Білім

«Аққұстың» қанаттары

Жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылатын «Аққұс» балалар шығармашылығы фестивалі биыл Ақтөбенің 140 жылдығына арналды. Жас қаламгерлердің шығармашылығына дем беріп, оларды әңгіме, өлең жазуға бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған фестиваль өткен аптаның бейсенбісінде қорытындыланды.

Әдебиет пен мәдениетті, өнерді жоғары бағалайтын жас өрендер фестиваліне  қаламыздағы  22 мектептің  оқушылары белсене қатысты. Байқауда жас қаламгерлер «Арайлы Ақтөбеме – 140 жыл», «Ақтөбе жас тұрғындар көзімен», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Қонақжай қала, достықтың мекені – Ақтөбе» атты тақырыптарда дайындаған жұмыстарын баспасөз, теледидар, радио, коллаж бөлімдеріне тапсырды. Талапкерлердің  шығармашылығын облыстық «Ақтөбе» газеті мен жергілікті теле-радио қызметкерлері бағалады.

Журнал бөлімі бойынша №36 қазақ орта мектебі оқушылары даярлаған «От-шырақ» журналы мазмұны мен безендірілуі жағынан өте жақсы көркемделгені ерекше көзге түсті. Әрі қамтыған тақырып ауқымы да жоғары бұл журнал 1-орынға лайық деп танылды. Ал 2-орынды №24 лингвистикалық мектеп-гимназияның балдырғандар мен балаларға арналған «Өркен» журналы иеленді. Мұнда оқушылар қаламыздың суреттері, тарихи деректер, облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерімен сұхбат, түрлі өлеңдер мен шығармалар арқылы журнал мазмұнын ерекше әсемдеген. Пригород орта мектебі даярлаған «Жас қалам» журналы 3-орынға қол жеткізді.

Газет шығару бөлімі бойынша 1-орынды №48 орта мектептің «Жас қаламгер» газеті иеленді. 2-орын №40 қазақ негізгі мектебінің оқушылары әзірлеген «Жас өркен» газетіне берілді. №18 орта мектеп оқушылары әзірлеген «Жас талап» газеті 3-ші орынға лайық деп танылды. Жүлде иелеріне облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев Алғыс хаттар тапсырды.

Коллаж бөлімі бойынша оқушыларды суретші Әділғали Баяндин марапаттады. №48 орта мектеп 1-орынды, №51 гимназия 2-ші орынды, ал №1 орта мектеп пен №32 мектеп-гимназия 3-ші орынды бөлісті. Теле-радио бөлімі бойынша №51 және №36 мектеп оқушылары марапатталды.

Шара соңында байқауға қатысқан барлық мектепке қалалық Оқушылар сарайының Мақтау қағазы тапсырылды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button