Әлеумет

Бұқара

Жаңғырық

КӨШЕГЕ АТАУ БЕРУ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

«Ақтөбе» газетінің 2019 жылғы 16 мамырдағы №55 санында жарияланған «Екі рет Еңбек Ері атанған Балимановты қалай ұлықтап жүрміз?» атты Әбдісәли Дәулетбаевтың мақаласына орай:

Ақтөбе қаласы әкімдігінің сайтында 2013 жылы Балиманов Жұбатқан Жабайұлының атынан 1893 жылы Темір уезінің Қарақамыс ауылында дүниеге келіп, кейін Өзбек ССР-інің Бұхара облысы Тамды ауданы Ақтау колхозында аға шопан болған, екі рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған, 3 рет Ленин орденімен және басқа да орден, медальдармен марапатталған Жабай Балимановтың атына Ақтөбе қаласынан бір көше атауын беру туралы сұрақ қойылған болатын. Ол сұраққа Елбасының 2010 жылғы 12 қарашасындағы тапсырмасына сәйкес және ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарының жүргізілуіне орай, ономастика мәселелеріне мораторий жариялануына байланысты атау беру мәселесі уақытша тоқтатылғаны туралы жауап берілді.

Жабай Балиманов туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ғана мақалалар жарияланып келген, Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы облыстық ономастика комиссиясына осы уақытқа дейін оған көше атауын беру туралы бірде-бір ұсыныс келіп түскен жоқ.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-388-5 тапсырмасына сәйкес, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қойылған болатын.

Сонымен қатар атау беру және қайта атау мәселелері ҚР Президенті Әкімшілігінің 2018 жылғы 8 ақпанда бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізіміне сәйкес жүргізіледі.

Тағы да бір назарға алатын жайт — Жабай Балимановтың бүкіл саналы еңбегі, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі Өзбекстан елінде болған. ҚР «Тіл туралы» Заңының 25-5 бабында белгіленген атау беру жөніндегі критерийлерге сәйкес, ұсынылған есім аса көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбегі сіңген адамдар болуы тиіс.

Сондай-ақ,  2019 жылы Ұлттық санақ процесі өтуіне орай, елді мекендерді, олардың құрамдас бөліктерін атау және қайта атау жұмысы тоқтатылып тұр.

Жоғарыда айтылғандар негізінде атау беру қазіргі таңда Заң талаптарына сәйкес жүргізілетіндігін хабарлаймыз.

Г.ТӨЛЕБАЕВА,

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы.    

Дат

КІТАП АДАМДЫ МӘҢГҮРТТІКТЕН САҚТАЙДЫ

Әл-Фараби заманында «Даналық үйі» аталған кітапхана — рухани қазынамыз. Кітап адамды мәңгүрттіктен сақтайды.

«Қазіргі заманда халық кітап оқымайды» деген қаңқу сөздердің де көбейгені рас. Бірақ осы салада жұмыс жасап жүргесін білемін: кітапханаға қарапайым оқырмандардан бастап студенттер мен оқушылар жиі келеді. Оқырмандарды көптеп тарту үшін кітапхана қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Түрлі шараларға ұйытқы болып, кітап көрмесін ұйымдастырып, ақын-жазушыларымызды, ғалымдарымыз бен тарихшыларымызды, сонымен қатар елге еңбегі сіңген кәсіпкерлерді шақырып, кездесулер өткізеді. Алайда, кей жағдайда жастарымызды отансүйгіштікке, әдебиетіміз бен мәдениетімізді танып білуге, тұлғаларымызды дәріптеуге кедергілерді өзіміз қолдан жасайтын сияқтымыз. Өзім жұмыс істейтін М.Ломоносов атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхананың бөлімшелері де М.Горький, С.Маршак, А.Пушкин атына берілген. Кітапханаға барған сайын өзімді орыстың отарында жүргендей сезінемін. Өлкемізден шыққан қазақтың аяулы  ақын-жазушылары Сарышолақ ақын,  Б.Күлеев, Ж.Тілепбергенов,  Ғ.Ахмедов, Ө.Қанахин, І.Мәмбетов, Ө.Нұрғалиев, М.Құрманалин, Қ.Шаңғытбаев, Ү.Уайдин,  Е.Дүйсенбаев, С.Баймолдин есімдерін ұлықтау үшін кітапханаларға беруді ескерсек екен.

Рас, қазіргі таңда кітапханаларға көп көңіл бөлініп, оқырманға жағдай жасау үшін коворкинг орталықтары ашылып жатыр. Бірақ көне ғимаратта орналасқандықтан, талапқа сай келмей тұр. Сырттан қадірлі қонақтарымыз келгенде құрқылтайдың ұясындай жерде отырғанымызға өзіміз де қысылып боламыз. Қаланың төрінен Өнер орталығы ашылғанда ел бір қуанып қалып еді. Бізді де қуантатын күн болса екен деген тілегіміз бар…

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

кітапхана қызметкері.

Ауыл

ЖАҒАЛАУЛАРДЫ ТАЗА ҰСТАЙЫҚ!

Күн ысып, суға түсу маусымы да басталды. Бірақ осы жерде «біз демалуды, соның ішінде су жағасында демалуды білеміз бе?» деген сұрақ туады. Ауыл әкімдерінің айтуына қарағанда, кейбір жерлерге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін белгі, демалатын орындық қойылады, алайда оны да сындырып, бүлдіріп кететіндер бар.

Демалушылардың салғырттығынан су сағалары ластанып, сөндірілмей қалған от-шоқтардан, темекі тұқылдарынан орман-тоғай, егіндік өртке оранып жатады. Осындай «жабайы демалыс» бізде әлі де болса мәдениеттің төмендігін көрсетіп отыр. Бұдан кейін қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық сияқты.

Жаз басталысымен күннің ыстығынан сая іздеген адамдар су жағалауларына асығады. Алайда қауіпсіздікті, тазалықты ұмытпау керек. Меніңше, ол үшін жағажайларды заңдастырып, соған жауапты боламын деген тұлғаларға мүмкіндік беру керек. Ауданның бұған мүмкіндігі бар. Тек осы істің көзін тауып, ұйымдастыра білу қажет.

Әрине, ауданның әр жеріне сауда орындарын ашып, демалыс орнын жаса немесе учаскелік полицейлерге «қона жатып, күзет» деуден аулақпыз. Дегенмен, ауылдың ақсақалдары бар, тәртіп сақшылары бар, биліктегілер бар — барлығы жұмыла отырып, тәртіп орнатуымыз керек. Бұған ауылдың кәрі-жасы түгел атсалысуы шарт. Жағажайға келуді ақылы етсек, қалқалап тұратын шатырлар орнатып, сауда орындарын, босаған ыдыстарды жан-жаққа тастамай, қоқыс салатын жәшіктер қойсақ, құба-құп болар еді. Тіпті киіз үйлер орнатып қойса да, артықтық етпес еді. Егер осы шаруаны реттеп алсақ, өз ауданымыз былай тұрсын, облыстан, тіпті көрші Ресейден де келіп демалушылар табылар еді. Себебі біздің аудан табиғаты өте әдемі, ерекше орындары бар өлке. Одан әрі кәсіпті дамытып, бір жерде бие сауылып, қымыз беріліп, бір жерде кәуап пісіріліп, сатылып жатса, жақсы емес пе? Оған біздің демалушылар да үйренер еді.

Қазір кәсіпкер боламын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Тек жастар жағы жігерленіп, осыны шындап қолға алуы керек.

Ұзын сөздің тоқтамы — айналаны таза ұстау үшін темірдей тәртіп, заң аясындағы қадағалау керек.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарғалы ауданы.

 

Оқитын өлке

ЖЫР КЕРУЕНІ ЭСТАФЕТАСЫ

«Мені де бір күн іздейді,

Асылдан туған ұрпағым.

Көңілім күдер үзбейді,

Болса да өмір сұр сағым», – деп жырлап өткен Сарышолақ Боранбайұлы 1858 жылы Шалқар ауданының Қопасар ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге әуес болған. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы ұстап, саятшылық құрған. Ақтөбе, Орынбор, Орск қалаларын аралап, Көкжар (Ойыл), Қарақамыс (Темір) жәрмеңкелерінде болып, өнер көрсетіп, айтысқа түскен. Оның айтыс шебері екенін «Сыныптай сырғып су жұқпас, қара сөзге ілдірмес» деп Әбубәкір Кердері де айтып кеткен.

Сарышолақ шығармаларының дені патша отаршылдығын әшкерелеуге, елді оған қарсы көтеріліске шығуға үгіттеуге арналған. Ол қазақ жерін отарлау хақындағы ережелерге қарсы болды. Өлеңдерінде сол кезгі орыс отаршылдығының қазақ жеріне әкелген қасіретін, ұлт басына туған ауыр күндерді ашына бейнелеген. Нұрпейіс Байғаниннің «Ақын» толғауында Сарышолақтың өмірі жан-жақты баяндалады. Ақындығымен бірге шешендік, домбырашылық, әншілік-сазгерлік өнері болды. «Әридаш-ай», «Қарағым-ай», «Тама қыз», «Ұлықұм» атты әндер шығарған. Шығармалары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» тәрізді кітаптарға енген. Ол  — сазгер, атақты «Тілеуқабақ» әнінің авторы. Сарышолақтың жиырмаға жуық өлең, толғаулары, «Қарақ-ай», «Ұлықұм», «Қалқам-ай», т.б. әндері бар. Оның алты айтысы сақталған.

Сарышолақ шайырдың отаршылдыққа қарсы күрескен ақын болғаны оның жырларынан айқын көрінеді. «Ұлы орыс халқына қарсы», деген желеумен кеңес үкіметі де өлең-жырларын оқуға тыйым салды. Осының кесірінен ұлы ақынымызды ұрпақ ұмыта бастады.

Ақынның өлең-жырларын зерттеп, халыққа кітап етіп ұсынған филология ғылымдарының докторы, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, едігетанушы, сарышолақтанушы Жұбаназар Асановтың, көптеген мақалалар жазып, ақынның жырын ұрпаққа насихаттап жүрген Оңдасын Үсеновтің еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Ақтөбе қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі биыл «Жыл кітабы» ретінде таңдалған, жалпыхалықтық оқуға ұсынылған  Сарышолақ Боранбайұлының шығармашылығына арналған «Ұлы дала ақыны – Сарышолақ Боранбайұлы» атты жыр керуені эстафетасын ұйымдастырды. Бұл шара Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойы мен 2011 жылдан бастау алған «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында өткізіліп жатыр. Бұл жыр керуені эстафетасы Шалқар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне тапсырылды.

Назерке ҚҰЛЖАНОВА, 

М.Ломоносов атындағы қалалық

орталық кітапхананың  бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Өнер

СУРЕТШІ

Суретші  Сағынтай Әлімбетовтің шығармашылығының басты идеясы – табиғат пен адамның біртұтастығы. Қазақтың ою-өрнектері сұлу табиғатпен үндесіп жатқан әсем бір әлем. Ұлттық киім әшекейлері, киіз үй жасауы, қолөнер бұйымдары халқымыздың жоғары эстетикалық талғамын айтқызбай-ақ ұқтырады.

С.Әлімбетов осындай табиғи үйлесімділікті бейнелеу өнері арқылы ұрпақтан- ұрпаққа шырайын бұзбай жеткізуді мақсат тұтқан.

С.Әлімбетовтің туындылары қазақ батырларына,  халық арасынан шыққан композиторларға, қазақ еліне еңбегі сіңген тұлғаларға арналды. Ол қазақтың ұлы перзенттері  Әбілқайыр хан, Тәттімбет, Дәулеткерей, Мөңке би, Есет Көтібарұлы, Махамбет, Қорқыт ата, Шығанақ Берсиев, Ғазиза Жұбанованың және басқа да портреттердің авторы.

… Мектепте оқып жүргенінде-ақ «суретші бала» деп аты шыққан Сағынтай Әлімбетов Алматы көркемсурет училищесінде, кейін Абай атындағы қазақ педагогикалық мемлекеттік институтында оқыды. 1979 жылы алғаш рет республикалық көркемсурет көрмесіне қатысқаны шығармашылық жолындағы алқашқы жетістік деуге болады. Оның көрмеге қойған еңбектерін өзі асқар таудай көретін атақты суретшілер, ұстаздары ұнатты. Әсіресе, «Ұйқыдағы бала» атты туындысына байланысты айтылған жылы пікір, жақсы лебіздер оған қанат бітіргендей болды. Алматыдан Ақтөбеге ерекше бір әсермен оралып, ол сол көрмені өзінің шығармашылық жолының бастауы санаған еді.

1987 жылы ол КСРО Суретшілер одағының мүшесі болып қабылданды. Ал 1997, 2003  және 2008 жылдары Ақтөбе қаласында жеке көрмесі өтті.

Жалпы, оның Ақтөбе өңірі үшін сіңірген еңбегі бір төбе.  Сағынтай Әлімбетов «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» медалі нұсқасының авторы.  Ол — Ақтөбе қаласының елтаңбасы мен туының, Ойыл ауданы елтаңбасының авторы, Тама Есет батырдың 325 жылды мерейтойының, сондай-ақ Қайдауыл батырдың 230 жылдық мерейтойының бас суретшісі; «Ақтөбе» энциклопедиясының суретшісі.

Қазақстан Республикасының Суретшілер, дизайнерлер одағының мүшесі, Бейнелеу өнерінің профессоры, «Әлем халықтарының өнері» атты халықаралық ассоциацияларының лауреаты, республикалық, халықаралық көркемсурет көрмелеріне, симпозиумдарға қатысқан.  «Қазақстанның ең үздік адамдары» атты энциклопедиясына есімі енгізілген. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Сағынтай Әлімбетовтің еңбектері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің резиденциясында, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінде, АҚШ, Франция, Австрия, Голландия, Германия, Түркия азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде  Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында  суретші  Сағынтай Әлімбетовтің «Тарихтың тұлғалық бейнесі суретші шығармасында» атты жеке  шығармашылық көрмесі ашылған болатын. Оған суретшінің  шығармашылық жолының әр кезеңдерінде жазылған 32 кескіндеме туындылары қойылды.

 Ақзер КӨЛМУРЗИНА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.  

Алғыс

ЕМІНЕ ДАУА ТАПҚАНДАР

Редакцияға 10 шақты адамнан бір тақырыптағы хат келді. Барлығы да халық емшісі Ақбота деген кісі мен оның анасына алғыс білдірген хаттар екен. Бірнеше адамның газетке жазған хатын түгелдей жарияламасақ та, қысқаша келтіре кетуді жөн көрдік.

«Сол жақ бетім бір жағына қисайып тұрған еді. Дәрігерлерге қаралғанмен, ауруға дауа таппадым. Ақботаға қаралғаннан кейін жақсы болдым, бетім түзеліп, бел, аяқ буындары, басым ауырғаны қойды. Келініме де жастайынан «Ұйқыдағы паралич» диагнозы қойылған болатын, оған да емнің оң әсері тиді», — дейді хаттардың авторларының бірі Орынша деген кісі.

1992 жылы сәуірде тұмаумен ауырып, ауруы асқынып, құлағы естімей қалған Ақтөбе қаласы тұрғыны Роза Шакербаева да осы емшіге келгеннен кейін құлан-таза айыққанын айтып, рақметін білдірген.

Ақтөбе қаласының тағы бір тұрғыны Жұмагүл Құрманғалиева былай дейді: «Биыл сәуір айында аяғым қатты ісініп, ауырып, дәрігерге, емші-тәуіптерге , тіпті Корея және Қытай елінен келіп жатқан емшілерге де бардым. Бармаған жерім қалмады, бірақ аруға ем табылмады. Бір күні «Қазақстан Республикасының халық емшісі Ақбота қыздарыңыз ем жүргізеді» деген хабарландыруды көрдім. Ертесіне ертемен жолдасым екеуміз келдік. Үлкен үмітпен келдім. Үмітім ақталды, қазір денемдегі ісік кетіп, ұйқым дұрысталды», — дейді ол.

Шынар деген кісі ем алғанның нәтижесінде өт жолының тазарып, қуықтан құм, бүйректен тас түскенін, денсаулығының жақсарғанын айтып, алғысын білдірген.

Зейнеткер ұстаз Қаракөз Сағынова мен Ердібек-Әсем деген ерлі-зайыптылардың бірі қара сөзбен жүрекжарды тілегін білдірсе, екіншілері өлең арнаған.

М.ТАБЫН.

 

 Пікір

ТОЙДАН КЕЙІНГІ ОЙ

Байғанин халқы былтыр күзде ауданның құрылғанына 90 жыл толған тойды есте қаларлықтай етіп атап өтті. Бұрынғы Табын ауданының орталығы болған Жарқамыс ауылында, қазіргі аудан орталығы Қарауылкелдіде ұлан-асыр той болды. Ауылдық округтердегі шаруашылықтардың, еңбек озаттарының сап түзеуі де керемет ұйымдастырылды. Олар өз өңірлерінен шыққан ақын-жазушылардың портреттерін мақтанышпен көтеріп шықты.

Осы мерейлі тойда Доңызтау жеріне, еліне еңбегі сіңген азамат Сұлтан Аманғосовтың есімі еленбей қалды. Ол кісі 1921-1969 жылдары өмір сүрген, жастайынан жетім қалған, еңбекке ерте араласқан. Екінші дүниежүзілік соғыста жараланып, елге келген соң ауданның дамуына атсалысады. Соғыстан кейінгі жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Жамбыл атындағы ұжымшарда басқарма төрағасы болып жұмыс істейді. Осы жылдары аталған ұжымшар басшының шебер ұйымдастырушылығы арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, миллионер колхоз атанды. 1961 жылы КОКП ОК Бас хатшысы Н.Хрущев республикаға келіп, жиында сөйлеген сөзінде осы Жамбыл атындағы ұжымшардың жұмысын жоғары бағалаған. Бұл Аманғосов басқарған ұжымшарды одақ деңгейінде мойындағандығының дәлелі еді. Сұлтан Аманғосов «Оймауыт», «Матайқұм» кеңшарының орталықтарын да нөлден бастап құрған азамат. Қарақалпақстаннан, Түрікменстаннан 100-ден артық отбасын көшіріп әкеліп, алдына мал беріп, елдің тұрмысын жақсартуға үлес қосқан. Осы еңбектері еленіп, 1958 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

Доңызтаудан шыққан, ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлесін қосқан азаматтар Наурызғали Манкин (1902-1982) мен Досақ Көшкінбаевтардың (1916-1971) есімдері де еленбей қалды.

Еленбей қалды деген себебіміз, осы азаматтардың есімдері ауданның 90 жылдығы тұсында шығарылған энциклопедияда дұрыс көрінбей қалған. Энциклопедияда Сұлтан Аманғосов ағамыздың суреті жоқ, ауданның 75-80 жылдығына арналып шығарылған энциклопедияларда бар болатын. Басқа да көптеген азаматтар еленбей қалды. Олардың ішінде Наурызғали Манкин мен Досақ Көшкінбаев та бар.

 Мұхамбетәли НҰРТАЗАҰЛЫ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы. 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button