Басты жаңалықтарМереке

Ораза айт мерекесіндегі ақ тілектер

Исі мұсылман қауымның ұлық мерекелерінің бірі Ораза айт күнін ақтөбеліктер ерекше қуанышпен қарсы алды. Бұл күні қол алысып, төс қағыстырған жұртшылықтың легі облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде көп болды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жамағатты осынау мейраммен құттықтады.

Айт намазынан бұрын Оңдасын Сейілұлы қасиетті мерекенің мән-маңызына тоқталды:

— Рамазан айы — құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы.

Оразадан соң үш күн бойы тойланатын айт мейрамы — адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке екендігі баршаңызға мәлім.

Осы орайда, барша мұсылман қауымын ең қасиетті де ұлық мереке — Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Ақтөбе жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!

Ораза айт адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Бұл күні әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.

30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді.

Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Осы ретте баршасына Алла разы болсын дегім келеді.

Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол — бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі.

Баршаңызды тағы да Ораза айт мейрамымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деп лебізін білдірді.

Ғибадат орны маңында келушілер бауырсақтан ауыз тиіп, көжеден дәм татты. Сондай-ақ, қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, т.б. ұлттық ойын түрлерінен бөлек, палуан жігіттерге қой көтеруден сайыс ұйымдастырылғанын да айта кету керек.

Ораза айт мерекесіндегі дұға-тілектеріміз қабыл болғай, құрметті оқырман!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button