Әлеумет

Төртінші пәтер берілді

 Акция

Кеше, жаңа аптаның басында, «Ел үлесі — пәтерге» қайырымдылық акциясы жалғасын тауып, Қандыағаш қаласында мұқтаж отбасыға өңірдегі төртінші баспана берілді.

ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі — пәтерге» жобасы аясында өріс алған қайырымдылық шарасының арқасында мұғалжарлық жалғызбасты ананың отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Бес баласын бір өзі тәрбиелеп-өсіріп отырған Ажаргүл Кемелбаева есімді анаға мейірімді де жомарт жандардың жәрдемімен 3 бөлмелі үй бұйырды.

Мұғалжардағы қайырымдылық шарасында ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби қажы Оспан жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтап, сауапты іске атсалысқан барша қауымға ризалығын білдірді. Аталмыш іс-шараға Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Орыналыұлы, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Қалдыбайұлы, «Зекет» қоры мен мешіт қызметкерлері, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар қатысты. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашып, жергілікті мешіттің бас имамы Ерболат Жүсіпов балаларға тегін балмұздақ үлестірді.

Еске сала кетейік, «Ел үлесі — пәтерге» — әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға қаражат жинап, баспана сыйлауды көздейтін жоба. Бүгінге дейін осы қайырымдылық акциясы аясында елімізде 92 отбасы баспаналы болды.

Мұқтаж жанұяларға баспана сыйлау сауабы әрі қарай сәтімен жалғасуы үшін мешіттерде арнайы жәшіктер қойылған. Сонымен қатар қасиетті Жұмада және мереке күндері жәрмеңкелер ұйымдастырылып отырады. Біз барша жұртшылықты қайырымдылық іс-шарасына белсенді түрде қатысуға шақырамыз.

 Облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button