Спорт

А.Седнев: жанкүйерлеріміздің шыдамдылығына қайран қаламын…

Премьер-Лига

Бұл турда бір доп артықшылығымен жеңіске жеткен «Қайраттың» қақпасына екі пенальтидің белгіленбей қалғаны ерекше сөз болып жатыр. Ал көшбасшылардың қатарына іліккен «Қайсар» 1:4 есебімен ойсырай жеңілді. «Жетісуды» ұта алмаған «Ордабасы» төртінші орынға сырғыды.

«Ақтөбе» тағы да ұтылды. Өз алаңымызда. Былай қарасаңыз, ұтылуға себеп те жоқ секілді. Жерлестеріміз екінші орында келе жатқан «Тобылдың» есін шығарды деуге де болады. Жігіттеріміз допты нық бақылауда ұстады. Қарсыластар қақпасына шүйілумен болды. Бірінші таймда басқаларды айтпағанда, бір ғана Абат Айымбетовтің өзі бірнеше гол соғарлықтай мүмкіндікті қолдан сусытып алды. Сол кемшілік екінші таймда сан соқтырды. 75-минутта Бауыржан Тұрысбек соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешті де кетті. Әйтпесе «Ақтөбенің» шабуылдары сауатты ұйымдастырылғандығына да, жерлестеріміздің еш аянып қалмағанына да дау жоқ. Әттең, қай кездегідей бұл жолы да сондай жойқын шабуылдарды голмен аяқтаудың сәті түспей қойды.

Ал ақтөбелік жанкүйерлер гол соғылатын сәттерді шыдамдылықпен күтуден әзірге жалығар емес. Бұл турдағы алты ойынға еліміз бойынша 24 мың адам келсе, осының тура 7 мыңы ақтөбелік жанкүйерлер екен. Турнир кестесінде ілгері орындарда келе жатқан «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Қайсар» тәрізді командалар қатысқан ойындарға бұл күні 2500-3000 жанкүйерден ғана жиналғанын ескерсек, бұл командалардың футболшылары «Ақтөбеге» қызығушылықпен қарайтын-ақ шығар. Бұны бір десек, екіншіден, биылғы чемпионаттың осы кезге дейінгі жанкүйерлер ең көп жиналған бес кездесуінің төртеуі «Ақтөбе» командасының қатысумен өткен ойындар екен. Демек, Қазақстанда «Ақтөбенің» жанкүйерлеріне тең келер бәсекелестер болмағаны ғой. «Ақтөбенің» бас бапкері Александр Седнев осы ойыннан соңғы сұхбатында: «Мен біздің жанкүйерлеріміздің шыдамдылығына, олардың клубқа, футболға адалдығына қайран қаламын. Олар футболшыларымызға кезекті рет, өз байқауымша, әр ойын сайын бұрынғыдан да артық ықыласпен көмектесіп отырады», — деді.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 0:1

Гол авторы: Бауыржан Тұрысбек, 75-минут (0:1).

40-минутта М.Радин («Ақтөбе») ескерту қағазын алды.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Есен Жасанов (Ардақ Сәулет, 65-минут), Бағдат Қайыров, Рустам Темірхан, Милан Радин (Рустам Сахибов, 78-минут), Саша Марьянович, Асланбек Кәкімов, Жамбыл Көкеев (Әлішер Әжімов, 90-минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

«Тобыл»: Эмиль Балаев, Никита Бочаров (Сенин Себаи, 68-минут), Виктор Дмитренко, Фернандер Кассай, Джаба Канкава, Руслан Валиуллин, Ника Квеквескири, Артурас Жулпа, Азат Нұрғалиев, капитан (Сұлтан Әбілғазы, 90+1 минут), Михаил Гордейчук (Бауыржан Тұрысбек, 46-минут), Максим Федин.

Бас бапкер Владимир Газзаев.

15 маусым 2019 жыл. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 7000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Қайсар» (Қызылорда) — 4:1

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Қайрат» (Алматы) — 1:2

«Жетісу» (Талдықорған)-«Ордабасы» (Шымкент) — 1:1

«Шахтер» (Қарағанды)-«Атырау» (Атырау) — 1:1

«Тараз» (Тараз)-«Ертіс» (Павлодар) — 0:0

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Астана» (35 ұпай), «Тобыл» (32 ұпай), «Қайрат» (28 ұпай). Басқа командалардан «Астананың» екі ойыны, «Қайраттың» бір ойыны артық.

4-6 орындарда «Ордабасы» (27 ұпай), «Қайсар» (26 ұпай), «Жетісу» (22 ұпай) тұр.

7-9 орын иелері өзгерген жоқ: «Шахтер» (18 ұпай), «Оқжетпес» (15 ұпай), «Ертіс» (13 ұпай). «Ертіс» басқалардан бір ойынды артық өткізді.

10-11 орында да бұрынғысынша «Тараз» бен «Атырау» келе жатыр. Бұлар 11 ұпайдан жинады. «Атыраудың» басқа командалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-5) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

15-тур ойындары 23 маусым, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырау» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Ордабасы» — «Астана»

«Тобыл» — «Оқжетпес»

«Қайрат» — «Жетісу»

«Қайсар» — «Тараз»

«Ертіс» — «Шахтер»

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button