Басты жаңалықтар

Сайлау — 2019: аудандар

Алға

Алғалықтар сайлауға белсенді түрде қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы берген мәліметке сай, дауыс берушілердің 93%-ы сайлауға қатысқан.

Бұл күні аудан бойынша 34 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Ал нақты тіркелген сайлаушылар саны — 27 571 адам. Оның 1177-сі — ең алғаш дауыс берушілер.

Алға ауданында да дәстүр бойынша кәмелет жасына толып, ең алғаш дауыс бергендер мен сайлау учаскесіне ең бірінші келгендерге естелік сыйлықтар табысталды.

— Бүгін тәуелсіз еліміздің азаматшасы ретінде алғаш рет сайлау науқанына қатысып, өз таңдауымды жасадым. Әрине, еліміздің болашағы жолында нақты қадам жасайын деп жатқандықтан, ұзақ ойланып, барлық үміткерлердің бағдарламаларымен танысып шықтым. Дауыс беру барысында менің дауысымның елім үшін маңызды екендігін түсіндім, — дейді алғаш дауыс берушілердің бірі Гүлнұр Рысжан.

Әйтеке би

Сайлау күні ауданнан барлығы 31 сайлау учаскесі құрылып, 13 307 адам дауыс берді.

Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Сатимовтың айтуынша, тұрғындардың жоғары белсенділігі байқалған. Олардың ішінде еңбек ардагерлері, жас отбасылар мен жастар бар. Бәрінің тілегі бір: тыныштық, бейбітшілік, бақуатты болашақ.

Аудан орталығындағы 4 сайлау учаскесінде Ел заңына сәйкес, сайлаудың ережелері айтылып, алғашқы дауыс берушілерге сыйлықтар табысталды.

Аудандық Мәдениет үйінің алаңында концерттік бағдарлама ұсынылды.

Байғанин

Аудандық сайлау комиссиясы берген мәліметке сәйкес сайлау күні Байғанин ауданында 24 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Оның бесеуі аудан орталығында болса, қалған 19-ы ауылдарда орналасқан. Ал ауданда тіркелген сайлаушылар саны — 14 114 адам.

Байғанин ауданы бойынша да денсаулығына байланысты сайлауға келе алмаған азаматтарға үйлерінен дауыс беру мүмкіндігі жасалды. Ал жасы 100-ге келген Оймауыт ауылының тұрғыны Тұрыш Құдайғұлова сайлау учаскесіне өзі келді.

Ғасыр жасаған кейуана, алтын алқа иегері аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықтықта жатқан Оймауыт ауылында тұрады.

Елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін сайлауға келіп, өз дауысын берген Тұрыш әжей еліміз үшін саяси маңызды шараға қатысу әрбір азаматтың парызы деп санайды.

Сайлауға балаларын бастап келген әжей жұртымызға амандық, елімізге тыныштық тіледі.

Қарғалы

Жауапты саяси науқан — сайлауға біздің аудандағы сайлау учаскелері де  тыңғылықты дайындалды. Солардың бірі №241 сайлау учаскесі 962 сайлаушыға мінсіз қызмет ете білді.

Ертелетіп сайлау учаскесіне әр үміткерлердің  сенімді өкілдері, ауданда тіркелген партия белсенділері жетті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 ел атынан Италияның, Арменияның өкілдері де ауданда өткен сайлауға бақылаушылық жасады. №241 сайлау учаскесінің төрайымы Бану Мұхтар сайлау комиссиясының мүшелерімен қатар, қатысқан бақылаушыларды да таныстырып, сайлаушыларды бүгінгі тарихи маңызы зор сайлау күнімен құттықтап, сәттілік тіледі. Ең алғашқы болып осы  сайлау учаскесіне тіркелген Ақтөбе политехникалық колледжінің студенті Қайрат Бисенғалиев, одан кейін іле ел ағасы,  еңбек ардагері,  сексеннің сеңгірінен өткен Серікбай Нұрғалиев дауыс берді. Сайлау учаскесінің төрайымы Б.Мұхтар алғаш дауыс бергендерге арнайы естелікке сый-сияпат тапсырды.

Серікбай ақсақал:

— Мен 18 жасымда Орынбор облысына қарасты Целинный деген совхозда комбайнер болып жүргенде алғаш дауыс бердім. Ол кезең қиын еді. Қыста ат шанамен, жазда арбамен ми қайнатар ыстықта алыс-жақынға қарамай, барып дауыс беретінбіз. Ол кезде таңдау жоқ. Қазіргідей 7 үміткерге дауыс бергенім алғаш рет, — деді.

Аталған сайлау учаскесінің сайлаушылары ұйымшылдық танытып, 98,8 пайызбен аяқтады.

Қобда

Қобда ауданында тіркелген 11480 сайлаушының 11337- сі дауыс берді. 200-ден астам бақылаушы қатысып, шетелдік ОБСЕ, ТМД елдерінен келген  өкілдері сайлау учаскелерін аралады. Сайлаушылардың басым бөлігі түске дейін дауыс беріп болды.

Түстен кейін әр учаскеде  сайлаушылардың көңілін көтеруге арналған іс-шаралар өткізілді. Аудан орталығында ауылшаруашылық және тұрмыстық заттар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда Ақтөбе қаласындағы «Дина» ірі сауда желілерінің тауарлары сатылып, жергілікті өнімдер де шығарылды.

Сайлауда тұрғындардың белсенділігі өте жоғары болды. Түнімен жұмыс істеуге тура келді. Нәтижесінде әр сайлаушының қалауы болды. Біздегі ерекше жағдай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұрыш жасақталды. Онда  арнайы программалар дайындалып,  компьютерге енгізілді. Есту, көру қабілеті төмен жандарға барынша қолайлы жағдай жасалды. Олар еш кедергісіз дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Ал, үйден шыға алмайтын жандарға жәшіктер апарылып, үйден дауыс беру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл үкіметіміздің осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуі және  үлкен жетістігіміз деп білемін, — деді аудандық аумақтық орталық сайлау комиссиясының төрайымы Ақшолпан Оразова.

Мәртөк

Бұл күні аудан бойынша 39 сайлау учаскесі жұмыс жасады.

Аудандық сайлау комиссиясы берген мәліметке сәйкес, Мәртөк ауданында 20583 сайлаушы тіркелген. Ал сайлау науқанына аудан тұрғындарының 96 пайызы қатысты.

Дәстүр бойынша кәмелет жасына толып, ең алғаш дауыс бергендер мен сайлау учаскесіне ең бірінші келгендерге естелік сыйлықтар табысталды.

Азаматтық ұстанымын белсенді көрсетіп, ертемен дауыс беруге келгендердің бірі — Райымбек Жарлыханов. Алғаш рет сайлауға қатысып, №293 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған Райымбек учаскеге келіп, дауыс беру әр азаматтың парызы деп санайды.

— Бүгінгі күн — еліміздің болашағын айқындайтын тарихи күн. Алғаш рет еліміздегі маңызды саяси оқиға — Қазақстан Республикасының Президент сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасап жатқаныма өте қуаныштымын. Қолыма алғаш рет сайлау парағын алғанда аздап қобалжығаным рас. Өз болашағым үшін дауыс бердім. Меніңше, еліміздің әрбір азаматы өзінің бүгіні мен келешегі үшін сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы тиіс, — дейді Райымбек.    

Әр сайлау учаскесінде партиялардың және үкіметтік емес ұйымдарының мүшелері, бақылаушылар мен кандидаттардың сенімі өкілдері жұмыс жасады. Сайлаушылардың барлығына бірдей мүмкіндік жасалды. Денсаулығына байланысты үйден дауыс бергендер де бар.

Мұғалжар

Президент сайлауында Мұғалжар ауданы бойынша 53 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Барлығы 42 583 сайлаушы тіркелді. Оның ішінде 10 сайлау учаскесі Қандыағаш қаласында орналасқан.

Сайлау күні аудан тұрғындары таңнан бастап учаскеге ағылды. Еңбек ардагерлері, жастар, яғни барлығы сайлауға белсенді түрде қатысты. Мәселен, Қандыағаш қаласында тұратын 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Артем Проскурня дауыс беруге келді.

Еліміздің жарқын болашағы үшін бұндай маңызды оқиғадан ешкім қалыс қалмауы керек, — деді ардагер.

Сондай-ақ пауэрлифтингтен облыстың  аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аудандық мәслихаттың депутаты Сергей Ведюшкин, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тұрар Теңелов секілді танымал спортшылар өз сайлау учаскелеріне барып, таңдауларын жасады. Учаскелерде алғашқы болып келген сайлаушылар мен еңбек ардагерлеріне және туған күн иелеріне сыйлықтар таратылды.

Ойыл

Ойылдықтар сайлауға таңғы  сағат 6.30-дан бастап келді. Аудан бойынша 25 сайлау учаскесінде 100-ден аса бақылаушы болды. Әр ауылдардағы сайлау учаскелерінде жергілікті тұрғындар өз таңдауларын жасады. Сол күні түстен кейін әр ауылдарда концерттік бағдарламалар мен спорттық шаралар өтті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев өзі бақылаушы болған сайлау учаскесінде заңбұзушылықтардың болмағанын айтты.

Бізде сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әркім қалаған үміткерлеріне дауыс беруге толық мүмкіндік болды. Алғаш рет өз таңдауларын жасауға  белсеніп келген жастарға «Ең жас сайлаушы» деген номинация бойынша сыйлықтар берілді. Сондай-ақ ел тағдырына қатысты өз шешімдерін білдіріп, дауыс берген қарияларға құрмет көрсетілді, — деді ол.

Аудандық аумақтық орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша сайлауға 10 мыңнан аса адам қатысқан.

Темір

Президент сайлауына Темір тұрғындарының 98,1%-ы қатысты. Аудан бойынша 31 сайлау учаскесі жұмыс жасады.

Аудандық сайлау комиссиясының берген мәліметінше, Темір ауданында жалпы саны  22 823 сайлаушы тіркелген.

Ауданда таңнан бастап халықтың белсенділігі жоғары екендігі байқалды. Науқанға сайлаушылардың 98 пайызы қатысқан. Солардың бірі — аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетов. Аудан басшысы отбасымен бірге №364 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Айта кетейік, Темір ауданында да комиссия өкілдері сайлау жәшігімен пәтерлерді аралап, денсаулығы бойынша келе алмаған және жасы үлкен адамдардың дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Барлық учаскелерде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, алғаш дауыс берушілер мен сайлау учаскелеріне алғаш болып келгендерге естелік сыйлықтар табысталды.

— Бүгін мен үшін де, еліміз үшін де маңызды күн. Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде бүгінгі сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Бұл күн — бірлігімізді бір арнаға тоғыстыратын, тәуелсіз мемлекетімізді басқаратын Ұлт көшбасшысын анықтайтын күн.  Сондықтан елімізде өтіп жатқан саяси науқанға қатысу әрбір азаматтың азаматтық борышы деп білемін, — деді №379 сайлау учаскесіне келген сайлаушылардың бірі Арай Ғалымбекқызы.

Хромтау

Хромтау ауданындағы 28 сайлау учаскесінде 30 780 тұрғын дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

Хромтау ауданына қарасты Қопа ауылдық округінің тұрғыны Жарылғап Қалмұратов №460 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Алғашқылардың бірі болып дауыс берген қария ұрпағының болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі сайлауға бейжай қарай алмайтындығын жеткізді.

Сондай-ақ алғашқылардың қатарында дауыс берген Асхат Төлегеновке белсенділік танытқаны үшін сыйлық берілді.

Көктөбе ауылдық округіндегі №465 сайлау учаскесіне ұлы мен келінін және немерелерін ерте келген Күнзира Қоқанова кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауының отбасы үшін маңыздылығын айтады.

—  Болашақ президент кім болса да, халық кімді сайласа да ол адам елін сүйетін, отаншыл азамат болса екен. Әсіресе жастарға жарқын болашақ сыйласын. Ең бастысы — еліміздің амандығы мен тыныштығы қымбат. Президент болу — өте қиын жол, — дейді Күнзира Қоқанова.

Шалқар

Бұл күні Шалқар ауданындағы 38 сайлау учаскесі сайлаушыларды мерекелік көңіл күймен қарсы алды. Көпшілік учаскелерде киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлер орындалды. Мерекелік дастарқандар жайылып, жиылған халыққа палау, бауырсақ, шұбат, балаларға тәттілер тегін таратылды.

Осындай айтулы күнде көпбалалы аналардың бірі Айым Суюкуловаға «Алтын алқа» табысталды. Әжелер хоры көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынды. Еңбек ардагері Дәулетжан Елеусізов пен аудандық мәслихат депутаты Орал Уксакбаев екі сәбидің тұсауын кесті. Балалардың ата-аналары оларға шапан жапты.

Сол күні некесін қидырып, отбасын құрып жатқан Айбат Досмұханов пен Гауһар Досымова сайлауға келіп, өз таңдауларын жасады. Оларға заңды некелері туралы куәлік салтанатты түрде табысталды. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев шаңырақ иелерін құттықтап, өз атынан сыйлық берді.

Бұл күні учаске алаңдарында спорттық жарыстар, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, сайлаушылар арасында ұтыс ойындары ойнатылды. Сондай-ақ, алғаш рет дауыс бергендер мен сайлау учаскелеріне бірінші келіп, дауыс берген сайлаушыларға сый-сияпаттар табысталды. Айтпақшы, бұл күні мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызмет көрсетті.

Ырғыз

Сайлау күні Ырғыз ауданы бойынша 22 сайлау учаскесі бірқалыпты жұмыс жасап, тұрғындар өз таңдауларын жасады. Аудан орталығындағы 5 сайлау учаскесінде де сайлау қалыпты деңгейде өтті.

Әр үміткердің сенім білдірген өкілдері мен бақылаушылар сайлаудың әділ өтуіне өз үлестерін қосты. Байқағанымыздай, аудан тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Маңыздылығы сол — әркім өз таңдауын жасап, саяси сауаттылығын көрсетті. Әрине, елінің болашақ басшысын сайлаудағы халық үшін ең басты құндылық — ел тыныштығы мен бейбіт те бақуатты өмір.

Мемлекеттік маңызы бар саяси жағдайға бейжай қарамайтын ырғыздық ата-әжелер учаскелерде төбе көрсетті. Атап айтсақ, ауыл ақсақалдарының бірі — 91 жастағы Кəкімжан Көнекбаев Ырғыз аудандық №216-сайлау учаскесінде дауыс берді. Таяғына сүйенген ақсақал жастарға батасын беріп, ел тыныштығын, халықтың бірлігін қалайтындығын жеткізді. Аға буын өкілдерінің елдегі саяси жаңалықтарға сергек қарауы жастарға үлгі боларлықтай.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button