Басты бет » Ауыл » Ветеринария саласында жоғары білімді мамандар жетіспейді

Ветеринария саласында жоғары білімді мамандар жетіспейді

Көктем — төрт түліктің емін-еркін қырға шығып, жайылатын кезі.  Сөйтіп, қыстай әр қора мен аулада тұрған малдың өрісі ортақ болып, араласады. Жуанның жіңішкеріп, әрі  төлдейтін кезде мал ауруларының жұғу белсенділігі артады. Соның ішінде ең көп кездесетін сарып ауруы мал иелерінен ерекше сақтықты қажет етеді.  Өткен жылдардағы жағдайлар қайталанбас үшін мал ауруларының алдын алуда қандай шаралар жүргізу керек? Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанадбаевпен болған шағын сұхбатта әңгіме өзегі осы болды.

 Тұрмысы  төрт түлікке тәуелді жұрттың  сарыптан сан соғып, қорасы босап қалатын жағдайлары  жиі кездеседі…

— Сібір жарасы, пастереллез, құтырма және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары нәтижесін берді. Өткен жылы 604 527 ірі қара, 1 530 193 ұсақ малдан сынамалар алынып, зертханалық зерттеу нәтижесінде олардың арасындағы  жұқтыру деңгейі  6 пайызға төмендеді. Бруцеллез бен туберкулездің  таралмауы үшін  эпизоотияға қарсы іс-шаралар мал ауруларының алдын алуға және осы жұқпалы дерттің   адамдарға  жұқтырылуына жол бермеуге арналған.  Сонымен қатар  біз малдың ет-сүті өнімдері мен мал терісі, тағы басқа өнімдерінің   ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Жыл басынан бері  арнайы бөлінген нысандарда  4100 ірі қара, 2708 қой-ешкі, 1208 жылқы, 62 түйе және 12 684 шошқа сойылып,  ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтті.

— Қорасындағы  малына жұқпалы аурулар таралмауы үшін тұрғындар не істеуі керек?

— Мал ауруларын болдырмау  тек мал дәрігерлерінің ғана ісі емес. Бұл жерде тұрғындар да өздері белсенді болуы тиіс. Мәселен, басқа жақтан мал алар кезде, міндетті түрде   сол аумақтың ветеринар маманын хабардар ету керек.  Сатып алатын малдың ветеринарлық құжаты, құлақ жапсырмасы немесе тавросы міндетті түрде болуы шарт.  Осымен бірге, малдың жұқпалы ауруларға қарсы егіліп, тексерілуіне көз жеткізу керек.

Қазір бізде қолданыстағы ережеге сай ветеринарлық-санитарлық талаптар сақталса ғана созылмалы жұқпалы аурулардың алдын алуға болады.  Жұрт бар болғаны ережеге сай әрекет етіп, талаптарды орындаса болғаны. Ауырған малды арнайы орындарда сою қажет. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 5 ет өңдейтін кәсіпорын, 17 мал сою пункті, 38 мал сою алаңы жұмыс істейді. Ал өлген малдарды дер кезінде мал моласына апару керек. Ол үшін облыста 43 типтік және 128 мал көмінділері бар.

Шындығында, ауылда бір сиыр  жұқпалы ауруға шалдықса, ол бүкіл ауылдың малына кесірін тигізеді. Қазіргі кезде жыл сайын  әр өңірде бір-екі ауыл карантинге ілігеді. Мұның қиындығы сол, малын сыртқа шығаруға шектеу қойылған соң ауыл тұрғындары  малын не сата алмай, не соя алмай қиналады. Сөйтіп, жеке тұрғындардан да, шаруа қожалық  иелерінен де осы мәселе бойынша арыз-шағымдар жиі түседі.  Осы жердегі тағы бір қиындық мал басының бірегейленуінде  жатыр. Ауыл шаруашылығы малдарын бірегейлендіру мемлекеттік қызметке жататындықтан, бұл   мал иесінің өтініші негізінде атқарылады.  Алайда  қолданыстағы бұйрық бойынша жаңа туған төлдер 7 күннен кейін сырғалануы керек болса, мал иелері әдетте өтініш беруге асықпайды.  Сонымен қатар тұрғындарымыздың мал санын жасырып қалуы әлі де  кездеседі. Жасырылып қалған мал жалпы  мәліметтер базасына енгізілмегендіктен де, бұл түптеп келгенде, өңірдегі  нақты  мал санының анықталуына  да кедергі келтіреді. Бүгінде облыс бойынша  449 305 ірі қара, 943 355 қой-ешкі, 135 794 жылқы, 17, 632 түйе компьютерлік базаға енгізілді.

— Тұрғындар мал дәрілерінің қымбат әрі  қат екенін айтады. Қандай дәрі-дәрмектер ақысыз беріледі? Оны қайдан алуға болады? Тұрғындар осы жағын білгісі келеді.

— Аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы дәрілер мемлекет тарапынан бөлінеді. Жоспарға сәйкес барлық малды  сібір жарасы, құтырма, пастереллез, қарасан, тағы басқа жұқпалы ауруларға қарсы егу мемлекеттік тапсырыс негізінде орындалады. Ал жұқпалы емес ауруларға қарсы дәрілерді мал иесі өзі сатып алады.

— Неге екені белгісіз, бруцеллез көктемде ғана анықталып, жойылады. Ол кезде мал арық, сатса тек жарты бағасына ғана өтеді. Бұл, әсіресе, сиыр малына қатысты. Тұрғындар ветеринар-дәрігерлер малды неге   күзде, мал қоңды кезде тексермейді деп арыз айтады.

— Мал ағзасына түскен вирус өздігінен жойылып кетпейді, ағзада сақталады.  Ал бруцеллезге шалдыққан малды  сынама жүргізу арқылы  жылдың қай мезгілінде де анықтауға болады. Күз болсын, көктем болсын, ол  бәрібір шығады. Бруцеллездің алдын алу стратегиясы бойынша, мүйізді ірі қара  мен қой-ешкі аналықтары жылына екі рет тексеріледі.

Облыстық ветеринария мекемесінің  материалдық-техникалық жағдайы қалай? Ветеринария саласында  маман мәселесінде қиындық бар сияқты…

— Әр аудан орталығындағы бөлімдеріміздің  өз ғимараттары бар, қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал ауылдық  округтердегі мамандар  әкімшіліктің ішінде отыр. Бұл жөнінен аса қиындық жоқ. Жасыратыны жоқ, маман тапшы. Еңбекақының аздығына байланысты, ауылдардағы ветеринарлық стансаларда  жастар тұрақтағысы келмейді.  Дегенмен, ауылдарда  жыл сайын мал саны өсіп келеді.  Шаруа қожалықтарының да, жеке тұрғындардың  да малдарын түгел қарап, тексеріп отыру үшін  ауыл-ауылдарды жиі-жиі аралап жүру  керек. Міне, осы жұмысқа  маман жетіспейді. Оның үстіне, енді ғана жұмысқа кірген  жас мамандарға біраз тәжірибеден өтуге тура келеді. Біздің есептеуіміз бойынша, қазіргі кезде  ауылдық жерлерге 23 жоғары білімді ветеринар маман қажет. Облысымыздан Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жастарымыз оқып жатыр. Батыс өңірі бойынша ауыл шаруашылығы  мамандарын  тек осы  оқу орны даярлайды. Маман тарту мақсатында жоғары оқу орнының магистранттары мен студентттермен кездесу өткізгенімізде, өкінішке қарай, олардың ауылдарға барып жұмыс жасауға ниет білдіретіндері аз екенін байқадық.

Сұхбаттасқан Самат НАРЕГЕЕВ.