Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер өз таңдауын жасап жатыр

Бүгін, 9 маусым күні Қазақстанда еліміздің президентін кезектен тыс сайлауы науқаны өтуде. Ақтөбе облысында 529 сайлау учаскесі бар, оның әрқайсысында халықаралық деңгейдегі, басқалай да  қадағалаушылар бар.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, облыста 568 мыңнан астам сайлаушы бар. Солардың бірі — облыс әкімі Ондасын Оразалин. Облыс басшысы №67 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Ақтөбеліктердің дауыс беру белсенділігін осы сайлау учаскесіне келіп көріп отырмын. Азаматтардың өзінің болашағына, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтыны қуантады. Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – еліміздегі тәуелсіздіктің, әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосады» – деді сайлау барысында облыс әкімі.

Ең алғашқы болып дауыс берген ақтөбеліктерге сыйлықтар таратылды. Сонымен қатар ең алғаш рет сайлауға қатысқан азаматтарға кәдесыйлар берілді. Олардың қатарында 19 жасар Семен Прошутинский бар. Оның айтуынша, ең алғашқы рет сайлауға қатысу ол үшін әсерлі сәт болды.

«Бюллетеньді қолыма алып, дауыс берер сәтте ғана мұның бәрі қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Үміткерлердің бәрін алдын-ала зерттеп, кімге дауыс берерімді біліп отырдым. Сонда да лайықты үміткерді таңдау маңызды болғандықтан кішкене қорқыныш болды», – дейді Семен.

Облыс бойынша комиссия өкілдері сайлау жәшігімен пәтерлерді аралап, денсаулығы бойынша келе алмаған және жасы үлкен адамдардың дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Ал жасы 103-ке келген Жәкібай Бисенғалиева  №26 сайлау учаскесіне өз аяғымен келіп, дауыс берді.

«Осы уақытқа дейін өткен сайлаулардың бірін де қалдырмадым. Аталған сайлау біздің еліміз үшін өте маңызды. Еліміздің ертеңін ойлайтын Президент келсе деп тілеймін. Жастарға айтарым: ұзақ өмір сүргілерің келсе – еңбек етіңдер. Өзім әлі де болса шаруасыз отырмай, тігін машинасымен іс тігемін. Еңбек етсеңдер – бәрі де болады. Денсаулығың дұрыс болып, ғұмырың да ұзарады», – деді Жәкібай апа.

Үйлерінде дауыс бермей, сайлау учаскесіне келіп дауыс беруді қалаған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік такси ұйымдастырылды. Көліктер арнаулы құрылғылармен жабдықталған. Бүгінгі сайлауға қатысқан «Ақтөбе қаласының сал ауруларды қолдау орталығының» басшысы Құралай Байменова мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау науқанына қатысу барысында көрсетілген қызметті «өте жоғары» деп бағалады.

«Мен елдегі тұрақтылық, бейбітшілік пен игіліктер үшін дауыс бердім, өйткені менің балаларым, немерелерім бар, сондықтан да Отанымыздың болашағына алаңдамай отыра алмаймын. Әрбір сайлауға қатысу маңызды деп есептеймін. Үміткерлердің бағдарламасын алдын ала жан-жақты зерттеп қарадым және өз көңілімнен шыққанына таңдау жасадым», – деп атап көрсетті «Қазақстанның Еңбек ері» Құралай Байменова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button