Жаңалықтар

«Аманат» мониторинг жүргізді

Алдағы сайлау науқанына мониторинг жүргізетін «Аманат» азаматтық платформасы облыстық штабының мүшелері өз жұмысы туралы аралық есеп берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шараға штаб жетекшілері мен мүшелері қатысты.

Облыстық штаб басшысы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, аталған ұйым

29 сәуір-4 маусым аралығында 44 іс-шара ұйымдастырған.

— Президенттікке үміткерлердің сайлау алдындағы штаб мүшелерімен кездестік, сайлау учаскелеріне бардық. Бұған қоса биыл бірінші рет дауыс бергелі отырған жастармен кездесіп, олардың конституциялық құқықтарын түсіндірдік. Республикалық деңгейде «Аманат» платформасы сайлаушыларға, журналистерге арналған тренингтер өткізіп, тәуелсіз бақылаушыларға арналған оқулар ұйымдастырды. Бүгінгі күні еліміз бойынша 10 692 бақылаушы даярланды, оның 529-ы — Ақтөбе облысында, — деді А.Дүйсенова.

Өңірде 529 сайлау учаскесі бар. 1 маусымнан бастап учаскелердегі инфрақұрылым, бақылаушылар тізімінің болуы, кабиналардың дайындығы, дауыс беруге арналған жәшіктердің пломбалануы, 7 кандидат туралы стендтер, қажетті құқықтық ұйымдардың телефондарының болуы сынды бірқатар жұмыстар бойынша мониторинг жүргізілген.

«Аманат» мүшелері екі учаскеде кабиналарда жарықтандырудың болмауы, бақылаушылар үшін орындардың дайындалмағаны, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етпеу сынды кемшіліктерді анықтаған. «Бүгінде бұл кемшіліктер жойылды», — дейді штаб басшылары.

Мүгедек азаматтар үшін көшпелі дауыс берулер ұйымдастырылады. Ал өздігінен келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы кабиналар дайындалған.

Штаб басшысының орынбасары Халел Құсайынов президенттікке үміткерлердің аймақтық штабтарының жұмысы туралы айтса, штаб мүшелері Ерәділ Уббиниязов, Әлішер Садық, Гүлнұр Ещановалар сайлау учаскелері, мобильді капитандарды оқыту және азаматтық платформаның жұмысын насихаттау жөнінде деректер келтірді. «Бес аманат» жобасының көшбасшысы Майгүл Мұзбаеваның айтуынша, қазір президенттікке үміткерлерге тұрғындардан ұсыныс-тілектер жиналып, әлеуметтік желілерде #5amanat хэштегі бойынша жарияланып жатыр. «Бұл ұсыныс-тілектердің барлығы президенттікке үміткерлердің штабтарына жолданады», — дейді А.Дүйсенова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button