Басты жаңалықтар

Ақтөбеде жағымсыз иіс қайдан шығады?

 Экология

«Ақбұлақ» акционерлік қоғамының ғимаратында экология департаменті мамандары мен қаладағы өндірістік  нысандар басшыларының қатысуымен  экологиялық ахуал, қаланың кәріз желілеріне ағатын ағынды сулардың  бекітілген нормативтен артып кетуі мәселесі талқыланды. Бұл жиынның қорытындысы бойынша ең ластаушы өндіріс орындары аталды. Бұлар — қаладағы өндірістік нысандар, соның ішінде  мейрамханалар мен кафелер, спиртті ішімдіктер мен газды сусындар шығаратын нысандар, май зауыты, шұжық цехтары. Экология департаменті маусымның 15-іне дейін 46 кәсіпорын басшыларына қалдық суларын май тұтқыш және  зиянды заттар мөлшерін азайтатын катализаторлар мен биопрепараттар  қосып тазартуды ұсынды. Өйтпеген жағдайда кәріз желілерін зиянды қалдықтармен ластаушы кәсіпорындар үстінен  облыстық прокуратураға шағым жазылып,  экономикалық сотқа арыз жолданады.  

Соңғы кезде қаладан  тағы да жағымсыз иіс шықты.

— «Қазгидромет» мекемесінің автоматтандырылған  бекеттері жыл басынан бері  күкіртті сутегінің концентрациясы рұқсат етілген нормадан жоғары 3 ластану дерегін тіркеді. Бекітілген норматив бойынша ауадағы күкіртті сутегінің қалыпты деңгейі 0,8 миллиграмнан аспауы тиіс. Өкінішке қарай, жыл басынан бері бұл  көрсеткіш 3 рет рұқсат етілген нормадан 10 есе артып кетті, — дейді экология департаментінің бөлім басшысы  Жібек Тайжанова.

Қаладағы ең ластаушы көздердің бірі — кәріз жүйелері. «Ақбұлақ» АҚ балансына кіретін қаладағы  кәріз жүйесіне  3800-ден астам  абонент су ағызады. Олардың 317-сі — өндірістік мекемелер,156-сы — қоғамдық тамақтандыру орындары, ал  152-сі — өндірістік нысандар.

2014 жылы бекітілген ереже бойынша квазимемлекеттік  мекеме немесе қызмет көрсетуші «Ақбұлақ» АҚ кәріз желісіне түсетін ластаушы заттар концентрациясының белгілі бір шектік мөлшерін анықтайды. Кәріз құбырларына, насостық стансаларға түсетін осы қалдықтардан зиянды газ жиналып, ақыры азот аммониі мен  күкіртті сутегі мөлшері өсіп ауаға таралады. Бұл да ірі өндірістік мекемелермен бірге,  қала экологиясына әсер етуде.

Экологтар ағынды суларды жиі ағызатын мекемелерді анықтау үшін жыл басынан бері жоспарлы тексеріс өткізіп келеді. Осы кезге дейін қаладағы 300 кәсіпорын «Ақбұлақ» АҚ-ның лабораториялық-өндірістік бақылауынан өткен. Бұлардың ішінде  ірі өнеркәсіптік мекемелер, тамақ өндірісі орындары  (кафе-мейрамханалар, шұжық цехтары, кондитерлік кәсіпорындар), спиртті ішімдіктер мен газдалған сусындар шығаратын кәсіпорындар, құрылыс, теміржол мекемелері, автокөлік жуатын орындар бар.

— Бес айдың ішінде  кәсіпорындардың құдықтарынан 645 сынама алынды. Нәтижесінде 100 нысанның қалдық су құйылатын құдықтарынан  алынған 203 сынамадан  зиянды заттардың рұқсат етілген нормадан бірнеше есе артық мөлшері табылды. Ал 442 сынамада ондай зиянды  зат мөлшері көп емес. «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының мамандары  осы 203 сынаманың  қорытындысын санитарлық эпидемиологиялық қызметі мен экология департаментіне жолдадық. Қаланың кәріз желісіне қайта-қайта ластаушы қалдықтар жіберуді тоқтатпай отырған 46 кәсіпорын бар.

Біздің тарапымыздан 2018 жылы аталмыш мекемелердің лас су жинайтын құдықтарына оқшауланған тазартқыш қондырғы мен май тұтқыштар орнатуға кеңес берілді. Соның ішінде қалдық суларда күкіртті азайтатын «Ивказ» катализаторы мен  биопрепараттар  қосу ұсынылды. Қазіргі кезде біз лабораториялық тексеруден өткізген 78 нысанның 78-і оқшауланған  тазартқыш қондырғы орнатты, 52-сі біздің талаптарымызды  мүлде ескермей отыр. Біздің  қайта-қайта ескертуімізді қабылдамаған бір кәсіпорынды экономикалық сотқа бердік. 14 мекеменің таза су желілерін, 10-ының кәріз су ағызатын желілерін жауып тастадық. Біздің талаптарды орындамайынша,  оларға су берілмейді. Қалдық суларды шектік қалыптан тыс ағызып,  оларды зарарсыздандыруды қажет деп таппайтын басқа да  16  өндірістік нысанның үстінен  сотқа шағым әзірлеп отырмыз, — дейді «Ақбұлақ» АҚ вице-президенті Тимур Бабанаев.

Мекеме ауысса да, бактерия өзгермеуі тиіс

— Қалада шаң, түтін, ауадағы жағымсыз иістің қайта-қайта шығуы сияқты ұнамсыз жағдаймен тағы да бетпе-бет келдік. Бұл арада басын ашып алу керек: кәсіпорындар табиғатты пайдаланушы ретінде өз қалдықтарын зарарсыздандыруға өздері жауапты болуы тиіс. Бұл — басы ашық мәселе. Тамақ  өндірісі кәсіпорындары мен мейрамхана-кафелерге май тұтқыштар орнату бірнеше жыл бұрын талап етілді. Алайда осы кезге дейін тазартқыштар қай кезде орнатылды, оларды кім тазартып тұрады дегенге жауап жоқ. Май тұтқыштар  2011 жылы ғана  жобаланды. Содан бері онымен ешкімнің шаруасы болған жоқ. Қазіргі қондырғылар тек тексеруші органдар үшін ғана қондырылған, олар тазартылмайды да,  жаңартылмайды да. Катализатор мен биопрепараттарды таңдау еркі табиғат пайдаланушының құзырында. Өкініштісі, бақылау-тексеру кезінде  табиғат көздерін пайдаланушылар тарапынан  көзбояушылық  басым екенін көреміз. Экологияға немқұрайлы көзқарастамыз. Ағызып жатқан зиянды  судың табиғатты бүлдіріп, ауаға тарап жатқанын мойындамаймыз. Қаламызда ересектерді қойғанда, балалар арасында тері, тыныс жолдары сырқаты көбейіп барады. Ендеше бұл істе бәріміз де жауаптымыз.

Қаладағы ескі ет зауыты маңында спирт зауытының қалдығын төгетін орын бар. Жағымсыз иістің бір көзі — осы  жер. Былтыр айқай-шумен қала бюджетінен 16-17 миллион теңге  бөлініп, осы жерді тазартумен бір мекеме айналыса бастады.  Бактерия жіберіліп, жағымсыз иісті толық жоюды биыл да жалғастыратын еді. Экологтар бұл жердегі қалдық төгетін орындағы күкірт сутегі мен азот аммониі мөлшерін бір, үш ай, алты ай сайын жыл соңына дейін бақылап тұрды. Бактерия қосылған соң зиянды заттар біртіндеп азайып келе жатты. Биыл бұл жұмысты жалғастыра ма? Себебі, биыл осы  жұмыспен  айналысып жатқан  басқа мекеме былтырғы бактерияны қоса ма, қоспай ма, осыған алаңдаулымыз. Қала әкімдігіндегі комиссияға кірмейтін болғандықтан, толық мәлімет ала алмай отырмыз. Былтыр бактерия қосылғаннан бері  зиянды заттар азайып келе жатқан. Биыл былтырғы жұмысты жалғастыра ма, қандай препараттар қолданады? Осы жағына алаңдаймыз.

Жағымсыз иістің тағы бір көзі — қоқыс полигоны. Алдыңғы жылы осы жерде қайта-қайта  қоқыс жағудың кесірінен қаланың жартысы түтінге айналды. Негізінен, қалдық көму технологиясын сақтап, қоқыстарды жинап қана қоймай, тездетіп көміп,  үстін топырақпен қабаттап, тығыздау керек.

Үшінші мәселе — қалада шаң көтерілуі жиілеп кетті. Бұл жерде ауа ластаушылардың қатарына тағы да екі-үш мекеме қосылды. Экологтар хаттама жазып, олардың қызметін бақылауға алып жатыр, — деп қорытындылады жиынды экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

«Ақбұлақ» АҚ мамандары әр мекеменің кәріз суларына жіберетін лас сулардың  ай сайынғы шектік көлемін жоспарлауды енгізуді ұсынды. Бұл да кәріз суларын қай мекеменің қанша мөлшерде жіберуін бақылау мен  ондағы зиянды қалдықтарды асырмауды реттеудің бір жолы. Көпшілік мекемелер қалдық төгетін құдықтар қазып, ондағы суларды ассенизаторлар көмегімен сорғызады.  Бұл –коммуналдық мекеменің құзырынан тыс. Осы қалдықтар қайда төгіледі? Бұл да жауабы жоқ сұрақ. МАИ-да  Ақтөбеден 270 қалдық су соратын автокөлік  қана тіркелген. Шындығында, қалада 500-600 ассенизатор  автокөлігі бар, бірақ олардың иелері техникалық куәліктерін жасырып,  МАИ-ға тіркетпей жүр. Осы заңсыз жолмен  табыс табушылар  жеке құдықтардан алынған  қалдық суларды өзенге ағызады не  айдалаға апарып төгіп тастайды. Бұл да  бақылаушы  органдардың реттеуін қажет етіп отырған өзекті мәселе. «Ақбұлақ» АҚ басшылығы оларға  ірі көлемде айыппұл салуды  ұсынып отыр. Оның үстіне, жеке не заңды тұлғалар кәріз құдықтарын қазғанда, түбін көп жағдайда  бетондамайды. Сөйтіп, қалдық сулар топыраққа кетіп, одан әрі  жерасты  табиғи су көздеріне қосылып жатқаны рас.

                                                                              Баян СӘРСЕМБИНА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button