Жаңалықтар

Өзендерді тазарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Сейсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында атқарушы билік өкілдері өзен-көл арналарын тазалауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Бірқатар қоғамдық ұйым өкілдерінің сұрақтарына шаһар басшысы Ілияс Испанов жауап берді.

Жол картасына сәйкес, 2017-2018 жылдары жобалау институтымен Ақтөбе қаласы аумағынан өтетін 8 өзеннің арнасын кеңейту, тазарту және жағаларын бекіту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған-ды. Осы жұмыстарға 4 мердігер мекеме — «Компания Спецстрой», «Берекелді», «Гидрокұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Павлодарский речной порт» акционерлік қоғамы бекітіліп, 6,7 миллиард теңгеге келісімшарт жасалғаны белгілі. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық жұмыстар осы әзірленген жобалық- сметалық құжаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатыр. Дей тұрғанмен, су-тоғандардың кеуіп жатқанын, соның салдарынан Ақтөбенің экологиясы бүлінгенін айтып, наразылығын білдірушілер де бар. Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік өкілдері өз уәжін білдірді.

— Үш жылға жоспарланған жұмыс былтыр желтоқсан айында басталды. Биылға 2 миллиард теңге бөлінді. Басты мақсатымыз — өзендерді тазартып, екі жағынан арнаулы техника өтетіндей жағдай жасау. Әлі де жасалатын жұмыстар көп. Сондықтан мезгілінен бұрын пікір айтып, шешім шығаруға асықпайық. Ауқымды жұмыстар алда, — деді Ілияс Испанов.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин өз сөзінде арнаулы комиссияның қадағалауымен жұмыстардың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын, ағаштарды мейлінше кеспеу жағы қарастырылатынын атап өтті.

Өз кезегінде белсенділер тазарту жұмыстарының кесірінен судың жетіспеушілігі барын, қазіргі таңда өзендерді тазартудан бұрын арнасын кеңейтуге басымдық беріліп жатқанын, бұл қате екенін алға тартты. Сондай-ақ су қорын жоғалтып алмау жағын бірінші кезекке қойып, соған сай алдағы уақытта атқарылатын тазарту жұмыстарын қайта пысықтау керектігін айтқандар да болды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі туындап отырған мәселеге қатысты кесіп-пішіп ой-пікір білдіруге әлі ерте екенін, барлық шаруаның заң аясында жасалып жатқанын қосып, кейбір ұсыныс-сынның ескерілетінін де жеткізді. Өйткені басқосудың негізгі мақсаты да сол — пікір алмасып, ой бөлісу.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button