Ақтөбе — 95

Құрметті «Ақтөбе» газетінің ұжымы! Қадірлі оқырмандар!

«Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуы — елеулі белес, айтарлықтай кезең. Тарихтың бір бөлшегі іспетті саналатын осы ауқымда қоғамымыз қаншама сыннан өтіп, айтарлықтай өзгерістерді бастан өткерсе, бұл басылым да соның барлығының шежірешісі болып келеді.

1924 жылдың 7 маусымында «Кедей» деген атпен жарық көрген басылымның 95 жылдық жолы — Ақтөбе өңірінің тұтас жылнамасы іспеттес.

Сіздерді осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын!

Республикамыздағы байырғы басылымдардың бірі саналатын бұл газетте бірнеше буын өкілдері қызмет атқарды. Алдыңғы толқын қалыптастырып кеткен жақсы дәстүрлер кейін де сабақтастықпен жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Ол — қалам қуатын ізгілікті істерге арнау, шынайылық пен дәлдік және жеделдік.

Газет тарихына үңілгенімізде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің І,ІІ дәрежелі дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғаны да журналистер еңбегінің бағалануы деп білеміз.

Еліміз тәуелсіздік алған кезеңде газет журналистері жаңаша серпінмен еңбек етіп, егемендігіміздің іргетасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосты.

Бүгінгі «Ақтөбе» газетінің ұжымында уақыт талабын терең ұғынатын, заманауи қажеттіліктерді меңгерген кәсіби журналистер еңбек етуде.

Сіздерді газеттің 95 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолында қаламгерлер қауымына шығармашылық жетістіктер, өркенді өрлеулер, әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасы қуанышын тілеймін!

 Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button