кірпіші болып қалануларыңызға шын жүректен тілектеспін, — деді О.Оразалин өз сөзінде.

Бұдан соң облыс басшысы халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жеңімпаз атанған үздік 16 «Алтын белгі» иегеріне Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 түлектің екеуіне 500 мың теңгеден, үш түлекке 300 мың теңгеден қаржылай сертификат берді. Ақтөбе облысының «100 жаңа есім» жобасына енген  ардагерлер, танымал тұлғалар «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімін жалғастырды.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер «Мектеп вальсін» билеп, қаламыздың өнерлі жастары театрландырылған қойылым ұсынды.

Марапатқа ие болған түлектердің бірі, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі — Аяулым Қыдырбаева.  Жас түлек М.Оспанов атындағы Бастыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түскісі келеді. Биология және химия пәндерін жақсы көретін ол «Зерде» республикалық байқауының облыстық кезеңінде биология секциясы бойынша жүлдегер атанған. Түрлі өнер байқауларында топ жарып, ерікті жастардың қоғамдық шараларына белене араласып жүр.

— Ең алдымен сынып жетекшім Күнсұлу Шүгіровадан бастап, мектептегі барлық ұстаздарыма алғысымды білдіремін. 

Отбасымда әкемнің жолын қуып, жалпы медицина саласында бі­лім алғым келеді. Басты мақсатым — ата-анамның үмітін ақтап, елімнің дамуына өз үлесімді қосу. Қатарластарыма ақ жол тілеймін, — дейді ол.

Салтанатты шара соңында белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожа жас түлектерді мерекемен құттықтап, әннен шашу шашты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button