Рухани жаңғыру

Түркияда өткен жиында Едігетану мәселелері талқыланды

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде,«Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында, Алтын Орданың беклер бегі болып, ел қамын жеген Едіге бидің тарихтағы орнын, елдік жолындағы күресін, өмір жолын зерттеу мақсатында   көптеген ауқымды шаралар өткізіліп, ғылыми еңбектер жарық көрді.

Биылғы сәуір айында өткен «Едіге эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық  конференциядан соң, облыс әкімі О.Оразалин конференцияға жан-жақтан келген ғалымдарды қабылдап, едігетану мәселелерін терең де жан-жақты зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру керектігін атап өткен еді.

Жуырда С.Бәйішев университетінің ғалымдары осы едігетану мәселелері бойынша Түркия елінің Мерсин университеті ұйымдастырған халықаралық симпозиумға арнайы шақыртумен қатысты. Әлемнің 32 мемлекетінің ғалымдары қатысқан жиында алғашқы баяндаманы С.Бәйішев университетінің президенті, профессор Бекежан Ахан жасады.  «Едіге эпосы — түркі халықтарының ортақ мұрасы» атты баяндамасында ол осы мәселеге Ақтөбе облысы басшылығының зор мән беріп отырғанын атап өтті және тарихи деректерге сүйене отырып, Ер Едіге тұлғасын жан-жақты түрде ашып көрсетті.

Сондай-ақ, симпозиумға қатысушы ғалымдар назарына Едіге батыр туралы деректі фильмнің түрік тіліндегі нұсқасы ұсынылды.

Аталған симпозиумға С.Бәйішев университетінен қатысқан 8 оқытушы-ғалымның мақалалары таңдаулы ғылыми ізденіс ретінде танылды.

Сапар қорытындысында Түркия еліндегі іргелі оқу орындарының бірі — Мерсин университеті мен С.Бәйішев университеті арасында ғылыми байланыс орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

М.МИРОВ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің

 «Рухани жаңғыру» орталығының директоры.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button