Жастар

Жас ІТ маман балаларға арналған «жанды кітап» шығарды

Жаһандану заманында жастар арасында электронды кітаптарды оқу кең үрдіске айналып келеді. Мобильдік бағдарламалар жасаумен айналысатын ақтөбелік жас ІТ маман Айболат Құлатай балаларға арналған «Бірлігіміз жарасқан» атты кітап шығарды. Бұл оқулықтың бір ерекшелігі — кітапқа ұялы телефонды (смартфонды) жақындатсаңыз, ондағы барлық көріністер мен мәтіндер видеоға айналады. Яғни «жанды кітап» көріністі қабылдайды.

Кітапта 5-7 жастағы балаларға арналған танымдық әңгімелер, ертегілер топтастырылған. Мұның барлығы ұялы телефон арқылы 3D объектіге айналып, мультфильм, сюжеттер беріледі.

— Жалпы, оқулықты шығарудағы негізгі мақсат — балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бұл жоба — ІТ саласындағы трендке айналып жатқан жаңа бағыттардың бірі. Смартфоныңыздағы «Аpp store» немесе «Рlay market» бағдарламалары арқылы кітаптың қосымшасын жүктеп аласыз. Онда еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, түрлі ұлт өкілдері арасындағы және ата мен немеренің оқиғасы туралы танымдық әңгімелер жинақталған. Сондай-ақ ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында әйгілі Әміре атамыздың орындауындағы «Балқадишаны» әуен ретінде қостық. Кітаптың әр беті смартфонды қабылдайды.  

Оқулық енді сауда нүктелеріне сатылымға шығады. Әзірге көпшілік тікелей өзімізге хабарласып, сатып алып жатыр. Бағасы 3000 теңге көлемінде. Оқулықты кітап түрінде оқысаңыз да өз еркіңіз.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3 айдың ішінде 5-7 адам жұмыс істеді, — дейді Айболат.

23 жастағы жас маман Қандыағаш қаласында туып-өскен. Алматыдағы Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында 30-дан аса мобильді қосымшаның, ондаған өзге де жобалардың жарыққа шығуына негіз болды.

— 2014 жылы тамыз айында Алматы қаласында «Эвклид» білім беру орталығын ашу кәсіпкерлік жолындағы алғашқы бастамам болды. Мектеп оқушыларын Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға әзірледім, Хромтау, Қандыағаш елді мекендерінде оқушыларға арнайы тегін шеберлік сыныптарын, дайындық сабақтарын жүргіздім. 

Былтыр Ақтөбе қаласында өткен «Жас жерлестер» форумына қатыстым. Сол сәтте көптеген дарынды қыз-жігіттер өз ұсыныстарын ортаға салды. 

Техникалық мамандықтар — әлемдік нарықта қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. Еліміздегі мобильді қосымшалардың көпшілігі — шетелдік жобалар. Алайда интернет мүмкіндігінің арқасында барлық технологиялар ортақ. Шетелдің жастарынан IT саласында кейін тұрғанымыз жоқ. Қазақстаннан да осындай жобалар ашуға мүмкіндік бар, — дейді А.Құлатай.

Айболат жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып «Алдаспан дұғалар» мобильді қосымшасын жүзеге асырды. Онда көптеген ғибратты әңгімелер, дұғалар мен сүрелер топтастырылған.

Сондай-ақ ол еліміздің туризм саласына инновация енгізу мақсатына «IRBI» мобильді қосымшасының (android, iOS) негізін салды. Бұл инновациялық жоба —Алматы, Нұр-Сұлтан қонақтарының нақты тұрған жерін GPS технологиясы арқылы анықтап, қала бойынша әр алуан жерлерге, мәдени, тарихи орталықтарға апаратын, және сол нысандар туралы мағлұматты аудио форматта тыңдауға мүмкіндік беретін туристер мен қала қонақтарына арналған ақылды аудиогид.

Айболат серіктестерімен бірге көптеген халықаралық байқауларда бағын сынап, шетелдік танымал инвесторларға жобаларын таныстырып жүр. Әлемнің 17 мемлекетінен 350 жоба ұсынылған «Technation — 2015» атты халықаралық жарыста финалдық кезеңге жетті. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті мен CRDF Global ұйымдастыруымен өткен «Step KZ-2016» атты жарыста жеңімпаз атанды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button