Жаңалықтар

Облыста 338 қызмет түрі көрсетіледі

Жәрмеңке

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Ақтөбе қаласы әкімдігі  және мүдделі органдармен бірлесіп дәстүрлі түрде кезекті рет мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесін өткізді. Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы «Халықтық кеңсе» ғимаратында өткен шарада негізінен «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша азаматтарға қажетті кеңестер берілді.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, электрондық қызметті жандандыру, «Электрондық үкімет» веб-порталының көмегімен қызметтерді рәсімдеу тиімділігін түсіндіру мақсатында болған жәрмеңкеде жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, білім, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту орталығы, тұрғын үй салаларының өкілдері келіп әр тұрғынға сұрақтары бойынша қызметтер көрсетті. Сонымен бірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  2 пайыз мөлшерлемемен несие алу шарттарын түсіндіріп, 74 тұрғынды тіркеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі тұрғындарды мазалап жүрген атаулы әлеуметтік көмек бойынша мәселелерге қатысты болып отыр. 

Тақырыбымыз да «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мәселесі.  Одан бөлек әр ауданда мұндай іс-шаралар тоқсан сайын өткізіледі. Өйткені тұрғындар арасында осындай «Баспана», «Мерейлі отбасы» секілді бағдарламалардың бар екенін білмейтіндер бар. Оларды үйрету мақсатында цифрлық сауаттандыру сабақтары өтіп жатыр.  Олар курстан өткен соң электронды сертификат алады. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары арнайы мобильді топ құрып, елді мекендерге шығып, тұрғындарды үйретуде. Жыл басынан бері 1,5 миллион қызмет көрсетіліп,                                                                                                                                                         оның 81 пайызы электронды түрде өтті,  — дейді мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұркамал Шамшиева.  Халықтық кеңседе цифрлық қызметтер орталығы кез келген уақытта қала, ауыл тұрғындары үшін жұмыс жасайды.

Бүгінгі күні ең көп сұранысқа ие болған атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үйге қатысты қызметтерге халық көп жүгінеді. Тұрғындардың қажетті құжаттарды жинауы дұрыс және түгел болмауы ұзын сонар кезекке әкеліп соғады. Себебі талон арқылы қызмет көрсету уақыты — 30 минут. Ал бар уақыт тұрғындарға түсіндірме әңгіме айтумен кетеді. Кейде бір адамға сағаттап қызмет көрсетуге тура келіп, құжаттарды рәсімдеу ұзаққа созылады. Бұл кезектегі адам санын көбейтеді.

«Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары 20-дан астам көпбалалы аналардың сұрақтарына жауап берді.

Атаулы әлеуметтік көмекке құжат жинаушылар өте көп. Түсінік жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек. Кейбірі табысын жасырып жатады. Бұлай болмайды. Айтарлықтай кедергі келтіреді. Электронды қызмет болғаннан кейін барлық ақпарат шығып тұрады. Сол себепті кеңес алған әр адам не істеу керектігі туралы кеңірек мағлұмат алып тұрса,  дер кезінде құжаттарын рәсімдей алады, —   дейді Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханова. Сонымен қатар жәрмеңкеде тұрғындар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы» КЕАҚ филиалдары көрсететін қызметтер бойынша кеңес алды.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 338 қызмет түрі көрсетіледі. Оның 192-сін жергілікті атқарушы органдар көрсетсе, 146 түрі орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері арқылы көрсетіледі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button