Рухани жаңғыру

Ұранға айналған Бақтыбай

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

 

Қай заманда да ел іргесі бекіп, өз саясатын жүргізе бастаған кезеңде  тұтастай халқы сенетін, сыртқы жауға қарсы көпті артына ерте білетін тарихи тұлғалар болады. Ол әлемдегі барша халыққа ортақ. Олардың бірі рыцарь, екіншілері самурай, үшіншілері батыр, бахадүр, төртіншілері богатырь атауымен аталғанымен, атқаратын міндеті — біреу. Ол міндет— Отан қорғау.

ХVІ ғасырда Москва мемлекетіне елшілікке келген австриялық  дипломат Сигизмунд фон Герберштейн(1486-1576жж.)  «батыр» сөзін алғаш рет орыстардан естігенін жазады. Герберштейн еңбегінде Сарайшық қаласын да атап өтіп, «түмен», «шайбан», «қазақ» татарлары, ноғайлар мен қалмақтар туралы жазады. Ол қазақтардың орналасуы, тұрмыс-тіршілігі, қару-жарағы, соғысу өнері туралы жазыпты. Бұл кезеңде Қазақ хандығы тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, көршілеріне танылып үлгерді. Қасым, Хақназар хандар тұсында оның шекарасы беки түсті. Міне, осы кезеңде олардың жанына қол бастаған қазақ батырлары топтасты.

Орыс мұрағат деректерінде қазақ батырлары туралы ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңірек айтылады. Біздіңше,бұл ел басына қауіп төніп, қазақ-жоңғар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс қарым-қатынастарының күрделене бастауымен түсіндіріледі. Сын сәтте батырлардың бір тобы — Сары, Тайқұмыр, Тұманшы батырлар — елшілікте жүрсе, екіншілері сыртқы жауларға қарсы қол бастады. Ал  асқан ерлігімен көзге түскен батырлар қазақ руларының ұранына айналады. Қазақтың ұрандарына назар аударған Орынбор шекара комиссиясының шенеунігі Л.Баллюзекқазақтар үшін әдет-ғұрыптардың бірде-бірі дәл ұран сияқты қасиетті бола алмайтынын айрықша атап өтіп, ұран бүкіл руластарды, тіпті дос-жарандарына да, басқа рудағы құда-жекжаттарына да қарсы шапшаң түрде жұмылдыра алатын күшке ие. Өйткені

қазақ өзіне етене таныс ұранды естіген бойда-ақ өзге дүниені ұмытады» — деп жазады. ХХ ғасыр басында Қ.Халид «Ұран баяны» атты еңбегінде:«Қазақ халқының  «ұран» дейтін сөзі бар. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. Бұл тайпалар көмек шақыру орнына, «Я, Аллаһ, әуелде болған пәленше бабамыз сияқты біздің бағымызды үстем ет», — деп жалбарынып өздерінің атақты батыр, ел бастаған зиялы адамдарының атын атап, айқайлап шақырады. Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады» — деп жазған болатын.Олай болса, ұран атауын иеленген батырлар —тұтас қазақтың қамқорына айналған тұлғалар. Бүгінде зерттеушілер барша қазақ халқына ортақ «Алаш ұранды қазақ», «Арқар ұранды төре», «Алла ұранды қожа» дей келе, 43 қазақ руларының ұрандарын көрсетеді.

Ұранға айналған тарихи тұлғалар арасында  шекті руы батыры Бақтыбай Төлесұлының орны ерекше. Ата шежіреде  батыр Шекті — Өріс — Бөлек — Айт —Қабақ — Төлестен, келесі деректе Шекті — Қалу(Мәку) — Бөлек — Айт — Қабақ — Төлестен тарайды деп көрсетіледі.

Бақтыбай батыр орыс архивіне қазақ-орыс қарым-қатынасының жанданған кезеңінде түседі. Алдымен батыр 1732 жылы 16 наурызда Хиуа мен Бұхараға орыс керуенін бастап шыққан  И.Гербермен кездесті. Гербер күнделігінде өз жанындағы Бұхара елшісі Едігермен бірге Үстіртте шекті Бақтыбай, кете Тәңірберді, тама Төлей, жаппас Баймұрат, Отар, Қожагелді, Мырзагелді, Бектішақ батырлардың шабуылына ұшырағанын жазады. Күнделігінде ол «Бақтыбай батыр Әбілқайыр ханға қызмет етеді» деп көрсетеді. Тарихшы Ж.Артықбаев: «Керуеншілер жарты ай бойы шөл далада қазақ қоршауынан шыға алмай қамалып жатты. Тоқтатушылар Әбілқайырға қарсы Кіші жүздің ірі ру басылары Бақтыбай би мен Батыр сұлтан еді. Олар түркіменге 2 мыңдай адаммен жорыққа бара жатып кезікті» деп қорытады. Кейін белгілі болғандай, Бақтыбай батыр Батыр сұлтаннан бөлектеніп, қалмақтарға қарсы аттанған жолда зеңбірек сүйреткен әрі қазақ рулары жерінен алым-салық төлемей жасырын кетіп бара жатқан керуеншілермен кездескен. Содан батыр оларды тоқтатып 12 күн қоршауға алған. Ол турасында А.Тевкелев 1732 жылы 28 наурызда Әбілқайыр ханға Ұлы жүзден келген Абығай сұлтаннан естіп хабарданады.

Осылайша Бақтыбай батыр орыс шенеуніктеріне таныс бола бастады. Бұл кезеңде батыр А.Тевкелев  елшілігінің негізгі мақсатын қолдады деу қиын. Өйткені тарихи жағдайда ол орыс елшілігіне қарсы болған қазақтар қатарында  аталады. Дегенмен уақыт өте Әбілқайыр ханның қазақ-орыс қарым-қатынасын қалыпқа келтіру  саясатын қолдайды. Ол біртіндеп балаларын орыс саясатын меңгеруге бағыттайды. Алдымен, батыр Әбілқайыр ханның орыс қалаларына елшілігіне баласы Дәулетбайды қосады. Ол турасында хан 1744 жылы шілде айында Астрахань губернаторы В.Татишевке хабарлайды. Кейін тамыз айындағы хатында хан Дәулетбайды қайтаруын сұрады.

Х.Табылдиев  пен А.Қалмұратовтың «Кіші жүз рулары» шежіресінде Бақтыбай батырдан Асан, Құдас, Жәдігер, Есалы, Қараша атты ұлдар өрбігені айтылады. Ал кейінгі шежірелерде Дәулетбай батыр тізімге қосылып,  отбасындағы екінші бала ретінде аталады.

Араға уақыт сала жаңа елшілік құрамына Бақтыбайдың тұңғышы Асан батыр қосылады. Асан батыр алғаш рет 1748 жылы 6 шілдеде Орск қорғанында өткен А.Тевкелевпен кездесуге қатысады. Елшілікті шекті Қара батыр бастап, құрамына Пұсырман, Бейімбет батырдың ұлы Шығырбай енеді. Кездесу барысында Қара батыр Петербургте тұтқында ұсталған Бақтыбайдың баласы Дәулетбайды босату мәселесін көтереді. Дәулетбай мәселесін Барақ сұлтан И.Неплюевке жолдаған хатында да көтереді. Барақ сұлтан: «Бақтыбай батырдың баласы Дәулетбайдың Санкт Петербургте екенін естідім. Бақтыбай менің әкем Тұрсын ханмен жақсы қарым-қатынаста болды. Босатуыңызды өтінемін», — деп жазады.

Бақтыбай батыр 1748 жылы тамыз айында Әбілқайыр хан қаза тапқан кезеңде хан отбасы жанынан табылады. Ол 21 қыркүйекте Бопай анаға Кіші, Орта жүздің беделді 104 адамымен бірге келеді. Батыр 1748 жылы 5 қазанда Нұралы сұлтан хан тағына көтерілген тарихи кезеңде орыс патшасына жолдаған  хатқа қолын қояды.

1749 жылы 8 шілдеде Нұралы хан жанына сенімді өкілдерін ертіп, И.Неплюевпен кездесуге Орынборға келеді. Олардың қатарында Қарабас, Қара, Бақтыбай батырлар да болады. 6 шілдеде болған хан мен губернатор кездесуінде Нұралы хан Дәулетбай Бақтыбайұлының тағдырын тағы қозғап, оның Санкт-Петербургте әскери қызметте жүргенін алға тартып босатуға көмектесуін өтінеді. Қазақ ханы оған қоса 1747 жылы тұтқынға алынған жағалбайлы Жолтай Жанболатовты да тауып, қайтаруын сұрайды. Губернатор «егер патшаға адал болсаңыздар, ол қайырымдылық танытады» деген жауаппен шектеледі.

Бақтыбай батырдың жанында інісі Ізбасар жүрген. Ізбасар Бопай ананың сенімді өкілі болатын. Ханым 1750 жылы көктемде Ізбасарды Нұралы ханға жібереді. Көп ұзамай 1750 жылы 2 сәуірде Нұралы хан А.Тевкелевке хат жолдап, Ізбасардың немере інісі Дәулетбайды сұрағанын хабарлайды. Хан егер Дәулетбай тірі болса, босатуға көмектесуін, ал қайтыс болса, хабарлауын өтінеді. Сонымен бірге Нұралы  Хиуаға орыс керуендерін бастап барған Бақтыбай батырдың ұлы Асанның қайтар жолда қаза тапқанын атап өтеді. Асан батырдың қаза болғаны Бопай ананың 1750 жылы мамыр айында жазған хатында да айтылады. Мұның өзі Бақтыбай батырға ауыр қайғы еді. Оның үстіне Дәулетбай да елге оралмады. Дәулетбай мәселесін шешуге алдымен Әбілқайыр, кейін Нұралы хан бірнеше жылын арнағанымен, одан еш нәтиже болмады. Қолда бар архив деректерінде Дәулетбай есімі соңғы рет 1759 жылғы Нұралы ханның Орынбор губернаторы А.Давыдовке, генерал-майор А.Тевкелевке, кеңесші А.Рычковқа жолдаған хаттарында аталады. Хан «ол елге оралмады» деп мойындайды. Орынбордағы бір кездесуінде Қара батыр Ресейде аманатта болған Қожахмет сұлтан адамдарының Дәулетбайды Санкт-Петербургтен көргенін, оның «шоқынбағанын» алға тартқан, дегенмен ол мәңгілікке орыс жерінде қалған секілді.

Бақтыбай батыр осындай қиындықтарға мойымай, ел бірлігі жолындағы саясатын жалғастырады. Ол Кіші жүз ханы Нұралымен, елдің оңтүстігінде мойындалған Батыр ханмен де тең қарым-қатынас ұстады.

Бақтыбай батыр 1750 жылы 5 маусымда шекті Бейімбет батырдың қайтыс болуына байланысты берілген асқа Есет тарханмен бірге қатысқан. Көпшілік бас қосқанжиындарда қазақ батырлары елдің ішкі-сыртқы саясатын ашық талқылаған. Хиуа бағытындағы керуендерге қатысты қалыптасқан жағдайды саралау үшін Батыр хан 1752 жылы Бақтыбай батырды Нұралы ханға жібереді. Ал 1753 жылы жазда Нұралы хан бұйрығымен хиуалық керуендер тоналғанда, Батыр хан мен Бақтыбай батыр бастаған қазақ рубасылары Нұралы ханды Халық кеңесіне шақырып, тонау себептерін түсіндіруін талап еткен. Тарихшы В.Вельяминов-Зерновтың анықтауынша, Орынбор әкімшілігі арнайы тілмәш Я.Гуляевті Нұралыға жіберген. Қорытындысында, хан ел ішіндегі берекесіздікті тоқтатуға уәде береді. Осы жылы Батыр хан мен шекті билері Мойнақ, Бақтыбай, Айдарғали, ақкете Әжібай, т.б. белді тұлғалар ханға қаракете Сарыбаш, қаракесек Досқұлдың баласын жібереді. Олар Нұралы ханға Ресейдің Алтай бидің баласын қолға түсіргенін хабарлап, орыс әкімшілігі саясатын анықтауға талпынған. Ол турасында Нұралы хан 1753 жылы 25 тамызда И.Неплюевке жазған хатында көрсетеді.

ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында, архив деректері анықтағандай, Бақтыбай Төлесұлы үміт артқан, ел ішінде батыр әрі мәмілегер елші ретінде мойындалған екі баласынан қатар айырылды. Ендігі жағдайда ел алдына Құдас Бақтыбайұлы шығады. Нұралы хан 1750 жылы 13 маусымда Орынбор губернаторы И.Неплюевке, 1759 жылы 9 шілдеде А.Давыдовке жолдаған хатында «шекті Бақтыбайдың ұлы Құдас батыр» деп анық жазады. Құдас батыр ханның немере інісі Қарабас сұлтанмен бірге елшілік міндетін атқарады.

Бүгінде Бақтыбайдан тараған Асан 1750 жылы, Дәулеткерей 1760 жылы, Құдас батыр 1792 жылы, ал інілері Есәлі 1767 жылы, Ерәлі 1786 жылы, Қараша 1798 жылы, Серәлі 1798 жылы  қайтыс болды деп анықталған. Ата шежіре бойынша, олардың ішінен Құдас батыр билікке қол жеткізген секілді. Ол ағалары қайтыс болғаннан кейін, шекті елін Атыраудан Ұлы Борсық құмына көшірген делінеді. Расында да, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы тарихи оқиғаларда  Бақтыбайұлдарының қоғамдық-саяси қызметі архив деректерінде анық байқалмайды. Соған қарағанда, олар қазақ-орыс шекарасынан қашықтап, оңтүстікке қарай көшті деген ата шежіре дерегі дұрыс сияқты.

Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жылдарында тарих сахнасына  Қабақтың Хангелдісінен тарайтын ұрпақтар Сегізбай, Сарышоңай билер  көтеріледі. Олармен қатарлас тарихи оқиғаларда белді тұлғалар қатарында шекті екі Жанұзақ  кезеседі. Олардың бірі Сарышоңай бимен, екіншісі кішкене шекті Жанназар бимен қатар аталады. Біздіңше, Сарышоңай би жанындағы мырза атанған Бақтыбай батыр немересі Жанұзақ Қарашаұлы. Дегенмен оны қолда бар архив деректері арқылы анықтау мүмкін болмады.

ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Бақтыбай ұрпақтары Арынғазы хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жылдарында анық байқалады.  Соның ішінде оның немерелері Айдос Құдасұлы — би, Келдібай Қарашұлы — старшын, Жанұзак Қарашаұлы — би, Қожамұрат Қарашаұлы — би,  Арыстанбай Серәліұлы — би, Ерімбет Ерәліұлы да би деңгейінде архив құжаттарында көрініс табады.  Олармен қатарлас, Арынғазы Әбілғазыұлын 1817 жылы хандық таққа ұсынғандар қатарынан батырдың шөберелері — Қараша немересі Мұрат Жанұзақұлы, Құдас немерелері Отарбай Жандосұлы, Айтқұл Боранұлы, Тана Досанұлы байқалады.  Олай болса Бақтыбай батыр ұрпақтары ел азаттығы жолында халқымен бірге болды, Ресейдің Қазақ хандығын отарлау жылдарында ел тәуелсіздігін сақтау мақсатында күрескен ерлерді қолдады. Оларды көпке таныту — біздің міндетіміз.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button