Рухани жаңғыру

Бөкенбай баһадүр —  батыр, би, дипломат

«Бөкенбай Қарабатырұлы 1669 жылы Жем бойында дүниеге келді» деп жазады ақтөбелік тарихшы Зәкіраддин Байдосов. Әкесі — табын Қарабатыр. Шешесі жаугершілікте  қолға түскен  қалмақ қызы. Бөкенбай ат жалын тартып мінген тұс жаугершілік заман болды. 1640 жылы ойрат хонтайшысы Батыр жалпымоңғолдық құрылтай өткізіп, Шыңғыс империясын қалыпқа келтірмек ниетпен жоңғар хандығын жариялады. Бұл хандық өмірге  келе салысымен көрші елдерге қарсы агрессияшыл саясат ұстанды. 1643 жылы 50 мың әскермен Батыр хонтайшы Жетісуға басып кірді. Бірақ Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің біріккен 20 мың кісілік жасағынан Орбұлақта оңбай жеңілді.

Қазақ еліне ойраттардың шабуылы Тәуке хан тұсында да тоқтамады. Табын Бөкенбайдың  ат жалын тартып мінген шағы осы Тәуке хан тұсы. О заманда ер жігіт қан майданда топ жармай батыр атанбайтын. Бөкенбай қан майданда топ жарып  батыр атанды. О заманда  шешен шаршы топта сөз бастамай би атанбайтын. Бөкенбай би атанды. Алайда, тарихтың  бұл  кезеңі, ХVІІІ ғасыр басы  — қазақ халқы үшін қасірет таңы болып атты. Хан Тәукенің  «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманы өткен. Бір соғыста аяқтан жарақаттанған әз Тәуке жүріп-тұрудан қалып, ол басқарған қазақ хандығы әлсіреп ыдырай бастады. Орталық биліктен күш кетіп  әр жүз өз хандарын  өздері сайлап алуға кірісті. Ал, жоңғарлар  болса бұл кезде бір орталыққа бағынған, бірлігі мықты мемлекет құрды. Орыстармен жақындасып алды. Соның арқасында қалмақтардың күші қан майданда  қазақтардан басым түсті. Қалмақтарда от қару пайда болды. Қалмақтардың күшейгенін көріп хан Тәуке орыс елін қалмақтарға  қарсы бірігіп күресуге шақырды. Бірақ Петр І Тәуке ханның бұл ұсынысын қабылдамады.                                                                                     Орыс патшасына жоңғар хандығы да із суытпай елші салып, қазақ елін бірігіп жаулауға үгіттеді. Орыс патшасы бұл ұсынысты да қабылдамады. Орыс патшасына одақтас емес, осынау жауынгер екі көшпелі елдің екеуінің де Ресейге бодан болғаны керек еді. Арманы — Орта Азияны отарлап, Үндістанға жол ашу еді. Ал жоңғарлардың жоспары бұ тұста одан да асып түсті. Жоңғарлар Орта Азияны басып алып, анау-мынау емес, Шыңғыс империясын қайта құруды көкседі. Қазақ елі болса осынау орыс, қалмақ  империалистік идеяларының  жолында тұрған алғашқы асу еді. 1708 жыл. Сол асуды алуға бірінші болып қалмақтар кірісті.  Жойқын жоңғар қолы қазақ даласына басып кірді. Қазақ елінің шығысы мен түстігін басып алды. Қазақтың ұлын – құл, қызын күң етті. Бытыраңқы қазақтар жұдырықтай жұмылған 40 мың қалмаққа қарсы тұра алмады.  Цеван Рабтан қазақтарды пұт дінін қабылдап, басыбайлы бодан болуға шақырды. Ел басына күн туды. Осындай жағдайда қазақ билеушілері  Тәуке ханның басшылығымен 1710 жылы күзде Арал маңындағы Қарақұмда құрылтайға жиналғаны белгілі. Құрылтай мақсаты жоңғар қойған қатаң талапқа жауап беру болатын. Өкінішке орай құрылтайға жиналған ел ағалары айтыса келе, салы суға кете бастады. Не Еділге көшіп, Еділ қалмақтары тәрізді орысты паналайық, не өз жерімізде отырып, жоңғарға басыбайлы берілейік деуден басқа уәж таба алмады. Осы тұста ортаға  жай оғындай атылып  бір алып  шыға келді. Бұл табын Бөкенбай батыр еді. Бөкенбай киімінің жағасын дар айырып, қылышын  көкке  білеп күндей күркіреді:

— Тоқтат!!!  Болмай жатып бордай тозба, ағайын,  тоқтат! Астымызда – ат, қолымызда қылыш! Төрт көзіміз түгел тұр! Қалай құл боламыз???   Ұлымызды – құл,  қызымызды  күң еткенше қан майданда неге жайрап қалмаймыз?  Кәпір болып тірі жүргенше, мұсылман болып неге өлмейміз?Өлмей – беріспейміз!  Беріспейміз!!! – деп айқай салды Бөкенбай. Жұрт ду етті. Қазақ батыр, билері  рухтанып дүр еңсе көтерді .

— Аруақ!!! Аруақ!!! Алаш!!! Алаш!!! – деп ұран салды Бөкенбай. Жиналған жұрт та делебесі қозып  көкке қылыш көтеріп «Аруақ!!!», «Аруақ!!!», «Алаш!!!», «Алаш!!»  деп күңіренді.  Батыр, би, сұлтандар  арқаланып кетті. Бәрі Бөкенбайды қолдап, оны  табан астында Кіші жүз қолының Бас сардары  сайлады.  Жас хан Әбілқайыр Кіші жүз әскеріне Бас қолбасшы сайланды. Батырлар ортада жанған отқа білекті тіліп,  қан тамызды, ниеттің бірлігіне  ант берді. Боз биені құрбандыққа  шалды. Қарақұм құрылтайы, сөйтіп,  басқыншыларға қарсы  ұлт-азаттық соғыс жариялады. Ұлы Отан соғысын жариялады. 1710 жылғы  Қарақұмда өткен  осынау тарихи  құрылтайда  табын Бөкенбайдың топ жарып, қазақ елін ұлт-азаттық күреске көтеруін  алғаш хатқа түсірген   орыс  поручигі  Яков Гавердовский  болды.

Тарихшы И. Ерофеева: «Устная народная память об историческом совете 1710 года в Каракумах дошла до нашего времени в изложении главы российской торгово-политической миссии в бухарское ханство в 1803-1804 гг. поручика Якова Петровича Гавердовского. Текст предания был помещен путешественником в подготовленную им 1809 году рукописного труда «обозрение киргиз-кайсакской степи»  деп жазды.

Сөйтіп, 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы ХVІІІ ғасыр басындағы  жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқы  жүргізген Ұлы Отан соғысының идеологиялық негізін салды. Ұлт-азаттық идея түгел қазақ ұранына айналды. Батыр Бөкенбай осынау құрылтай өткен жылы 43-ке толған елге беделді би болатын. Ал Кіші жүз ханы Әбілқайыр болса  бұл кезде  жасы  небары 17-ге толған бозбала болатын. Жас Әбілқайыр Кіші жүзге даңқы шыққан Бөкенбай батырды аға тұтып, алқалы жиындарда алға салып отырды. Бұл туралы халық тағдыры қыл үстінде тұрған  сол бір сұрапыл заманда  жұбы жазылмаған қос тұлға туралы Кекілбаев кемеңгер «Үркер» романында терең толғап жазғаны аян.

Қарақұмда Әбілқайыр, Бөкенбаймен бірге ант ішкендер қатарында әйгілі Тама Есет, Шақшақ Жәнібек батырлар да  болды. Алаш жұрты антты аттамады. Әбілқайыр  мен Бөкенбай көтерген ту  астынан табылып, қалмаққа қарсы майдан ашты. Жауды түстіктен түре қуып, Арқаны азат ете бастады. 1715 жылы хан Тәуке дүние салды. Оның орнына Қайып хан сайланып, Сібір және Қазан губернаторларына елші салып, орыс елін қалмаққа бірігіп күресуге шақырды. Бірақ орыстар Қайыптың ол  тілегін орындамады. Бұл кезде Цеван Рабдан  хонтайшы болса  күшейген үстіне күшейіп алды.  Орыстармен болған бір шайқаста қолға түскен  швед инженері  Ренат Густавты жетекші етіп, қалмақтар отқару, зеңбірек құю ісін жолға қойды. Соғыс майданына 1723 жылы зеңбіректің шығуы сол заманғы қазақтар үшін бүгінгі атом бомбадай болғаны аян. Жарылған допқа қарсы шапқан батырлар ат-матымен  көкке ұшты. Аспан айналып жерге түсті. Бұндай сұрапылды  көрмеген қазақ «ақтабан шұбырындыға» айналып, Самарқан, Сырға қарай  босты. Қазақ басына бұлт  үйірілді. Бір шабуылда қалмақтар Әбілқайырдың әйелі мен шешесін тұтқындап алып кетті.  Әбілқайыр орыстардан көмек сұрады, қару сатуды сұрады. Орыс жағы қазақ-қалмақ соғысына араласпады. Орыс патшасы әліптің артын бақты. Немесе қазақтың сағы сынғанын күтті. Орыс патшасына бұл екі асау халықтың бірін-бірі төмпештеп,  екеуінің де әлсіреп келіп аяғына жығылғаны керек еді. Қалмаққа қарсы орыспен одақтаса алмаған  қазақ билеушілері 1726 жылы Ордабасыда қазақ құрылтайын шақырды.  Болат ханның бастауымен, Төле, Қазыбек билердің қостауымен өткен қазақ құрылтайы Әбілқайырды біріккен қазақ қолының Бас қолбасшысы етіп сайлағаны белгілі. Қазақтар ауыздың бірлігіне  тағы да анттасты.                                                                                                              1727 жылы Бұлантыда, 1729 жылы Аңырақайда 40 мың кісілік қазақ әскері Қалдан Сереннің 40 мың кісілік әскерін талқандады. Бұл тарихи  жеңіс — қазақ бірлігінің жеңісі болатын. Әбілқайыр басшылық еткен бұл жеңіске Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, архар ұранды  Абылай, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Албан Райымбек,  Шапырашты Наурызбай, Қыпшақ Шақа, Керейт Тайлан, Үйсін Ақтамберді, Жалайыр Ескелді, Адай Шотан, Шекті Тайлақ, Шақшақ Жәнібек,  Әлім Бақтыбай, Ошақты Саурық, Шөмекей Киікбай тәрізді  батырлар зор үлес қосты. Бірақ бұл майданда қазақ та, қалмақ та оңбай шығынға ұшырады. Екі жақ  әлсіреді. Осы шайқас үстінде ұлы хан Болат қаза тапты. Билер кеңесі оның орнына Әбілқайырды емес, Сәмекені ұлы хан сайлады. Қазақ пен қалмақ уақытша бейбіт келісімге келді.

Аңырақайда  қалмақты жеңгенімен, Батыс Қазақстан бұ кезде  теріскейден  Еділ қалмақтарының, Жайық казактарының, башқұрттардың, ал түстігінде түрікпендер мен  Хиуа хандығының  шабуылынан көз ашпай тұрған болатын.  Кіші жүз әскері енді бетті  батысқа бұрды. Атажұртын қорғауға асықты. Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, Шотан  батырлар бастаған Кіші жүз әскері көз ашқалы Батыс Қазақстанға  алты тұстан жабылған жаумен  атамзаманнан алысып келе жатқан. Ең қиыны — орысқа қосылған Еділ қалмақтары мен  башқұрттардың қолына патшалық Ресей  отқару ұстатты. Қырқып атқан оққа қарсы шабу айқайлап келген ажалмен  тең еді. Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет  ақылдаса келе орысқа тағы да елші салды.  Еділ қалмақтарындай, башқұрттардай Кіші жүзді де  өз қамқорлығына алуды сұрады. Алты тараптан анталаған жаудан аман қалудың жолы отқарулы орыс әскеріне арқа сүйеу деп білді Әбілқайыр. Бұл алты жаудан бөлек-шығыста қалмақтарды тықсырып келе жатқан қалың қытайдың да төбесі көрінді. Қалың  қытайға  қарсы тұруға қазақтан жеңілген  қалмақ қауқарсыз еді.  Әбілқайыр бұған дейін алысып келе жатқан алты жауының үстіне  жетінші жау жамап алмай тұрғанда  Ресеймен ортақ тіл табуды ойлады. Орыс патшасының  күткені де  осы  екен. 1731 жылы Тевкелев бастаған орыс елшілігі артынып-тартынып Әбілқайыр ордасына  жетті. Орыс елшісі  Әбілқайырға әкелген Анна Ионовнаның  грамотасында  Қазақ ордасы Ресей императрицасына адалдыққа ант берген жағдайда, орыс патшасы өз тарапынан осынау бодан  елді сыртқы жаулардан қорғайтыны айтылды. Бірақ Әбілқайыр қол қойған антта Кіші жүздің Ресейге бодандығы туралы сөз жоқ болған. Қазақ елі Ресеймен тату көршілік қарым-қатынас орнататыны айтылған. Алайда аудармашылар Әбілқайырдың бұл хатына «бодандық»  деген  сөзді  қосып, түпнұсқаны бұрмалағаны бүгінде айдай әлемге белгілі болып отыр.  Бұл туралы бүгінде тарихшы Самат Өтениязов талмай жазып келеді. Рас, тарихтың осы бір алмағайып тұсында алты жаудың арасында қалған  батыс өлке қалайда бір  көршіге  арқа сүйеуге мәжбүр болды. Ата-бабаларымыз Ресейді таңдады.

1731  жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан, Бөкенбай би бастаған Кіші жүздің 27  биі Ресей патшасы Анна Ионовнаға адалдыққа  ант берді.

Ант беру рәсімі аяқталғаннан кейін елші Тевкелев императрицаның сәлемдемесі деп  билерге  қымбат сый-сияпат тарата бастады. Сонда табын Бөкенбай  елшіден сый-сыяпат алудан бас тартады. Бұт жөнінде  өз күнделігінде тәптіштеп жазған Тевкелев, «сияпаттан неге бас тарттыңыз?» деп сұрағанда, Бөкенбай «бұл сияпатты алсам мен сый-сияпат үшін  қызмет еткен болып шығамын, ал, мен сый-сияпат үшін емес, халқым үшін қызмет еттім», деп жауап береді. Бөкенбайдың осынау өз халқына деген  адалдығы мен  ерекше  дипломатиялық дарынын  орыс елшісі  сол қалпында қағазға түсірген.

Араға екі жыл салып Төле би бастаған Ұлы жүз билері, одан кейін араға  8  жыл салып Орынборда Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан бастаған Орта жүз билері ант берді. 1740 жылғы Орынборда өткен  осы оқиғадан кейін араға 7 жыл салып 120 мыңдық қытай әскері жоңғар хандығына басып кірді. Қытай әскері қалмақтың  бесіктегі баласына дейін қылыш жүзінен өткізді.  Сөйтіп, жүз жыл дүрілдеген жоңғар хандығы жер бетінен жойылып кетті.  Жоңғарияны таптап өткен қытай әскері сол қарқынымен  қазақ жеріне басып кірді. Абылай бастаған қазақ қолы  қалың қытай әскеріне Аягөзде  тойтарыс берді. Бұл 1757 жыл еді. Қытай әскері  Абылаймен соғысты тоқтатып, қазақ жерін тастап шықты. Бірақ Цинь әскері  Іленің жоғарғы ағысы мен Тарбағатайдың шығыс тұсындағы қазақ жерлерін  бауырға басып   қалды.

Бұ кезде Әбілқайыр да, Бөкенбай да өмірден өткен  еді. Олар өз ажалынан бұрын өткен кез  еді. Бөкенбай 1642 жылы жасы жетпістен асқан шағында  Маңғыстау үшін болған   шайқаста түрікпендердің қолынан  қаза тапты. Сүйегі бүгінде Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылы маңындағы Бөкенбай қорымында.

Әбілқайыр  болса 1748 жылы  Барақ  сұлтанның қолынан  қаза тапты. Өкініштісі — Әбілқайыр қазақты қорғайды деп үміттенген Ресей әскері  қазақ жерін басып ала бастағанда өмірінің соңына дейін орыс әскерімен  соғысып өтті.

Әбілқайыр, Бөкенбай — халқын қорғап, ат белінен түспеген тұлғалар. Отаршылдарға сенің елің емес, жерің керек екенін түсініп күресіп өткен тұлғалар. Осылайша ХVІІІ ғасыр   қазақ үшін қанмен жуылған ғасыр болды. Қазақты қайтсек құтқарамыз деп сол тұста ел басқарған хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар ғұмырын  ат жалы, атан қомында өткізді. Әбжыландай ақырған жаулармен алысты. Қасық қаны қалғанша  қырқысты.  Бүгінде аман-есен ел болып, жер басып жүрсек, сол батыр бабаларымыздың арқасы. Ендеше, сол бабалар  рухына тағы да тағзым!

Маусымның 15 күні Ақтөбе қаласында Бөкенбай Қарабатырұлына  арналып ескерткіш-кешен ашылады. Ас беріледі. Бұл шараны қолға алып, баба аруағына арнап талай жыл табан ет, маңдай терлерін төккен азаматтарға еңбектеріңіз  алладан қайтсын дейміз.

Смағұл ЕЛУБАЕВ,

жазушы,

Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button