Жаңалықтар

«Бала кезден армандадым…»

Назгүл Гимранова — мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық байқауға жолдама алған ақтөбелік бесеудің бірі. Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында туып-өскен ол бала кезден бастап, «халыққа пайдамды тигізетін үлкееен азамат болсам» деп армандайды екен. Армандар орындалады!

Назгүл — елгезек, қарапайым бойжеткен. Отбасында жалғыз боп өскен. Алайда оны тым ерке дей алмайсыз, керісінше, көпшіл, адамдармен тез тіл табысады. Әлсіздерге көмектескісі кеп тұрады.

Мен бала кезде кейбір қыздар секілді фотомодель немесе актриса болуды армандап көрмеппін. Керісінше, теледидардан жаңалықтар көріп қалсам, соны тыңдап, сол кадрлардағы аға-апалар құсап, менің де үлкен шаруаларды шешуге араласқанымды көрсетсе екен деген арманым болды. Бірақ, ол кезде менің ойымда «мемлекеттік қызметші» деген түсінік жоқ болатын. Кейін әкімшілік мәселелерін шешетін осындай мамандық барын білдім. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдадым. Экономика магистрімін. Заңгер мамандығынада оқып жатырмын, — дейді Назгүл.

Назгүлдің мемлекеттік қызметте жүргеніне де үш жылдан асыпты. Еңбек жолы Сазды ауылдық округінен басталған. Қазір Ақтөбе қаласы Астана аудандық әкімшілігінде жұмыспен қамту бөлімінде бас маман боп жұмыс істеп жүр.

Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық байқаудың жеңімпазы Назгүл өзінің байқауға қатысуына да жұмыстастары қолдау білдіргенін айтып, оларға алғысын жеткізді.

— Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Ақтық сайыста әркім жұмыс барысында кездесетін жайттарды негізге ала отырып, жоба қорғау керек болды. Менің қорғаған жобамның тақырыбы — «Жұмыс берушілер арасында инклюзивті мәдениетті қалыптастыру». Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мамандық иегері атануын мақсат еттім. Соған жағдай тудыру, ықпал ету — негізгі мақсат болды. Еуропа елдерінде инклюзивті мәдениет қалыптасқан. Сондықтан да осы жобаны қорғадым, — дейді жігерлі бойжеткен.

Облыстық байқауда осындай  маңызды жоба қорғап, үздік шыққан бес мемлекеттік қызметші енді Елордамыз Нұр-сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысып, бақтарын сынайтын болады. Ақтөбе намысын қорғайтын мемлекеттік қызметшілерг есәттілік серік болсын!

Айнұр Ілиясқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button