Басты жаңалықтарЭкономика

 «Бастау» жас кәсіпкерлерге жәрдемдеседі

Елімізде өз кәсібімді ашып, бизнестің «әліппесін» үйренемін деушілерге жасалып жатқан мүмкіндіктер аз емес. Соның ішінде іскер азаматтардың қатарына қосылуға мүдделі жастарға қолдау айтарлықтай. Бір ғана мысал, Ақтөбеде жемісті іске асырылып жатқан «Бастау» жобасы аясында былтырдың өзінде 2 мыңнан астам адам оқытылған. Биыл да тың бағдарламамен қамтылатындардың саны біршама болмақ…

Біз аталған жобаның өңірдегі үйлестірушілері мен аудандағы мамандары, сондай-ақ қатысушыларымен тілдесіп, «Бастаудың» жай-жапсарымен кеңінен танысқан едік…

Биыл 1125 ақтөбелік кәсіпкерлік негіздерін оқымақ

Мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты —  «Бастау» жобасымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысады. Мақсат — жұмыссыздарды және өзін-өзі еңбекпен қамтығандарды, жалпы осы салаға талабы бар жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған жобаның игіліктерін ақтөбеліктер де көріп жатыр.

— Қазіргі таңда жоба облыстың барлық аудандарында жүзеге асырылу үстінде. Және «Бастау» ауыл тұрғындарына арналған ең жақсы жобалардың бірі екенін айрықша атап өткім келеді. Бұл жоба өз ісін бастауға ынталы, бірақ қаражат жағынан қиналып жүргендерге үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Биыл осы бағытта облыста 1125 адамды оқыту, соның 225-інің жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр. Ал 2018 жылы «Бастау» жобасы бойынша өңірде барлығы 2231 адам қамтылып, 516 қатысушы 1,3 миллиард теңгеден астам сомаға шағын несие алды. Бір ерекшелігі — алғашқы жылдары ауыл шаруашылығына қызығушылық басым болса, кейінгі кезде қызмет көрсету мен өндіріске қатысты кәсібін бастағысы келетіндер көп, — деп атап өтті жоғарыда аталған кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы бойынша облыстағы үйлестірушісі Диана Жұмабаева.

Жобаның шартына сәйкес, егер түлектер 1 айға созылатын оқу бағдарламасынан соң бизнес-жоспарын сәтті қорғап шықса, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының, басқа да қаржы институттары мен ұйымдарының жеңілдетілген несиесіне ие бола алады. Өз кезегінде кәсіпкерлер палатасы оларға құжатты дұрыс толтыру, бизнесті одан әрі ілгерілету, басқа да қаржылық емес көмектерін көрсетеді. Тағы бір ескере кетерлігі — қатысушыларға жас ерекшеліктері қойылмайды. Ақысыз негіздегі оқыту курсына жұмыссыздар да, студенттер де, басқа да әлеуметтік топқа жататындар қатыса алады.

Сонымен қатар, оның сөзінше, күз айларында «Жас кәсіпкер» жаңа жобасы өз бастауын алмақ. Ол, аты айтып тұрғандай, тек жас кәсіпкерлерге арналады. Үздік бизнес-мамандар көрген-білгенімен бөлісіп, жекелей шеберлік сабақтары да ұйымдастырылатын «Жас кәсіпкердің» мақсат-мұраты «Бастау» жобасымен мәндес.

Ауылда да бизнеске қызығушылар көп 

«Бастау» жобасының Мұғалжар ауданындағы бизнес-тренері Мейірхан Жанкелдіұлы арнаулы курстан өтетіндердің дені жұмыссыздар мен жас кәсіпкерлер екенін айтады. Олардың арасында көпбалалы аналар да баршылық.

— Мұғалжар облысымыздағы көлемі жағынан ең үлкен аудан болып саналады. Қатысушылар көп. Жем мен Ембі қалаларынан да алыс ауылдардан арнайы келетіндердің саны аз емес. Наурыз айынан бері 80 адам оқып, оның тең жартысы жобаларын сәтті қорғап шықты. Арасында грант алғандар да кездеседі. 5 маусым күні үшінші топ өз жұмысын бастап, оған 42 мұғалжарлық тұрғын қабылданды.

Қатысушылардың болашақта іске асырамын деген бизнес идеялары әрқилы. Мал шаруашылығынан бөлек, жүн түту, киіз басу, көрпе-төсек тігу, құрт-ірімшік әзірлеу, басқа да кәсіптің көзін ұршықша иіруге ниеттілер жетіп артылады.

Осы орайда алғашқы топты тәмамдаған кәсіпкерлердің арасында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан қаражат алып, өз ісін бастағандардың барын айтсам деймін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл ретте аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалы мен жұмыспен қамту орталығына да ризашылығымыз шексіз.

«Бастауға» келген азаматтар алдымен қаржылық сауаттылығын арттырып, нағыз бизнеске қажетті мағлұматтарды теория мен тәжірибе жүзінде игереді. Нақтылы жетістікке жеткен тұлғалармен шеберлік сабақтары өткізіледі. Ең бастысы, біз нәтижеге баса мән береміз.

Курс басталарда 15 мың теңге көлеміндегі бір реттік шәкіртақы, соңында оқығанын айғақтайтын сертификат беріледі. Өз кезегінде «Бастау» жобасына кез келген адамның қатыса алатынын, ол үшін жергілікті кәсіпкерлер палатасы, болмаса әкімдікке жолығуы керектігін естеріңізге сала кеткім келеді. Өзімен бірге жеке куәлік, мекенжай анықтамасы мен банктегі есепшотының нөмірі болса жетіп жатыр, — дейді Мейірхан.

Үлкен-кішіге бірдей арналған жобаның өзіндік талаптары бар. Сабақтан жиі қалатындар, оқыту бағдарламасы һәм тапсырмаларға салғырт қарайтындар, жалпы жауапкершілігі төмен адамдар «Бастаудың» сертификатын алуы екіталай.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық кәсіпкерлер палатасынан білгеніміздей, өңірде 57 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар.

Жобаға қатысты, грант ұтып алды

Жеке кәсіпкер Әлия Қырықбаева негізінен балаларға арналған киімдерді, сондай-ақ көрпе-төсек, басқа да тұрмысқа қажетті жабдықтарды тігеді. Үйден шықпай-ақ сүйікті ісі — ісмерлікпен айналысатын ол «Бастау» жобасының өткен жылғы түлегі. «Бәрі тігіншілік курсқа жазылудан басталды» деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз:

 — Бір айға созылған тігіншілік курста өзімді қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап таптым, бірталай нәрсені үйрендім. Соның арқасында өзіме, балама аз-аздап киім тіге бастадым. Кейін бұл қабілетімді одан әрі дамытпаққа бел буып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалына барып, өз ісін бастағысы келетіндерге арналған бір айлық «Бастау» жобасы туралы білдім. Әрі ақысыз, әрі шәкіртақысы бар. Бірден жазылдым. Курстағы бизнес-тренерім Гүлнар Сейітжаппарқызы маған кәсіпкерліктің «әліппесін» бастан-аяқ меңгертіп, қайткенде ісімнің алға басатынын айтты, бағыт-бағдар берді. «Көз — қорқақ, қол — батыр» демей ме? Іле-шала құзырлы органдарға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысымды бастап кеттім. Сол аралықта кәсіпкерлер палатасы арқылы өзімнің тігіншілік кәсібіме қатысты жобамды арнаулы байқауда ойдағыдай қорғап, Үкіметтің қайтарымсыз 240 мың теңгені құрайтын грантын ұтып алдым. Аталған қаражат кәсібімді дөңгелентуге берілді, тиісінше таңдауым матаның үстіне әртүрлі жазуларды «салатын» құрылғыға түсті, — деп кәсібінің алғашқы асулары жөнінде сыр шертті.

Енді жеке студиясын ашып, онда бүкіл жұмыстарын сатқысы келетін Әлия ол үшін көп еңбектену керектігін жақсы біледі.

P.S. Кәсіпкерлік қабілетті шыңдап, іскерлікке баулитын «Бастау» жобасы жыл соңына дейін жалғасады. Бұл — осы салаға ынта-ықыласы бар әр ақтөбелік әлі де арнаулы курсқа қатыса алады деген сөз. Тек бойыңызда ниет болса деңіз…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button