Жаңалықтар

Мамандар өз қаражаттарына тамақтанды

Брифинг

Өткен аптада Байғанин ауданы Т.Жармағамбетов атындағы мектепте облыстық педагогикалық-медициналық-психологиялық кеңесі коммуналдық-мемлекеттік мекемесінен келген мамандарға дастарқан жайылғандығы туралы интернет беттерінде жазылды. Сейсенбіде осы жайтқа қатысты облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова журналистерге түсініктеме берді.

Мән-жайды түсініп алу үшін, әуелі интернеттегі ақпаратқа зер салып алайық: «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері комиссия қызметкерлеріне дастарқан жайған мектеп мұғалімдерінің үстінен түскен. Оқиға Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Т.Жармағамбетов атындағы мектепте болған. Дастарқанның ауданға барған облыстық педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесі мамандарынан құралған комиссия қызметкерлеріне жайылғаны анықталған. Олар арнайы білім беру ұйымдарына жолдама беру үшін тексеру жүргізуге келген».

— Ең әуелі, аталған жағдайға байланысты облыстық білім басқармасы облыстық педагогикалық-медициналық-психологиялық кеңесі мен Байғаниндегі түзету кабинетіне жауапты қызметкерлермен бірге талдау жұмыстарын жүргізді. Облыстан барған адамдар ешқандай да комиссия емес, олар тексеруге барған жоқ. Керісінше, облыстық педагогикалық-медициналық-психологиялық кеңесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 10 маманы дамуында ерекше қабілеті бар ауыл балаларына кеңес беру үшін барды. Мұндай жұмыстар жылына жоспарға сай бір-екі рет жүргізіледі. Педагогтар, дәрігерлер, психологтар балаларды қабылдап, кәсіби көмектерін көрсетті. Ата-аналардың сұрақтарына жауап берді. Мамандар екі күн ішінде шалғай ауылдардан келген 70 баланы қабылдады. Бәрін екі жұмыс күнінде қамту мақсатында олар сол барған жерлерінде өз қаражаттарына кезектесіп отырып, тамақтанды. Яғни, мамандарға іссапар, жол шығындары бюджеттен бөлінеді. Олардың әрқайсысы түскі-кешкі ас үшін мың теңгеден шығарып, жергілікті түзету кабинетінің мамандарына дастарқан ұйымдастыруды сұраған. Осындай түсініспеушілікке жол бергені үшін қазіргі таңда жауапты мекеме басшылары жазаға тартылып, сөгіс жарияланды, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button