Басты жаңалықтар

Халықаралық «Сән мен сахна» фестивалі — Ақтөбеде

Ақтөбеде «Сән мен сахна» атты ХІ халықаралық жас дизайнерлер фестивалі өтті. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үлес қосып, жас әрі талантты дизайнерлерді кәсіпкерлікке тарту мақсатында ұйымдастырылған кешке облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары фестиваль ұйымдастырушыларына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан алғыс айтып, жас дизайнерлерге сәттілік тіледі.

Биылғы шарада ақтөбелік үш жас дизайнер өз топтамаларын көрермен назарына ұсынды. Олардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Сән мен сахна» халықаралық фестивалінің бас директоры, дизайнер Ханум Айдаш, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Гүлзат Дәуірбаева, әнші Эльмира Жаңабергенова секілді өнер қайраткерлері мен қатар танымал сәнгерлер бағалады.

— «Сән мен сахна» фестивалі — жас дизайнерлер үшін ұлттық нақышта жасаған киімдерін дәріптеудің ең ұтымды жолы. Байқаудың облыстық деңгейінде жеңімпаз атанғандар республикалық деңгейге,  ал егер одан да бағы жанып кетсе,  халықаралық деңгейге жолдама алады, — дейді фестиваль ұйымдастырушыларының бірі Айнұр Төлегенова.   

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Roza Bisekenova» брендінің негізін қалаушы Роза Бисекенованың киімдері жеңімпаз атанды. Енді Роза фестивальдің республикалық деңгейінде құтты мекеннің намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, сондай-ақ фестиваль аясында Ақтөбе облысының жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Оған Ақтөбе қаласы мен өңірдің барлық аудандарынан келген кәсіпкерлер қатысты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button