Басты жаңалықтарДенсаулық

 «Денсаулық» бағдарламасы: 42 көрсеткіш толығымен орындалды

Биыл 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының соңғы жылы. Осы уақыт ішінде өңірде қыруар шаруа атқарылды. Облыс дәрігерлері 42 көрсеткіштің барлығына қол жеткізді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда бала өлімі — 22, жалпы өлім-жітім

3 пайызға азайды. Жүрек-қан тамыр, онкологиялық ауруға шалдыққандар

7 пайызға төмендеген. Бала туу көрсеткіші артқан. Жыл сайын облыста жиырма мыңға жуық нәресте өмірге келеді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл 72 сәби артық дүниеге келген. Ал биыл Денсаулық сақтау қызметкерлері күні қарсаңында Ясный-2 ауылында дәрігерлік амбулатория, Ақтөбе медициналық орталығында музей ашылады. 

Жаңа технология және жүрек ақауы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, Ясный-2 ауылында ашылатын амбулатория  ауысымына елу адамды қабылдайды. Тұрғындар бұрын шағын ғимаратқа сыймай қиындық көріп келсе, енді заманауи үлгіде салынған амбулаторияда медициналық қызмет алады. Ал Ақтөбе медициналық орталығында ашылатын музей облыс медицинасының тарихынан сыр шертеді. Қазір барлық ішкі жұмыстары аяқталып тұр. Басқарма басшысының айтуынша, еліміздің батыс өңіріне қызмет көрсететін медициналық кластер аясында да біраз шаруа атқарылып жатыр.

Алайда кластер толыққанды қызмет көрсетуі үшін облыста жоқ бағыттарды дамыту керек. Себебі науқастар өзге қалаларға баруға мәжбүр болмауы тиіс. Қазір облыс орталығында үш ірі құрылыс жүріп жатыр. Олар — перинаталдық орталық, балалар онкогематологиялық орталығы, Чек-ап (Check-up) орталығы. Төртінші ірі нысан —  ПЭТ, яғни позитронды-эмиссионды томография орталығы. Мәселен, балаларға арналған онкогемотологиялық орталық іске қосылса, науқас балалар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына жіберілмейді. Қазір орталықтың  құрылысы жүріп жатыр, келер жылы іске қосылады. Жалпы бұндай сырқатпен жыл сайын облыста 30-35 бала науқастанады. Ал Чек-ап орталығы іске қосылғанда онкологиялық ауруға шалдыққандарды толық тексеруден өткізуге мүмкіндік туады.

Медициналық қызметтің сапасы артуы үшін жаңа технология енгізу маңызды. Әсет Қалиевтің айтуынша, бұрын ми ісіктеріне ота ашық түрде жасалатын. Ал биылдан бастап нейрохирургиялық навигация бойынша операция жасау қолға алыныпты. Бұл әдіс миды зақымдамайды, яғни арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы іске асырылады.

— Балаларға жасалатын кардиохирургиялық операциялар жаңа технология арқылы жүзеге асырылып жатыр. Дәрігерлер бұрын жүрек ақауының бірнеше түріне операция жасап жүрсе, қазір аса күрделі ақауы бар балаларға да ота жасайды. Жалпы жылына 100-ге жуық баланың жүрегіне ота жасалады, — дейді басқарма басшысы.

14-ші бауыр ауыстыру отасы жасалды

Облыс медицинасының ең негізгі жетістіктерінің бірі — трансплантология. Биыл 14-ші рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Сеул ұлттық университетінің мамадарымен бірлесіп жасалған ота сәтті өтті.

Баласы анасына бауырын берді. Қазір екі науқастың да жағдайы жақсы. Жоспар бойынша биыл бес бауыр ауыстыру отасы жасалады. Әрине, барлығы мемлекеттік тапсырысқа байланысты. Жалпы бүйрек пен бауырды қосқанда 62 мүше ауыстыру операциясы жасалуы тиіс, — дейді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ ақтөбелік хирургтер бұған дейін дене мүшелерін науқастың туыстарынан алып келсе, 2014 жылдан бастап мәйіт донорлығын  дамытуды жолға қойды. Жалпы дәрігерлердің айтуынша, трансплантологияның дамуы мәйіт донорлығына байланысты. Осы арқылы ғана науқас адамдардың өмірін ұзартуға болады. Өкінішке қарай, халықтың сана-сезімі, табиғаты бұл түсінікке әлі де дайын емес.

Мобильдік кластер және  ашық есік күндері
Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмалар бойынша, ауыл тұрғындарының медициналық көмекті қиындықсыз алуы үшін арнайы жұмыс жүріп жатыр. Биыл аудандарда 5-6 медициналық ғимарат салынады. Темір, Алға аудандарында құрылыс жұмыстары жүреді. Сондай-ақ кардиология және онкология бағыты бойынша дәрігерлер  ауыл-аймақты аралап жүр.

Шалғайдағы елді мекен тұрғындары сапалы медициналық қызметті қиындықсыз алуы тиіс. Осы ретте әр сенбі сайын облыс орталығындағы бекітілген емханада Ашық есік күні өткізіледі. Мәселен, әр ауданнан жауапты маман 20-30 адамды алып келеді. Оларды  барлық медициналық тексерістен өткізіп, кері алып қайтады. Бес айда үш мыңға жуық адам осылай медициналық тексерістен өтті. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте тиімді болып отыр. Жалпы әр Ашық есік күнінде 200-ге жуық адам емханаға келеді, — дейді Әсет Қалиев.

Сондай-ақ әр жұма сайын қаладағы  клиникалық диагностикалық орталықта мобильдік кластер акциясы өтеді. Әр ауданнан жауапты 20-25 әйелді алып келеді. Олар гинекологиялық  тексерулерден өтіп, маммологтың кеңесін алады. УДЗ және рентген аппараттарына түседі. Барлық қызмет түрі тегін. Осы жұмада Мұғалжар ауданы келсе, өткен аптада Әйтеке би ауданынан келіпті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button