Жаңалықтар

Көпбалалы аналарға алқа тапсырылды

Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында бір топ көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. Алқа тағынған аналардың екеуі 7 баладан дүниеге әкелсе, қалғандары 6 баладан өсіріп отыр.

Салтанатты жиында көпбалалы аналарды құттықтаған қала әкімі Ілияс Испанов, әйел-ананың бала тәрбиесіндегі және қоғамдағы рөлінің жоғары екендігін айтып,алқа тағынған аналарға зор денсаулық, отбасылық бақыт тіледі.

— «Отбасы — шағын мемлекет» демекші, ынтымағы жарасып, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт-берекесі. Ана — сол шағын мемлекеттің жылуын сақтаушысы, қоғамның ертеңі болар балалардың тәрбие берушісі. Бала үшін де, қоғам үшін де ананың орны қашанда бөлек. Болашақ еліміздің мақтан тұтар азаматтары мен азаматшаларын  дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған сіздерге зор денсаулық, берекелі өмір тілеймін, — деген қала әкімі 22 анаға наградаларымен қатар естелік сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде құрметке бөленген аналар алғыстарын білдіріп, рақмет айтты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс орталығы Ақтөбе қаласында барлығы 7223 көпбалалы ана бар. Олардың 1260-сы «Алтын алқа» иелері болса, 1667-сі — «Күміс алқалы» аналар. Бұдан өзге Ақтөбеде 265«Батыр ана», 300«Ана даңқы» орденінің иелері, 3736 төрт және одан да көпбалалы аналар тұрады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button