Басты жаңалықтарЖастар

Ақтөбе мен Түркияның арасы

Биыл — Қазақстанда еліміздің болашағы — жастарға мол мүмкіндік беріліп, олардың қоғамдық өмірге араласуына кеңінен жол ашылған — Жастар жылы. Осыған орай еліміздегі Түркітілдес журналистер қоры мамырдың екінші жартысында қазақстандық жас журналистер мен жас мамандар үшін Стамбұл-Бұрса-Гемлик-Гүрсу сапарын ұйымдастырып, жастар ІІ Спорт және туризм саммитіне қатысып қайтты.

Таңданыс әуежайдан басталды

Түркия — туристік бағыттардың көшін бастап тұрған елдердің бірі. Өзінің терең тарихымен, таңдай қақтыратын табиғатымен кез келгеннің жүрегін жаулап алатын бұл мемлекетте туристерге қызмет көрсету сапасы дажоғары деңгейде. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, өзге елге барғанда ең алдымен оның әуежайы мен вокзалын көріп-ақ, елдің әлеуетінің қандай екендігін болжауға болады.

Пайдалануға өткен жылдың қазан айында берілген жаңа әуежай саны жағынан Стамбұлдағы үшінші әуежай болғанымен, үлкендігі мен қызмет көрсету сапасы жағынан нөмірі біріншісі екен. Қаланың еуропалық бөлігінде орналасқан әуе айлағы Стамбұл орталығынан 35 шақырым қашықтықта жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратқа үңілсек, жаңа әуежай 2018 жылдың 29 қазанында Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалады деп айтылатын Түркия Республикасының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген. Алайда жаңа әуежайға Ататүріктің есімі берілмепті. Ол Стамбұл халықаралық әуежайы деп аталады.

Түркия билігі жаңа әуежай жолаушылар саны жағынан әлемдегі ірі әуежай болады деп үміттенеді. Алғашқы жылдары әуежай 90 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетсе, ал 2028 жылға қарай жолаушылар саны жылына 200 миллионға жетіп, әуежай алаңында алты ұшып-қону жолағы пайда болады деп жоспарланып отыр.

Қонақжайлылық тек қазаққа ғана тән емес

Сапарымыз Гемлик қаласынан басталды. Гемлик — Түркияның Бұрса қаласына қарасты аудан орталығы. Бұл жерде қазақстандық делегацияны аудан әкімінің орынбасары күтіп алды.

Біздің сапар Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген болатын. Гемлик тұрғындарының 70 пайызы ауыз бекітеді екен. Сондықтан көпшілік мейрамханалар ауызашар уақытына дейін жабық тұрады. Дегенмен аудан әкімдігі қазақ бауырлары үшін теңіз жағасындағы мейрамханалардың бірін арнайы аштырып, қонақасы берді.

Бұдан соң Қазақстаннан келген арнайы делегация Гемлик ауданының әкімі Мехмет Уғур Сертаслан мырзамен кездесті. Қазақ жастарымен емен-жарқын әңгімелескен әкім мырза Түркітілдес журналистер қорына естелік сыйлық табыстап, қазақ журналистеріне зәйтүн таратты.Сыйға сый дегендей, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Мехмет Уғур Сертаслан мырзаға шапан жапты.

Зәйтүн Гемлик ауданының визиткалық картасына айналған десек, қате айтқанымыз емес. Өйткені, бұл жерде күнделікті пайдаланатын асқа арналған майдан бастап, жуыну құралдары, тіпті сыйға тартатын арнайы қораптарына дейін зәйтүннен жасалады екен. Сондай-ақ кез келген түрік дастарқанына міндетті түрде зәйтүн қойылады. Кәдесыйларының өзі де зәйтүн ағашынан жасалған бұйымдар.

Бұдан соң, Гемликтің көрікті жерлерін аралап, аудан орталығына жақын жерде жатқан Жұмалықызық ауылына қарай жол тарттық.

Жұмалықызық — Әли мен Назардың «ауылы»

Бұрса қаласынан 13 шақырым жерде орналасқан ауылдан нағыз түрік ауылының, замандастарының қайнаған тіршілігін көресіз. Екі қабатты ағаш үйлер, биік-биік дарбазалар, тас көшелер бізді сонау 2000 жылдардың бас кезінде телеарналардан көрсетілген «Қыналы қарға» апарғандай болды. Сөйтсек, көпшіліктің сүйікті фильміне айналған «Қыналы қар» фильмі Жұмалықызықта түсіріліпті.

Улудаг тауының баурайында жатқан ауыл іші тып-тыныш. Кез келген үйдің ауласында шағын кафе мен шайханалар бар.

Гүрсу: ІІ Спорт және туризм саммиті

19 мамыр 1938 жылдан бастап Түркияда ұлттық мереке ретінде тойланып келеді. Бұл күні Түркияның барлық қалалары мерекеге сай безендіріліп, елде жастар мен спорт тақырыбына қатысты түрлі шаралар ұйымдастырылады. Біз барған ІІ спорт және туризм саммиті де сондай шаралардың бірі. Анадолы Спорт журналистері ассоциациясының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өткізілген Саммитке Түркия мен түркі елдерінің жас журналистері шақырылған. Шарада талқыланған басты тақырыптардың бірі — журналистика саласының қиындықтары мен мүмкіндіктері тұрғысында болды.

Саммиттің ашылуында сөз алған «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы кәсіби бірлікті нығайту, бірлесе ортақ жобалар жасау жайлы бірнеше ұсыныс айтты.

Шара барысында Анадолы Спорт журналистері ассоциациясының (ASGD) басшысы Ибрахим Ердоған мырза қазақ делегациясына ІІ Спорт және туризм саммитіне қатысқаны үшін алғыс айта келе, Нәзия Жоямергенқызын арнайы сыйлықпен марапаттады.

Саммит аясында журналистер қауымы Гүрсу ауданында орналасқан Adrenalin park демалыс орталығында түрлі спорт ойындарына қатысып, көңіл көтеріп, елге күш жинап қайтты.

Саммиттен соң Гүрсу ауданының әкімі Мұстафа Ышык мырза Қазақстаннан барған делегацияны арнайы қабылдап:

— Түбі мен тілі бір бауырлас елдердің бүгінгі ұрпағы ретінде сіздермен кездескенім мен үшін бақыт. Түркі елдердің жастары біте қайнасқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Әрқашан бір болуды жазсын, — деп өзінің тілегін жеткізді.

Біз Adrenalin Park демалыс орнын БАҚ өкілдері үшін арнайы ашқызып, журналистердің керемет демалуына жағдай жасаған әкімге алғыс айтып, Атажұрттан апарған қазақы шапанды иығына жаптық.

Бұрса — трикотаж бен текстильдің отаны

Түркітілдес журналистер қорының атынан Бұрсадағы ІІ Спорт және туризм саммитіне қатысқан қазақ журналистер делегациясы Бұрса Сауда биржасында қонақта болып, Бас хатшы Джан Айдоған мырзамен кездесті.

Бұрса бүгінде трикотаж бен текстильдің отанына айналған. Әсіресе, ерлер мен балалар киімдерін әлемдік нарыққа Бұрсадан экспорттайды.

Бұрса Сауда биржасындағы кездесу барысында Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бизнеске бет бұрғысы келетін журналистерге арнайы жоба ұйымдастыру туралы келісім жасады. Алдағы уақытта БАҚ өкілдері үшін арнайы сапар ұйымдастырылады. Кездесу соңында Джан Айдоған мырза Нәзия Жоямергенқызына жібектен тоқылған, Түркия мемлекетін құруға сеп болған Мұстафа Кемал Ататүріктің портретін сыйға тартты.

Бұдан соң, Бұрса қаласының көрікті жерлерін аралап, орталық базар жанында орналасқан Ұлы-Жәми мешітіне кіріп, өзіміз, туғандарымыз, еліміз үшін дұға еттік.

Ұлы деп аталатын себебі, селжүктер стилінде салынған мешіттің 20 күмбезі бар. 1396-1400 жылдар аралығында І Баязит сұлтанның бұйрығымен салынған. 1396 жылы Никополде болған соғыста Баязит Аллаға: «Жолымды болдыра көр. Егер жеңіске жетсем, 20 мешіт салдырам», — деп жалбарынады. Соғыс бітеді, Сұлтан жеңеді, мешіт салдырайын десе, қазынада ақша жоқ. Содан діни мәселелерде кеңес беретін ұстазынан ақыл сұрайды. Ол 20 мешіттің орнына 20 күмбезді бір үлкен мешіт сал дейді. Ұлы мешіттің тарихы — осы. Мешіттің ішінде субұрқақ бар. Қабырғаларында

Осман каллиграфиясының үлгісі ретінде 192 жазу бар.

Бұрса қаласындағы саяхат біз ойлағаннан да бетер керемет естеліктерге толы болды.

Ертесіне таңменен сырға толы сырлы Стамбұлға қарай жүріп кеттік.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button