Жаңалықтар

Жол жөндеу жұмысымен танысты

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаладағы бірқатар жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді аралап, жай-күйімен танысты.

Алдымен шаһар басшысы орталық көшесі жөнделіп жатқан Бекқұл баба ауылына барды. Бүгінгі таңда ауылдың орталық көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын «Ерхат Жолдары» ЖШС жүргізіп жатыр. Ұзындығы — 1225 метр,  ал ені 6 метр болатын жолға 71 342, 40 теңге көлемінде қаражат бөлінген.

— Бүгінгі таңда жұмыстар басталды. Құрылыста 20-дан астам адам жұмыс жасап жатыр. Жол бұрынғысынша екі жолақты болады. Жөндеу жұмыстарын шамамен 1-1,5 айдың көлемінде аяқтаймыз, — деді «Ерхат Жолдары» ЖШС директоры Мұхтар Ермұханов.

Жобада екі қабатты асфальт жол және жол қозғалысын басқарудың техникалық құралдары, автобустарға арналған екі аялдама салу жоспарланған.

Мердігер мекемеге жұмысты уақытында аяқтауды тапсырған қала әкімі аталған ауылға кіреберістегі көпірдің жағдайын да бақылап көрді. 2017 жылы салынып, халық игілігіне берілген көпірдің азды-кем ақауларын мердігер мекеме «Ассана-Дорстрой» ЖШС қалпына келтіріп беруге уәде берді.

Бұдан өзге, қала әкімі Ұ.Құлымбетов пен Н.Байғанин көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолын салу барысын тексерді. Екі жобаны да «Ақтөбе құрылыс эксперт»  ЖШС жасаған, ал құрылыс жұмыстарын «Базис и К» ЖШС жүргізуде.

— Бүгінгі таңда қаланың ескі бөлігіндегі Қарасай батыр көшесіне де жаяу жүргіншілер жолы салынды. Енді осы көшелерде ағаш егу, көгалдандыру, абаттандыру мәселесін тұрғындар өз күшімен жасаса дұрыс болар еді. Қала тұрғындарынан көшелерге қоқыс қалдықтарын тастамай, керісінше азғантай болса да қаламызды көркейтуге атсалысуын сұраймыз. Бұл — құтты мекен тұрғындарының қаламыздың мерейтой жылына қосқан зор үлесі болар еді, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында  автожолдарды  күрделі  жөндеуге

байланысты  ауқымды  жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Өрлеу  елді мекенінде 5,7 шақырым, Ақжар елді мекенінде 2,6 шақырым  жолдар асфальтталып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да  қоса салынуда.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button