Жаңалықтар

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жеңіске жетті

9 маусымда өткен кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының алдын ала қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы кеше түске таман жария етті.

Алдын ала қорытындылар бойынша, сайлаушылардың 70,76 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген.

9 маусым күні дауыс беру еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде сағат 7.00 мен 20.00 аралығында жүргізілді.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауы бойынша, осы күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14.00-ге дейін еліміз бойынша барлық сайлаушылардың 51,8 пайызы дауыс беріп үлгерді.

Ал дауыс берушілердің жалпы саны жөніндегі алдын ала қорытындылар

Нұр-Сұлтан уақытымен 22.20-да хабарланды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, елімізде тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,4 пайызы сайлауға қатысқан. Соның ішінде, Ақтөбе облысы сайлауда белсенділік таныту жағынан ең алдыңғы орындағы үш облыстың бірі болды. Облысымызда бұл күні 529 сайлау учаскесі жұмыс жасады, жалпы, барлық тіркелген сайлаушылар саны 568 мың болды. Солардың 84, 9 пайызы өз үміткерлері үшін дауыс берді.

Ең жоғары көрсеткіш — Алматы облысының еншісінде: мұнда сайлаушылардың 89 пайызы дауыс беруге қатысқан. Ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді — 52,2 пайыз. Осы жолы еліміз бойынша 160 203 жас сайлауға алғаш рет қатысты.

Еxit poll қорытындылары 9 маусым күні түнде жарияланды. Атап айтқанда, «Қоғамдық пікір» институты мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнамалар нәтижесінде, Президент сайлауына Nur Otan партиясынан түскен кандидаттың өзге үміткерлерден айтарлықтай жоғары дауыс жинағаны жөнінде белгілі болды.

«Қоғамдық пікір» институты өкілдері жүргізген сауалнама нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,13 пайызының дауысын жинады.

Осыған байланысты өзінің сайлауалды штабында болып, exit poll қорытындысын жариялау рәсіміне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім білдірген барша отандастарына алғысын жеткізді.

«Сайлауалды науқан өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде, бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ол:

«Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жағдайдың өзгергенін көріп отырсыздар. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан Қазақстанға жаһандық оқиғалардың да ықпалы болары сөзсіз. Сондықтан біз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек», — деп атап өтті.

Еліміз бойынша барлығы 6 504 054 адам Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басшысы болып сайлануы үшін дауыс берген.

Сайлаушылардың 16,02 пайызы немесе 1 472 733 адам Әміржан Қосановқа дауыс берген. Дания Еспаева 478 153 дауыс жинады, бұл — сайлаушылардың 5,2 пайызы. Төлеутай Рахымбеков 294 271 адамның, немесе сайлаушылардың 3,2 пайызының қолдауына ие болған. Жамбыл Ахметбековке 167 249 адам немесе сайлаушылардың 1,82 пайызы дауыс берген. Амангелді Таспихов 190 304 дауыс, немесе сайлаушылардың 2,07 пайызының дауысын жинады. Сәді-Бек Түгелге 84 348 адам дауыс берген, бұл — сайлаушылардың 0,92 пайызы.

Айта кетелік, 9 маусым күні дауыс беруге еліміз бойынша 9 261 460 азамат келген. Жалпы сайлаушылар тізіміне 11 960 364 адам тіркелсе, солардың 77,4 пайызы сайлауға қатысты.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button