Ақтөбе — 95Басты жаңалықтарТарих

 «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл!

Кешегі адам бүгін жоқ. Бүгінгі күннің келбетінен кешегі заманның талай белгісін таппайсыз.

Бірақ сол кешегі жандардың өмірі, ой-арманы, тұрмысы, кешегі заманның тынысы бүгінгі біз үшін беймәлім, жұмбақ жайт емес. Оның бәрін көз алдымызға әкеле аламыз. Оны көз алдымызға әкелетін құдірет — көне газеттердің сарғайған парағы.

«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А. Байтұрсынов) ғана емес, газет — халықтың жады, тарихы, өткеннің шежіресі.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихы бұдан 95 жыл бұрын, 1924 жылдың 7 маусымында жарыққа шыққан «Кедей» газетінен басталады. «Кедейді» шығаруды кеңестік билік қолға алды. Бірақ, бұл басылым кеңестік биліктің сойылын соғушы болып қала алмапты. Газеттің әр жылдардағы тігінділерін ақтара отырып, мынаған куә болдық: біздің басылым қай кезде де ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттың жоғын жоқтапты.

Сонау 1933 жылғы «Социалдық жолдың» (газетіміздің сол кездегі атауы) тігіндісінен төрт-ақ сөйлемнен тұратын «Ұлы орысшылдыққа соққы берілсін» деген жарияланымға көзіміз түсті. Былай дейді: «Семиозер аудандық (қазір — Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданы) пошта бөлімінде 1932 жылдың басынан Нұрпейісұлы Әміржан жұмыс істеуші еді. Мұны қазірде пошта бөлімінің бастығы Кедышкин ешбір дәлелсіз шығарып жіберді.

Мұнымен қатар, поштада жұмысы болып келген қазақтарға пошта қызметкерлері жөн айтпады. Керек десе, марка алғанда бұрын келген қазақтар кезек күтіп қалып, соң келген орыстар бұрын алып кетеді».

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбе өңірі қазағының майдандағы ерлігі мен тылдағы еңбегін түгендеген де — осы басылым еді. Газеттің сарғайған парақтарына көз жүгірте отырып, Хрущев тұсындағы жылымық, оған жалғасқан тоқырау заманындағы жылқыға деген қырын көзқарас, сатылымнан қымыздың жоғалуы, қазақ үшін сонау ғұндар заманынан бері келе жатқан ата-баба дақылы саналатын тарының тасада қалуы сынды мәселелерден бастап, тілдің, дәстүрдің шетқақпайлық көруіне бейжай қарамай, үнемі ой-пікір айтып, қарсылық танытқан журналистер мен оқырмандарға өте-мөте риза боласың. Ал 1986-жылдың желтоқсанынан кейінгі серпіліс жылдарында бұл газет осы өңірде қазақ руханиятының еңсе тіктеуі жолында тер төккен қауым үшін үлкен бір орталыққа айналған сыңайлы…

Бүгін, газетіміздің туған күнінде, біз оның өткен белестеріне үңіліп, әртүрлі атпен шыққан әр кезеңдегі нөмірлерінен шағын үзінділер ұсынып отырмыз:

«КЕДЕЙ»

8 ақпан 1928 жыл.

Дағдарып отыр

Тұзтөбе болысында егіс науқаны жайында кедейлер жиылысы өткізілді. Кедей біткен сөздің тегіне түсініп, 5 үйен, 6 үйен (июнь — ред.) ұйымдасты. Бірақ ұйымдасқан үйлердің көбі-ақ көлігі кем, жоқтар еді. Бұлар көлігі кем бола тұрып ұйымдасуы қарызға ақша беріліп, көлік аламыз деген дәмемен еді. Ұйымдасқан үйлер ауыл шаруа қарыз серіктігінен қарыз сұрап еді. Қарыз бірсыпырасына жетіп, көбіне жетпей қалды.

Д.

* * *

«СОЦИАЛДЫҚ ЖОЛ»

15 қаңтар 1933 жыл

Табын ауданында қатынас жұмысы жолға қойылсын

Табын ауданы облысымыздың көлеміндегі теміржолдан қашық жатқан, көшпелі аудандарымыздың бірі. Сондықтан мұнда қатынас жұмысын жолға қою — басты міндет. Бұл жөнінде Қазақстан халық кәмесерлер кеңесінде әдейі қаулылар шығарып, Табын ауданында телеграф, радио орнату жедел қолға алынсын деген болатын.

Сөйтсе де бұл жұмыс әлі орындалмай келеді. Қатынас жұмысын күшейтуге жоғарғы байланыс орындары жөнді көңіл бөлмей отыр. Қазақстан қатынас кәмесериетінің міндеттеуі бойынша, өткен 1931 жылы ноябрь айының бас кезінде Табында қатынас жұмысын күшейту үшін техниктер жіберіліп еді. Олар келгеннен соң, радионың ағашын орнатты. Бұл орнатыла тұрса да…. «динамо» дейтін мәшине келеді деп, жаз шыққанша жұмыссыз жатты.

1932 жылдың жазында Ақтөбе облыстық байланыс мекемесінен жіберілген «динамо» бұзық болып шығып, оны жөндеу үшін техник Ақтөбе қаласына кетіп, бірнеше ай кідірді. «Динамосын» жөндетіп болғаннан кейін іске кірісті, оның соңында бір-екі күннен кейін «бұл мәшинеміздің күші келмейді» деп акті жасаумен ғана жұмысты тоқтатып, техник кетіп қалды.

Қысқасын айтқанда, Табында қатынас жұмысын жолға қою ісі ақсаулы. Бұл жөніндегі шығарылған міндетті қаулылар орындалмай, бөлінген қаржылар орынсыз шығын болды. Бұл жұмысты аяққа бастыру үшін, облыстың байланыс мекемесі ешбір шара қолданбай отыр, ендігі жерде қатынас жұмысын тез жолға қою үшін облыстық байланыс мекемесі жедел шара қарастырып, халық кәмисерлер кеңесінің қаулысын іс жүзіне асыруға шындап көңіл бөлсін.

Назарбай ұлы Қ.

 * * *

«СОЦИАЛИСТІК ЖОЛ»

6 ақпан 1944 жыл

Облыстық қазақ театры қайта құрылды

Облыстық қазақ драма театры 1941 жылы колхоз-совхоз театрына бөлініп, аудандарға жіберілген болатын.

Еңбекшілер депутаттарының облыстық совет аткомының қаулысы бойынша қазақ драма театры қайта ұйымдастырылып, оның коллективтері Ақтөбеге келді.

Облыстық қазақ драма театрының артистері үймен және басқа да керекті жабдықтармен толық қамтамасыз етілуде. Артистердің ішінде облысымызға белгілі атақты әнші Сейілов Жүсіп, Өсербаева Нағима, Омарова Базаркүл және басқалары бар.

Облыстық қазақ драма театры коллективі «Қыз Жібек» операсын дайындап жатыр. Бұл операны жақында қала еңбекшілеріне қойып бермекші.

С. Есқалиев.

* * *

 

«КОММУНИЗМ ЖОЛЫ»

 22 маусым 1985 жыл

Күте білсе, жер жомарт

Биік тастұғырдың үстінде егіншінің қола мүсіні тұр. Үстіне ұзын шекпен киген оның қолында бір бау тары. Оқтай түзу көше бойын қуалай сап түзеген ақ шаңқан үйлерден аса, Ойыл өзеніне ойлы көзбен қарап тұрғандай. Мынау селоны мекендеген жерлестеріне еңбегін еселеп қайыратын өзеннің тепсең жағасын нұсқап, қолындағы бау тарыны ек деп меңзегендей. Қайткенде де, осы тұрысында адамды әлденеше ойға салатын түрлі ишарат бар. «Не ексең, соны орасың» дей ме екен, әйтеуір жерлестерін жер идірген диқандыққа шақырып тұрғаны анық. Өйткені бұл өзі де өмір бойы диқан болып өткен, ұрпақтарына өз кәсібін мирас етіп қалдырған, даңқты егінші, ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевке ескерткіш. Ұлы диқан осы жерде, ежелгі Ойыл өзенінің жағасында туып, диқаншылық өмір кешкен. Ақ тарыдан дүниежүзінде болмаған өнім алып, рекорд жасаған, сонысымен өзінің де, қазақ халқының да атағын алысқа таратқан адам. Енді, міне, оның атындағы совхоздың орталығында ескерткіші тұр. Осы жерде оның жерлестері, ұрпақтары еңбек етеді. Жомарт далаға олар ұлы диқан қасынан аттанып, ымырт үйіріле қайтып оралады…

…Алғашқыда аз күшпен құрылған шаруашылықтың мелиоративтік отряды бас-аяғы бес-алты жылда нығая түсті. Шаруашылықтың ішкі мүмкіндіктеріне орай жаңа техника алынды. Мелиоративтік отряд құрамында Ленин орденді Бақытжан Кенғанов, Дәулеткерей Доспамбетов, Сейдахмет Андағұлов сияқты озат механизаторлар еңбек етеді. Мелиоративтік отряд өзінің жұмыс жасаған жылдарында игерусіз жатқан көптеген жаңа жерлерді айналымға қосты. Бір кезде көз тоқтатпайтын жерлерде бүгінде жүгері, тары өседі. Жылына әлденеше орып алатын көп жылдық шөп қанша!

Соңғы жылдары жаңа игілікті жұмыс қолға алынды. Шаруашылық территориясында мың гектардан артығырақ жерді алып жатқан Бекбау көліне күш жұмсалды. Жаз бойы ірінді су жататын, қамыс пен құрақ басқан осы көлді құрғатып, таяу жылда одан өнім алу жоспарланып отыр.

Аманғос Орынғалиев.

* * *

«АҚТӨБЕ»

 30 маусым 1994 жыл

 Мырза дейміз бе, әлде жолдас дейміз бе?

… «Мырзаның» ерекшелігі орыстың «господин» деген сөзінен гөрі кеңірек қолданылатындығында ғой деймін. Мәселен, ертеде жеңгесі «мырза бала», анасы «менің мырзам», туысы «осы үйдің мырзасы», т.б. деп, дәрежелеп келген. Бұл жағдайда лауазым адамның байлығына қарай емес, туыстық, сыйластық ретінде беріліп отырғандығын ескерген жөн. Оның үстіне жеңгелері барлық қайныларын, анасы барлық балаларын, туысы барлық тумаларын «мырза» деп атай бермейтіндігі мәлім.

Менің пікірімше, «анау сөзді қолданайық, мынау сөзді қолданбайық» деуден аулақпын. Бірақ қазақтың әр сөзін өзінің орнында пайдаланған жөн.  Ал, ендеше, не істеуіміз керек? Әлде замандастарымызбен сөз бастарда, «азамат, азаматтар» десек пе? Бұл қалай, көңілімізге жай, жүрегімізге жылы тиер ме? Меніңше, «жоқ» дер едім. Өйткені бұл сөзді естігенде, ол қарапайым ғана әсер етеді және оның мағынасы «мырза», «жолдас» деген ұғымдардан басқаша.

Олай болса, «жолдас» деген сөздің мәніне қайта оралайықшы. Алдымен өзімізге үйреншікті болған «жолдас» дегеніміз барлық лебіздерден қымбатты да асқақ ұғым іспеттес. Өйткені сенімің де, еңбегің де, күресің де, ойың да бірыңғай еркін адамдардың жолдастығынан артық та абзал не бар еді? Қысқаша айтқанда, жөні бір, жолы бір, тілегі бір адамдарды «жолдастар» дейтінбіз, деп те келеміз… «Жолдастық» деген де достық сияқты ізгілікті де қасиетті ұғым. Ол хұқты заңдылықтың да, адамдық пен адамгершіліктің де парасаттылығын да нысаналайды. Қазірде ұмытылып бара жатқан «біздің күшіміз — бірлікте» деген ұғымның арқауы «жолдас» дегім келеді.

А.Мұратов.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button