Рухани жаңғыру

Ерліктің өр рухы өшпейді

Қасиетін танымаған қасіретке ұшырайды. «Өлінің аруағы разы болмай, тірі байымайды» деген екен атам қазақ.

Көпшілікке аян, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерте білген, қол бастап, ұлы далаға көз тіккендерге тойтарыс берген Бөкенбай Қарабатырұлы — әлі күнге дейін ел тарихынан лайықты орнын ала алмай жүрген асылдарымыздың бірі.

Өкінішке қарай, кешегі тарихшыларымыз халқымыздың өткеніне терең бойламай, көп нәрсені ел-жұртқа нақтылы деректерге сүйене отырып, жеткізе алмай жүр.

Қазақ тарихында қарадан шығып, халықтың қалауымен бірнеше рет қол бастаған батырлардың бірегейі осы Бөкенбай Қарабатырұлы екені шындық. Бұған талас, дау болатындай негіз жоқ.

Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында: «1710 жылы Қарақұм құрылтайындағы сөйлеген сөзі елдің намысын оятып, жігерлендіріп, жаумен күреске түсуге топтастырады», — десе, белгілі жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында, Бөкенбай бастаған қол 1710-1712 жылдары майданда қалмақтарды тойтарып, ойрат ұлыстарының жеріне басып кіріп, қазақтың біраз қоныстарын қайтарып, жеңіске жеткені туралы жазады.

Батыр бабаның өмір жолдарын, ерлігін зерттеу мақсатында 2003-2005 жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің ректоры Кенжеғали Кенжебаев пен белгілі тарихшы профессор Зәкіраддин Байдосовтың басшылығымен ұйымдастырылған экспедиция Ақтөбе, Орал, Орынбор облыстарында бірнеше рет болып, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор мұрағаттарындағы құжаттарды негізге алып, көптеген ауыл ақсақалдарымен тілдесіп, ой-пікір, тұжырымдамаларын ғылыми-танымдық конференцияларда жан-жақты талқылап, «Баһадүр батыр — Бөкенбай» деген атпен көлемді кітап басылып шықты.

Осының негізінде Байғанин ауданы Жем өзенінің өңірінде жерленген Бөкенбай батырға ескерткіш қойылып, ас беріліп, Құран бағышталды.

2009 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен Ақтөбе қаласының жаңадан қалыптасып жатқан бір көшесіне Бөкенбай батырдың аты берілді.

Сол кезеңде Әуежай қалашығының ең бір көрнекті алаңынан батырдың ескерткішін қою жоспарланып, жер телімі бөлінді.

Өткен жылдың қазан айында аты аңызға айналған Бөкенбай батырдың туғанына  350 жыл толуына арнап ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, белгілі тарихшы Ирина Ерофееваның «Рыцарь-Звания чести» деген кітабын жұртшылық өте жылы қабылдап, ризашылығын білдірді.

Конференцияда сөйлеген Ербол Нұрғалиев, Ирина Ерофеева, Смағұл Елубай, Сергей Горшенин, Самат Өтениязов, Нұржан Жетпісбай, Тілекқабыл Имашев, т.б. батыр бабаға ел тарихынан ерлігіне сай лайықты орнын беріп, атын алтын әріппен жазу керек екендігін басып айтты.

Әдетте әрбір істің сәті түсетін уақыты болады дегендей, бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  ұйғарымымен 2011 жылы Мемлекеттік комиссияда қаралып, қолдау тапқан мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың ұсынған жобасы негізге алынып, ескерткіштің құрылысы басталды.

Қала әкімі Ілияс Испановтың ыждағаттығымен ескерткіштің жобасы дайындалып, жергілікті бюджеттен құрылыс жұмыстары мен айналасын абаттандыру үшін 65 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Батыс Қазақстан облыстарының азаматтары, кәсіпкерлер, тіпті жай қарапайым ағайындар ескерткіштің құрылысына қаражаттарын аударып, үлкен қолдау көрсетті. Жауапкершілігі шектеулі серіктестер: «Тағам», «Дастан», «АкТеп», «ТрансМостГрупп», «Эмбі Транс», «Ақпан», «Ада Ойл», «Ақорда Капитал», «Мелиоратор», «Бұқарбай батыр», «Байтақ мекенім», «Атырауинжстрой», «Бекет Сат Жол», Өтеғали Крамбаев, Жасұлан Жақыпов, Мұратбай Сүйінғараев, Қуатбек пен Рахмет Хайруллаевтар, Қайрат Римов, Омар Дәрібаев, Нұрлан Қазиев, Әсет Тәжмұратов, Ермағанбет Жалғасов, Болат Сақтағанов, Алексей Андреевич Химич, Владимир Феликсович Гринберг, Жақсыбай Талаев, Амангелді Кейкин, тағы да басқалары осы ортақ шаруаның бітуіне үлкен жанашырлық танытты.

Ирина Ерофееваның «Рыцарь-Звания чести» кітабын белгілі ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы қазақшаға аударып, «Ар-намыстың ақтаңгері» деген атпен, үлкен жүректі азамат Мейрам Ахметжановтың жеке қаражатына 1000 дана болып қазақ тілінде Алматының «Сервис – Пресс» баспаханасында басылып шықты. «Мир» телерадиокомпаниясы ұлттық филиалының директоры Асқар Әлімжанов, бас режиссері Қанат Есенаманов Бөкенбай батырдың өмір, ерлік жолдарын зерттеу мақсатында Ақтөбе облысының Ырғыз, Байғанин, Қызылорда облысының Арал, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау аудандарында болып, деректі кинофильм түсірді.

Ыстық ықылас, ниет білдіргендердің бәрін атап өту мүмкін емес.

Батыр бабаның ескерткіш  кешенінің құрылысы негізінен аяқталды.

«Алаш – Парыз» қорының директоры Серік Әбілжанов пен оның серіктестері Серік Сағындықов, Исламғали Бітік, Асылбек Нұрлин, Орынғали Жанбосынов, Рақым Бекназаров, Ізімғали Көбенов, тағы да басқалары белсенділік танытып, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларына бірнеше рет барып, ағайындармен, ниеттес, пікірлес кәсіпкерлермен кездесіп, ескерткіштің құрылысына байланысты мәселелерді шешіп, үлкен қызмет жасады. Ақпарат құралдары Батыр бабаның  ерлігін паш етіп, жұртшылыққа шынайы мағлұмат бере білді.

Бүгінгі күні қоғамдық кеңестің және көпшіліктің атынан Бөкенбай батыр кешенінің құрылысын ұйымдастырып, басшылық жасаған Серік Әбілжанов пен Серік Сағындықовқа, мердігер жұмысын атқарған Бауыржан мен Жомарт Мұқановтарға, ескерткіштің мүсіншісі Жеңіс Жұбанқосовқа, қоладан құйып, гранитпен қаптаған алматылық «Арқанат» және «Серікқазина» серіктестіктерінің басшылары Тоқтар Рахиев, Сәкен Қаратышқановтарға, сонымен қатар ескерткіштің құрылысына атсалысып, қаражатпен қолдаған ағайындарға, елдің жомарт жүректі азаматтары қызылордалық Қожахмет Баймахановқа, алматылық Адайбек Бейімбетовке, шымкенттік Бисенғали Қалмырзаев пен Орынбай Әбиевке, маңғыстаулық Қайрат Өтеновке ерекше ілтипат білдіріп, рақмет айтамыз.

Сонымен қатар, мемориалдық кешен құрылысының сапалы аяқталып, айналасының абаттандыруына нақтылы қолдау көрсеткен  облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге ризашылығымыз шексіз.

Бөкенбай Қарабатырұлытек бір рудың, бір тайпаның батыры емес, тұтас қазақтың батыры, алғаш рет бір тудың астына қазақ әскерін біріктірген қолбасшы. Оның ерлігі мен өр рухын ұлықтауға қазіргі ұрпақ мүмкіндігінше өз үлестерін қосса, онда ұлт үшін үлкен олжа болатыны сөзсіз.

Бөкенбаймен үзеңгілес батырлар Есет, Құдайназар, Жәнібек пен бір сапта тұрған Малай, Тайлақ, Сәрке, Жездібай, Алыбай, Алтай, Асау Барақ, Арал, басқа да батырлардың халықтың тәуелсіздігі үшін, жан аямай  жасаған ерліктерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлде де терең зерттеп, қазақ елінің тарихынан лайықты орын алуына бәріміз де атсалысуымыз парыз. Олардың өр рухы мен өшпес ерлігі қазіргі жастарды жігерлендіріп, отансүйгіштікке тәрбиелейтіні сөзсіз.

Мәлік ЖЕКЕЕВ,

Бөкенбай батыр атындағы

 қоғамдық кеңестің төрағасы.

 

Бөкенбай Қарабатырұлы ескерткішінің

салтанатты ашылуына арналған  іс-шаралар

БАҒДАРЛАМАСЫ

15 маусым, сенбі

– 10.00. Салтанатты жиналыс:

* Бөкенбай батыр өмірі мен ерлігі жөнінде баяндама, жарыссөздер.

* «МИР» ТРК түсірген деректі фильмнің тұсаукесері.

 

Өткізілетін орны: Шығармашылық академиясы.

 

– 12.00. Бөкенбай батыр ескерткішін салтанатты ашу рәсімі.

 

Өткізілетін орны: Бөкенбай батыр көшесі бойында.

(Әуежай ауданында)

«ALASH PARIZI» ҚҚ ҰЙЫМДАСТЫРУ АЛҚАСЫ.

 

 

   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button