Жаңалықтар

Ақтөбеліктер өз таңдауын жасады

Ақтөбенің Өрлеу ауылының тұрғындары Президент сайлауына белсенді түрде қатысты. №57 мектепте орналасқан №107 сайлау учаскесіне сайлаушылар дауыс беру уақыты аяқталғанға дейін ағылып келіп жатты.

Учаске есігі жабылар сәтке таянғанда ауыл тұрғыны Рүстем Бақыткерей отбасымен бірге келіп, дауыс берді.

Бүгін —  қызым Аиданың  туған күні. Таңертеңнен үйде қонақтар болды. Соған қарамастан уақыт таптық. Себебі сайлау — еліміздің болашағы үшін маңызды оқиға, — деді Рүстем. Комиссия төрайымы кішкентай Аиданы  құттықтап, сыйлық берді.

Тұрғындардың дауыс беру сәтін партия мен ұйымдардан келген бақылаушылар қадағалап отырды. «Аманат» азаматтық платформасынан келген Хамит Қонтаев заңбұзушылықтардың орын алмағанын айтты.

Учаске есігі уақытында ашылды. Содан бастап дауыс беру сәтін қатаң қадағалап отырмын. Ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды.  Комиссия мүшелері де өз жұмысын тиянақты атқарды, — деді ол.

Сайлау комиссиясының төрайымы Мәншүк Досжанованың айтуынша, учаскеге 1494 адам тіркелген. Оның ішінде алғаш дауыс бергендер саны — 26, үйден дауыс бергендер — 37 адам. Туған күні сәйкес келген  6 адам мен 24 қарт және алғашқы болып келгендер  естелік сыйлықтарға ие болды. Дауыс беру уақыты аяқталған кезде есік жабылып, артық қалған парақшалардың оң жақ шеті қиылды.  Бақылаушылардың көзінше жәшіктегі бюллетеньдер саналды. Жарамсыз деп танылған 9 парақша бөлек қойылды. Дауыс санау сәтін бақылаушылар қарап отырды. Жалпы Өрлеу тұрғындарының сексен пайыздан астамы сайлауға келген.

***

«Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында орналасқан  №52 сайлау учаскесінде сайлау күні достық мерекесіне ұласты.

Достық үйінің қанатының астында отырған түрлі ұлттық орталықтар мүшелері ән айтып, жыр төгілтті. Украиндердің облыстық «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының өнерпаз мүшелері ән айтып, келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

— Мен де украин ұлттық орталығының мүшесімін. Зейнеткер болсам да, облыста өтетін түрлі мәдени шараларға украин орталығымен бірге белсене қатысамыз. Достық үйіне жақын жерде тұрамын. Міне, өз таңдауымды жасауға келіп тұрмын. Ең бастысы, елімізде татулық болсын, бірлік болсын. Мен бірлігі жарасқан ел үшін, ынтымақты болашақ үшін дауыс беремін, — дейді қала тұрғыны Наталья Сычова.

Облыстық мәслихат депутаты Сәния Қалдығұлова да тізім бойынша осы сайлау учаскесінде екен. Келушілердің бірі болып ол да өз таңдауын жасап, дауыс берді.

***

Қалалық оқушылар сарайында орналасқан №77 сайлау учаскесінде тізім бойынша 2160 адам тіркелген. учаске төрағасы Нұргүл Мұсабекованың айтуынша, дауыс беру таңғы сағат 7-де басталды.

Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Таңертең есікті ашқан кезде адамдар дауыс беру үшін кезекте тұрды. Олардың арасында үлкен кісілер де, жастар да, орта жастағы азаматтар да көп болды. Сағат 11-ге дейін мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді. Учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ 18 адамның үйіне бардық,  — дейді ол.

Біз барған кезде тұрғындар өз таңдауын жасау үшін отбасымен, бала-шағасымен келіп жатты. Балаларға сыйлықтар үлестіріліп, үлкендерге Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған кәдесыйлар берілді. Есіктің алдында кішігірім сауда-саттық ұйымдастырылды.

Өз таңдауын жасауға келгендердің арасында білім саласының ардагері Розалия Сабадан да бар екен. Ол білім саласында 50 жылдан астам еңбек еткен.

— Бастауыш сынып мұғалімі болдым. Зейнетке шыққаннан кейін де 12 жыл жұмыс істедім. Ұрпағымыздың болашағы, еліміздің тыныштығы үшін келешек президентімізге дауыс бергелі келдік. Болашақ Президентіміз дана, ақылды, білімді адам болса екен, оған қоса болашақ Президентімізге мықты команда тілеймін. Халықтың алғысын алатын басшы болса екен! Қазақстан — менің Отаным, елімізде барлығы жақсы болатынына, болашақтың жарқын болатынына сенемін, — дейді ардагер ұстаз.

Ал биыл сайлау науқанына бірінші рет қатысқан 19 жастағы ақтөбелік Семен Прошутинский де өз таңдауын жасады. Қаржы колледжін бітірген жас жігіт гандбол спортымен айналысады екен. Қазір жоғары оқу орнына түсу қамымен жүргенін айтады.

— Саяси науқанға бірінші рет қатысып, дауыс бергелі келдім. Дауыс беру, өз таңдауыңды жасау — үлкен жауапкершілік. Менің сенім білдірген адамым жеңіске жетеді деп ойлаймын, — дейді ол.

***

№72 сайлау учаскесіне де таңнан бері келушілер көп болды. Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Жездігүл Мұқанованың сөзінше, 2191 сайлаушының арасында Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының курсанттарының үлес салмағы басым. Үйден дауыс беретіндердің саны — 75.

— Бұл — менің алғашқы сайлауым. Сондықтан осында келместен бұрын әр үміткердің өмірбаяны, ұстанған бағыты мен мақсатымен жіті таныстым. Менің дауысым еліміздің дамуында аз да болса өзіндік септігін тигізеді ғой деген үміттемін, — дейді әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының курсанты Мәди Темірғалиев.

Соңғы аталған сайлау учаскесінің бақылаушысы Еркін Иманқараев өзіне бірінші рет осындай жауапкершілік жүктелгенін, бұны үлкен абырой санайтынын атап өтті. «Сайлаудың аяқ алысын өз көзіммен көрейін деп бақылаушы болуға арнайы сұрандым. Әзірге ешқандай тәртіп бұзушылықты байқамадым, бәрі бірқалыпты өтіп жатыр», — деп қысқа қайырды ол.

***

Сол күні аталған сайлау учаскесінде 9 маусым күні сағат 20.00-ге дейін 1750 сайлаушы дауыс беріп үлгерді.

Дауыс берудің аяқталуына таман залда сайлау комиссиясының мүшелері, хатшы Гүлзат Дүзбаева, төрайымы Жездігүл Мұқанова және 8 бақылаушы болды. ҚР «БАҚ туралы» заңына сәйкес, ақпарат құралдарының өкілдері де жәшіктен бюллетеньдердің алынуына куә болды. Ең алдымен үйден дауыс берген 75 адамның бюллетені салынған жәшік ашылды. Оны Жездігүл Мұқанованың өзі ашып, ішіндегіні учаске өкілдерінің алдында тиісті бөліктерге қойды.

Тұрғындар өзі келіп дауыс берген жәшіктерді ашу жайы да барлық бақылаушылардың көзінше жасалып, бейнекамераға түсірілді. Шараның өзі бірқалыпты, заңға сәйкес жүргізілді. Қатысушылар тарапынан ешқандай келіспеушілік болған жоқ.

Сайлау учаскесінің төрайымы журналистерге ЕҚЫҰ-ның 4 өкілі учаскеге келгенін, олардың да дауыс беру талаптары ҚР-ның «Сайлау туралы» Заңына сәйкес жүргізілгенін айтқанын атап өтті.

***

Өз үміткерін қолдап, дауыс берушілерді Ақтөбе қаласындағы сайлау учаскелерінде таңғы сағат 7-ден бастап кездестірдік. Ал жүріп-тұруы қиын азаматтардың үйіне арнаулы жәшіктер жеткізілді.

Өз үйінде дауыс бергендердің бірі — Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Ходус.  100 жастағы ақсақал әрдайым азаматтық белсенділігін танытып, дауыс беріп келе жатқанын айтады. Тек соңғы жылдары ғана денсаулығы сыр беріп, сайлау учаскесіне баруы қиындаған майдангер:

— Өмірімдегі бірде-бір сайлаудан тыс қалғаным жоқ. Биыл да, міне, баспанамнан дауыс беру бұйырыпты.

Мен өз таңдауымды жасадым. Қазақстанның әрі қарай өсіп-өркендеуіне үлес қосатын үміткерге даусымды бердім дегенге сенімім кәміл, — дейді.

Ақтөбе қаласындағы №22 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Ардақ Тұрлыбекова қартқа ризашылығын білдіріп, шағын сый-сияпат ұсынды. Оның айтуынша, өзі барып дауыс беруге жағдайы келмейтін, яки жалғыз тұратын, болмаса мүмкіндігі шектеулі 15 қарияға комиссиядағылар осылай арнаулы жәшікпен жолықты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button