Жаңалықтар

Ақтөбеде Әлия музейі ашылып, Бұлаққа жол салынады

15 маусым — Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туған күні. Бүгін Әлияның туғанына 94 жыл толып отыр. Осыған орай батырдың туған жері Қобда ауданында мерекелік шаралар өткізілді. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты. Сондай-ақ, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы, әлиятанушы Ғалымжан Байдербес, Әлияның сіңлілері Әліп, Тәжен Сарқұловалар мен нағашы інісі Сапар Молдағұлов, Қобда, Әлия, Бұлақ ауылының тұрғындары да қатысты.

Мерекенің шымылдығы батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында ашылды. Бұлақ жағасындағы томаға-тұйық жатқан шағын ғана ауылда 35 түтін ғана бар екен. Жыл сайын батыр жерлестерінің туған күні қарсаңында қонақ қарсы алатын ауыл тұрғындары әдетте Әлияның ескерткіші жанында жиналады. Бұл жолы да сөйтті: облыс әкімі бастаған қонақтар батыр ескерткшіне гүл шоқтарын қойып, рухына тәу етті. Әлияның, соғыста Отан үшін шейіт болған басқа да боздақтардың рухына арнап Құран оқылды.

— Әлия апамыздың жанқиярлық ерлігі — кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге. Өз ерлігімен осындай елді, жерді дүниежүзіне танытқан Әлия апамыздың туғанына алдағы жылы 95 жыл толады. Сол мерейлі тойды лайықты атап өту біздің міндет. Осы орайда Бұлақ ауылына тасжол төселетін болады. Тойға келетін қонақтарды лайықты қарсы алуымыз керек. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында Әлия апамызға арналған мұражай салынады.  Бүгінгі болып жатқан шаралар — алдағы мерейлі мерекенің басы, — деді О.Оразалин.

Облыс әкімі Бұлақ ауылындағы мектепке, Мәдениет үйіне, фельдшерлік бекетке де бас сұқты. Мектеп директоры Болат Көкжановтың айтуынша, тоғыз жылдық білім ордасында 11 мұғалім, 20 оқушы бар екен. Биыл 4 оқушы 9-сынып бітіріп кеткен. Алдағы жылы 25 бала оқымақ. 1990 жылы салынған мектепте 2010 жылы жөндеу жүргізілген.

Одан соң «Әлия — ерлік дастаны» атты мерекелік шаралар Әлия ауылында жалғасты. Мұнда да Әлия ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыстық «Жас ұлан-2019» әскери патриоттық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин Әлия ауылының тұрғындарына да жылы лебізін білдіріп, өмірі мен ерлігі мәңгі өшпейтін дастанға айналған батырдың есімі кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтінін айтты. Батырдың жерлестерін Әлияның алдағы 95 жылдық тойын лайықты атап өтуге шақырды.

—Әлияның өмірі мен ерлігін зерттеп жүргеніме 44 жыл болды. Әлия ерлігі арқылы туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлкен өлшемін көрсетті. 19-ға толмай қыршын кеткен Әлия тарихта қазақ халқының рухы болып қалды. Әлия туралы айтылатын ерлік дастаны ешқашан үзілмейді. Әлияның кіндік қаны тамған ауылда туған сіздер бақыттысыздар, Әлияның жерлестері деген атқа кір келтірмеңіздер, — деп әлиялықтарға лебізін білдірген «Қос шынар» қорының төрағасы Ғалымжан Байдарбес батыр туралы арнауын оқып, жиналғандарды тебірентті.

Әлияның нағашы інісі Сапар Молдағұлов, сіңлісі Әліп Сарқұловалар да сөз алды.

— Мен 1941 жылы мамыр айында Ленинградта өмірге келдім. Ол уақытта Әлия 16 жасқа толмаған бала. Мені перзентханадан өзі көтеріп алып шыққан. Осының өзінен-ақ Әлияның қайсар қыз болғанын көруге болады, — дейді Сапар Молдағұлов. Әліп Сарқұлова Әлияның есімі мен ерлігін ұлықтау жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға, әлиялықтарға алғысын білдірді.

Мерекелік шарадан соң облыс әкімі Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепке, ауылдағы тирге, Мәдениет үйіне, балабақшаға кіріп шықты.1077 оқушы білім алып жатқан мектептің жағдайы жақсы, жөндеу жүргізілген. Ал балабақшаның жайы мәз емес. Балабақша меңгерушісі Гүлсара Қосниязованың айтуынша, 50 балаға арналған бөбекжайда қазір алпыстан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Типтік үлгіде салынбаған ғимарат ескірген, кәріз құбырлары әбден тозған. Қысқасы ауылға жаңа балабақша қажет. Ауыл әкімі Жантөре Альбетовтің айтуынша, ауылда бүгінде 225 түтін бар, сырттан көшіп келушілер баршылық, жеке тұрғын үйлер салынып жатыр, яғни бала саны артып келеді.

Балабақша жайымен танысқан облыс әкімі О.Оразалин аудан басшыларына ауылда балабақша салу үшін ұсыныс беру мәселесін шешу қажеттігін айтты.

Одан соң аймақ басшысы «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында өткен «Жас ұлан-2019» әскери патриоттық байқауының қорытындысы шығарылған шараға қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен сыйлықтар табыс етті. Ауыл жастары аймақ басшысына алғыс білдіріп, әлиялықтар атынан батырдың портретін сыйға тартты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button