Басты бет » Пікір » Әлеуметтік сала басты назарда

Әлеуметтік сала басты назарда

Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,

ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы.

9 маусымда өткен Президент сайлауын біздің отандастарымыз, соның ішінде ақтөбеліктер де ел дамуының жаңа белесінің, жаңа тарихи кезеңнің бастауы ретінде қабылдап, дауыс беруге үлкен жауапкершілікпен қарады. Дауыс беруге ақтөбелік сайлаушылардың 84,9 пайызы қатысты. Нәтижесінде, сайлауға қатысқан 7 үміткердің ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Осыған орай кеше ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында өткен жаңа Президенттің қызметіне ресми кірісу рәсіміне ақтөбелік делегация қатарында мен де қатыстым. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды он бағытқа баса мән берілетінін атап көрсетті. Соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты лайықты жалақымен, тұрғын үймен қамту, мұғалімдер мен дәрігерлер мәртебесін көтеру сынды халықтың көкейінде жүрген мәселелерге айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы ұлттық табысты әділ бөлу стратегиялық маңызды мәселе екенін атап өтіп, бюджет қаражатының ең алдымен келешегі зор мақсаттар мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін бөлінетінін айтты. Үкіметке тұрғын үймен қамту бағытында нақты шаралар қабылдау, Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау тапсырылды

Көпшілік көкейіндегі басты мәселе — экология жайы. Мемлекет басшысы жуырда Ақтөбеде болған сапарында да өзінің экология мәселесін әрдайым назарда ұстайтынын жеткізген еді. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологияны жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мәселесін шешу үшін, елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажеттігін, осыған байланысты жаңа Экологиялық кодекс қабылданатынын айтты. Ауылды дамытуға бағытталған маңызды қадамдар, соның ішінде ауызсумен қамту, жолдарды жақсарту  негізгі мақсаттардың бірі ретінде аталды.