Жаңалықтар

Димаштың атасы мен әжесі дауыс берді

Әнші Димаш Құдайбергеннің ата-әжесі Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамутдиновалар да сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
70-тен асқан ата мен әже бұл сайлаудың ел болашағы үшін өте маңызды екенін айтады.

— Елімізде болып келе жатқан сайлаулардың ешқайсысынан қалмаймыз. Үнемі отбасымызбен келіп, дауыс береміз. Биыл балаларымыз Қанат пен Света, Димаш үшеуі Астанада өз таңдауын жасайды. Елде тыныштық, бейбітшілік, молшылық болсын, — дейді Димаштың ата-әжесі.
Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамутдинова дауыс берген 23-ші сайлау учаскесі Жаманқұлов көшесіндегі «Тұлпар» балабақшасының ғимаратында орналасқан.  Учаске төрағасы Рика Лекерованың айтуынша, Қанат-Света Айтбаевтар мен Димаш негізінен осы учаскеде дауыс беру керек болатын, бірақ сайлау күні басқа қалада болатындықтан, учаскеге келіп, басқа жерде дауыс беру құжатын рәсімдеген.

— Димаш бала кезде осы балабақшаға келді. Бірақ көп болған жоқ. Балабақшада кішкентай ойыншық қояны қалып қойып, соны көпке дейін айтып жүрді, жұмсақ ойыншықтарды жақсы көретін еді, — деп күледі әжесі Миуа Низамутдинова.
Бұл учаскеде 2770 адам тіркелген. Учаске төрағасының айтуынша, түскі сағат 11-ге дейін мыңнан астам адам өз таңдауын жасап үлгерген.

Мейрамгүл Рахатқызы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button