Ақтөбе — 95

Құттықтаулар!

Біз қолдайтын басылым

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы тұтас бір дәуірге тең кезеңді қамтиды. Сондықтан да ғасыр белесіне қол созған басылымның бұл мерекесі лайықты атап өтуге

тұрарлық.

Біздер, Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, қызмет бабымен жылына бірнеше рет өңірде болып, сайлаушыларымызбен кездесіп, ақтөбеліктердің арасында туындаған мәселелерді оңды шешуге ықпал ету мүмкіндіктерін жасаймыз. Соның бәрінде «Ақтөбе» газетінің журналистері бізбен ынтымақтастықта еңбек етеді, кездесулерімізді басылым бетінде тұрақты жариялап отырады. Яғни, еліміздегі ең жоғарғы заң шығарушы орган мен жұртшылық арасындағы байланысқа дәнекер болып келеді.

Біз газет қызметкерлерін мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, қадірлі қалам иелеріне алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!

«Ақтөбе» газетінің ел мүддесі, халық қажеттілігі жолындағы қызметінің көкжиегі кеңейіп, уақыт талабына сай жоғары деңгейден көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз!

 ҚР Парламенті Сенатының депутаттары:

Марат ТАҒЫМОВ,

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары:

Құралай ҚАРЕКЕН,

Глеб ЩЕГЕЛЬСКИЙ,

Асылбек СМАҒҰЛОВ,

Сергей СИМОНОВ.

Бір кезде өзім қызмет еткен Ақтөбе облыстық газетін мен қайда жүрсем де, әрдайым іздеп, үзбей оқып келемін. Қазіргі «Ақтөбені» облыстық басылым болғанмен, республикалық басылымдармен деңгейлес санаймын, соған қуанамын, мақтан тұтамын және алда да биік белестер, жаңа табыстар тілеймін.

«Ақтөбе» газеті  — екі ғасырдың куәгері, сонау «Кедейден» бері келе жатқан тарихы бар және бүкіл тарихында халықтың арман-ойы, мұң-мұқтажын жеткізіп, халыққа қызмет етіп келе жатқан басылым. Қашанда сол халықтың қолдауынан айырылмай, қалың оқырмандарының қатары көбейе береді деп сенемін.

Мерейтой құтты болсын!

 Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

Ұлт руханиятын ұлықтап, елдік сананың еңсесін тіктеу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірген «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейлі тойы баршаңызға құтты болсын!

Отандық медиа саласында ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбе» газеті ұлт руханиятын ұлықтауға, елдік сананың еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосып келеді. Қаламы қарымды журналистер жазған өзекті мақалалар оқырман ризашылығына бөленуде.

Осылайша «Ақтөбе» газеті өңірдің тыныс-тіршілігін толғап, халықтың мұң-мұқтажын жоқтады, жеңісі мен жемісін әйгіледі. Оқырман қауымның сырлас серігіне, айнымас досына, өңір өмірінің айнасына айналды.

Еліміздің бас басылымы — «Егемен Қазақстанның» ізімен жүзжылдық межесіне жақындап келе жатқан «Ақтөбе» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

95 жылдық тарихы бар «Ақтөбе» газеті — қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы. 1924 жылы тұсауы кесілген өңірлік басылым алғашқы кезде «Кедей», «Алға» деген атпен оқырманға жол тартты. Кеңес заманында атауы «Социалдық жол» болып өзгеріп, сол дәуірдің айнасына айналды.

Тәуелсіздік алғалы бері газет қазіргі «Ақтөбе» атауына ие болды. «Ақтөбенің» тағылымды тарихы тереңнен сыр шертеді. Облыстық газеттің 95 жылдық тарихына үңілгенде, көп нәрсеге қанық боламыз. Халқымыз аштық пен ауыртпалықты бастан кешкен қиын кезеңде газет ұлт мұңын жоқтаудан танған жоқ. Тәуелсіздік тұсында айтарлықтай шыңдалып, жетілді. Ел арасындағы күрмеулі мәселелердің шешімін табуда газет аянып қалмады.

Облыс баспасөзінің қарашаңырағына айналған «Ақтөбенің» қазіргі бағыты да осындай. Қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытып келеді. Аймақ ақпараттарын жұртқа жеткізуде, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың мән-маңызын халыққа түсіндіруде газеттің көтерген жүгі ауыр.

Қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бiрлiктiң ұйытқысы — қазақ басылымдары. Қазақтілді газеттер жыл сайын күш алып, қайраттанып келеді. Сондықтан, өз басым, қазақтілді баспасөз ұлттық тәуелсіздіктің шынайы жанашырлары болды деп ойлаймын. Осы тұрғыда «Ақтөбе» газетінің де айтарлықтай орны бар.

Сөз — қуатты күш. Қазақ қай заманда да аталы сөзге тоқтаған. Осы «қуатты күшке» ие біздің әріптестеріміз қай кезде де қазақ мүддесі үшін қарекет етуі керек. «Ақтөбенің» де алға қойған мақсат-мұраты осындай болуы тиіс. Қолында қуатты қаламы бар, сөз арнайтын алаңы бар, жұрт алдындағы жауапкершілігін жақсы түсінетін, газеттің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген журналистер қауымы — еңбегі ерен нағыз жауынгерлер.

Газет ардагерлері мен қызметкерлерін атаулы күнмен құттықтаймын! «Ақтөбенің» алар асуы мол болсын! «Тасқа басылған сөз» тарихқа айналады.

Қалам ұшы жұқалмасын! Қажыр-қайрат мұқалмасын!

Нұртөре ЖҮСІП,

«Айқын» газетінің бас редакторы.

Аймақтың ардагер үнжариясы —  облыстық «Ақтөбе» газеті «Қазақ әдебиетімен» рухтас, мұраттас газет. Олай дейтініміз, өзге өңірлерде шығатын облыстық қоғамдық-саяси басылымдар көбіне әлеуметтік мәселелер мен облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар шегінде қалып отырса, «Ақтөбе» газеті «Қазақ әдебиеті» сияқты руханият дүниесіне көңіл бөліп, көп орын беріп отырады. Бұны біз облыстық газеттердің салмағын өлшеп, салыстыра қарағандықтан айтамыз.

«Ақтөбенің» әдебиет, мәдениет тақырыбына терең мән беретін де жөні бар. Өйткені осынау байтақ жердің құтты қойнауында өсіп, құнарлы топырағын кешкен Тахауи Ахтанов,  Қуандық Шаңғытбаев бастаған қарымды қаламгерлер қазақ әдебиетінің мазмұндық, көркемдік тұрғыдан баюына үлкен үлес қосты.  Алматыдан алыста жүріп-ақ кемел туындылар жасауға болатындығын дәлелдеп кеткен Тобық Жармағамбетовтің соқпағында Амантай Өтегенов,  Ертай Ашықбаевтар қалды.  Бүгінде Мейірхан Ақдәулетұлы, Бауыржан Бабажанұлы, т.б. таланттар шоғыры жүрген Ақтөбе қаласында ақын-жазушылардың жаңа бір ортасы қалыптасып келе жатқан сияқты. Ал бұндай орта әдебиеті дамыған елдерде бұрыннан бар.

Әрине, «Ақтөбе» газеті руханият тақырыбына жаңа бет бұрып отырған жоқ, «Абат- Байтақ» сияқты далалық ұлы жәдігерлерге бай облыстың бас басылымы бұл  ретте бәрімізге үлгі боларлықтай дәстүр ұстанып келеді.  Ал ол дәстүрдің қалыптасқанына,  міне, 95 жыл болыпты. Біз бір ғасырдың еншісінде қалып бара жатқан мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыздың тасқа басылған ізіне түсер болсақ, онда алаңсыз «Ақтөбенің» шежіреге толы беттерін парақтауға тиіспіз. 95-ің құтты, қайырлы болсын,  «Ақтөбем»!

  Дәурен ҚУАТ,

 «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

Сіздерді аймақтық ақпарат кеңістігіндегі тарихи орны алабөтен – «Ақтөбе» облыстық газетінің 95 жылдық меретойымен дархан көңілден құттықтаймыз!

Кесірі мен тәсірі көп, қылышын жалаңдатқан Кеңестің кербаққан саясаты кезінде «Кедей» деген атпен жарыққа шыққан басылым небір «соқтықпалы соқпақты» кезеңдерден өтті. Бұған тарих куә. Тоталитарлық жүйенің тоқпағынан құтылған, сытылған ақпарат құралы жоқ. Найзағайдың отына нан пісірген сол бір сұм заманда өзін ату туралы бұйрықты басып, ертесі басы жадыға тігілген тұлғалар да болған.

Тізбелеп жататын емес, Қазақ Елі Тәуелсіздік алғанға дейін өңірлік басылым да атынан он түсіп, он мінген, сан өзгерісті бастан кешкені мәлім. Бүгінде «Ақтөбе» дейтін киелі атауды иемденіп отырған газет алғаш жарық көрген 1924 жылдың маусымынан бастап «шүйдесіне шиті мылтық тірелген» ақпараттық-идеологиялық сүрлеулерден жол таба жүріп, Құдайға шүкір, ғасырға қадам басып отыр. Ұлттың басына нәубет орнаған жылдары ұстараның жүзінде жүріп газет шығарған алғашқы редакторлардың рухтары шат болсын!

Аталарымыз қаламын қаруға ауыстырып, ІІ Дүниежүзілік қырғын тұсында майданға кеткенде редакцияда Қ.Қожамұратов пен Х.Наурызбаев қана қалғанын кәрі тарих айтады. Одан кейін де сан өткелектен өтті. Басылымға даңқтың ұшар басына көтерілген Нұрпейіс Байғаниннің жырлары қанат бітірді. Дәуірлерді жалғады. Тарының қауызынан нәр алған әйгілі Шығанақ Берсиевті күллі әлемге паш еткен де осы – «Ақтөбе»!

«Ақтөбе» газеті – шығармашылықта  да үлкен мектеп болды. Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов сынды Қазақтың біртуар қаламгерлерінің мінбесіне айналды. Алатауға екі ексең бір шықпайтын Есенбай Дүйсенбайұлы сынды сұрапыл ақын мен қазақ прозасының тар кезеңін кеңейткен жазушы Қажығали Мұқамбетқалиевтер өз шығармашылықтарын осы басылымнан бастаған. Айта берсе мұндай мысалдар таусылмайды.

Алматыдан Ақтөбеге бір өзі көшкенмен бүтін бір дәуірді көшіріп әкеткендей әсер қалдырған көрнекті ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлының басылым басшылығында болуы да бір тарих. Бүгінде Бас редактордың орынбасары болып еңбек етіп жүрген қазақтың ірі ақындарының бірі Ертай Ашықбаевтың осы басылымда күнделікті есімі басылып тұратынының өзі үлкен мәртебе.

Қазақ журналистикасының қайраткер азаматтарының бірі, ақ-адал ақын Бауыржан Бабажанұлы басшылыққа келгелі де бірталай оң өзгерістер болды.

Осы орайда басылым құрылтайшыларына, Ақтөбе облыстық әкімдігіне алғыс білдіре кеткен артық болмас. Себебі, әлеуметтік желілер дәстүрлі басылымдардың тынысын тарылтып отырған осы бір кезеңдерде ұжымға қолдау білдіру – үлкен ерлік.

Сондықтан газет ұжымына алдағы кезеңдерде де толайым шығармашылық және әлеуметтік табыстар тілейміз! Бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болып, мол таралыммен газеттің ғасырлық тойында төрт көздеріңіз түгел бас қосқайсыздар!

 Жанарбек ӘШІМЖАН,

республикалық «Ана тілі»

газетінің бас редакторы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

«Ақтөбе» газетінің ұжымын  95 жылдық мерейтойларыңызбен  шын  жүректен  құттықтаймын.

1924 жылдың 7 маусымында «Кедей» деген атаумен алғаш рет жарыққа шығып, ерлік пен елдіктің тарихи шежіресін сомдаған «Ақтөбе» ұлағатты да тағылымды жолдан өтті.

Бұл жол — өңір өмірін қалтқысыз өрнектеп келе жатқан жылнама-баянгерлік.

Бұл жол — әу бастағы елді жаппай ағартушылықтың ерен мүддесін азаттықтың ақ таңына жалғаған кемел шежірешілік.

Бұл жол — қазыналы аймақтың өлкетану саласына қосылған өлшеусіз үлес.

Бұл жол — қалың бұқараның өмір тынысы, шығармашыл жандардың шалқар шабыты, ғалымдардың маңдай тері.

Міне, «Ақтөбе» газеті осы ғасырға жуық жолда халықтың үні болды, қалам ұстаған жандар сөз киесіне — қасиетті парыздарына адалдық танытты. Бүгінгі іргелі басылымнан небір қарымды қаламгерлер түлеп ұшты. Қазір де газет басшыларының бірі өзімнің курстас ағам, қазақтың көрнекті ақыны Ертай Ашықбаев екенін ерекше мақтанышпен айтар едім.

Еліміздің батыс өңіріндегі біздің «Атырау» газеті мен «Ақтөбенің» шығу, қалыптасу, өрлеу кезеңдері етене ұқсас. Екеуі де алғашқы нөмірлерінен-ақ халықшыл басылым, қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған еркін мінбер бола білді. Ғасырға жуық жолда қос басылымның да атаулары заман ағымына қарай сан мәрте өзерістерге ұшырады. Мұның өзі — газеттің әр кез өз дәуірінің үні бола білгенінің бұлтартпас дәлелі. Біз 95 жылдық белесімізді былтыр ғана атап өтсек, биыл сондай мерейлі сәт эстафетасы «ақтөбелік» әріптестерімізге де жетіп отыр. Осы мәртебелі де бақытты шақ баянды болып, әрі қарай да жалғасын тапқай!

Бұл эстафета — сіздерге сонау «Кедейдің» елін сүйген, оның мүддесі жолында отқа да, суға да түскен, көзі ашық, көкірегі ояу, ең бастысы, нағыз ұлтжанды ізашар бола білген алдыңғы толқынынан жеткен мирас-мұра.

Бұл эстафета — біздің бағамдауымызша, бүгінгі зерделі буынның сенімді қолында.

Біз еліміз егемендігін алғанға дейін қандай шытырман жолдан өтсе, соның бәрін айна-қатесіз жылнамалап, тарихын жазып отырған басылымның бірі де бірегейі  «Ақтөбе» газеті деп білеміз. Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастырып отырған қазіргі редакция ұжымы өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасап отырған жауапты шақта екенін де айқын пайымдаймыз. Осы орайда газеттеріңіздің мазмұны да, көтерер жүгі де күн сайын байып, абырой-беделі өсіп отырғанын атап айтамыз. Баяғы сия сауыт пен қол терімнің уақыты өткен, компьютер мен ғаламторлық басқа да заманауи мүмкіндіктермен қаруланған журналистеріңіз бен баспагерлеріңіз аймақтың ғана емес, елдің, тіпті әлемнің жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізуде.  Алдағы уақытта да осы ізденісті үрдіс жалғасын тауып, шығармашылық биік белестерден көріне беріңіздер! Әрдайым да ұлтымыздың ұраны болып, жазарларыңыз таусылмасын!

                                                                                             Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Атырау облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі.

Қай кезде де өткен тарихтың өнегесін өз ұрпағы заманға сай жауапкершілікпен, кезеңге сай кемелдікпен, болмысқа сай бағамен өлшеген.

Бұл тұрғыда «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық шежіресі  аз мерзім емес, өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан іргелі ұжым ретінде де, шығармашылықтың шынайы үлгісін танытқан бедел-бедері де  биік саналады. Мұндай мәртебеге жеткен мерей  бір ғана газеттің төңірегіндегі той емес, бұл — басылымның бойтұмары болған мыңдаған оқырманның да ортақ жемісі, олардың мүдделес, жанашырлық қасиетінің нәтижесі дер едім.

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, көрші жатқан Сыр мен Ақтөбенің арасында қаншама тығыз байланыс бар. Ал шығармашылық өкілдерінің қоян-қолтық қатынасы тонның ішкі бауындай жақын, бір-бірімен берік байламы, тәжірибе алмасқан тағылымы жетерлік. Ең бастысы, оқырман қауымына жүрекке жағымды, санаға сіңімді жаңалықтарымен бөліскен басылымның әлі де берері көп, бағыты тың идеяға толы деймін. Халық даналығында «Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» деген тәмсіл бар. Біз қадамы бекем әріптес болған соң бір-бірімізге бауырмыз,  біз шарболаттай шыңдалған рух, наркескен нартәуекел арқылы туыспыз.

Әрине, журналистің ең асыл қазынасы – қалам. Сол қалам мұқалмасын, шабыт шалқи түссін, шығармашылық шыңдала берсін! Тоқсан бес жылдық тойдың табысы мол болғай!

 Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры.

Қызылорда қаласы.

ЖУРНАЛИСТ —  ҰЛТТЫҢ АР-ОЖДАНЫ

Мен ең алдымен Қазақстан жеріне ыстық сәлемімді жолдаймын. Біз екі ел арасындағы бірнеше жылдарға созылған бауырластық қатынасты ерекше құрметтейміз.

Журналист — бұл белгілі бір ұлттың ар-ожданы. Телеарна мен газет тілшілері бұқаралық ақпарат құралдары болғанымен, ақпарат таратуда өзіндік ерекшеліктері бар.

Газет шығару  оңай емес. Сонымен бірге оның ел өмірінде алар орны зор. Тұтас бір облыстың күнделікті өмірін, жаңалықтарын уақытында жеткізу зор жауапкершілік жүктейді. Сарғайған газет беттерінде қаншама іргелі істер мен белгілі тұлғалардың өмірбаяны сақталады. Кез келген уақытта кез келген жылдың нөмірін алып қарауға, қандайда бір оқиғаның болғанын білуге болады.

Бұл тұрғыда Түркияда хабар тарататын «Gep» теларнасының атынан «Ақтөбе» облыстық газетінің басшылығы мен ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз.

Түркияда тамырын тереңге жайған, ғұмыры ұзақ болатын ағашты «шынар» деп атайды. Осы 95 жылдық шынар 100 жыл болғанда бір ғасырлық тарихқа куәгер болады. Біз де сіздердің ғасырлық мерейтойларыңыздың куәсі болайық.

Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер. Әрдайым жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын!

Омер АЙДОГДУ,

Бұрса қаласындағы

«Gep» телеарнасының директоры.

Түркия.

БАСПАСӨЗ — ҚОҒАМ АЙНАСЫ

Бүгінде қоғамдағы орасан зор өзгерістерді халыққа жеткізетін баспасөздің рөлі артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда ақпарат тарататын көптеген сайт-порталдар, әлеуметтік желілер маңызды десеңіз де, ол электр қуатына, ғаламторға тәуелді. Егер жарық болмаса, қолыңызда әлеуметтік желі де, байланыс та болмайды. Ал газет адамзат қаншалықты жасайтын болса, оның өмірі де соншалықты ұзақ болмақ.

Газет — ең алдымен ұжымдық еңбектің жемісі. Оның бетінде тілшінің ізі сайрап жатады. Әр нөмірін оқырман қызыға оқу үшін жақсы, өткір, ойлы мақалалар керек. Талантты, еңбекқор, ізденгіш журналистері бар газет қашанда бақытты. Сондай-ақ ақпарат таратқан сәтте адами, маңызды құндылықтарға басымдық беру керек. Себебі баспасөз — қоғам айнасы.

Қазір бізде газет-журналдардың түрі көп қой. Базарда, көлікте оқылатын газеттер бар, зиялы қауым оқитын газеттер, саяси, сондай-ақ жалпы әлеуметке арналған газеттер бар. Ең бастысы, оқырмандарына ойлы, дәнекті материалдар ұсынса, басылымның таралымы да көп болады.

Бауырлас елдегі «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газеті ұзақ жолдан өтіп, 95 жасқа толып отыр екен.

Осы орайда жергілікті билік өкілдерін, әріптестерімді осынау мерейтойларымен құттықтаймын. Алдағы уақытта түркі бірлігінің нығаюына, түркі еліндегі журналистер де өз үлестерін қосады деген үміттемін. Біз ол үшін журналистер қауымы басқосып, ақылдасып, ортақ жобаларды дайындауымыз керек.

Сөз соңында «Ақтөбенің» ардагерлеріне, қазіргі ұжымына отбасылық бақыт, шығармашылық шабыт тілеймін. Газеттің алар асуы биік, ғұмыры ұзақ болсын!

Ахмет ТУЗУН,

Еуразиялық мәдениет

және спорт ассоциациясының президенті.

Түркия.

Менің түсінігімде газеттің мерейтойы — қоғамға, яғни халық пен билікке ортақ шара һәм шаруа. «Кедей» деген атаумен 1924 жылдың жетінші маусымында алғашқы нөмірі шыққан бүгінгі Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің тарихымен таныса отырып, аталмыш басылымның қай кезеңде де заманмен үндес болғандығын аңғарамыз. Әрине, өткен жылдар бедерінде газеттің атауы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бірақ, редакция ұжымы халық пен биліктің мүдде тоғысына қызмет еткені, үшбу мұратқа ұмтылғаны шүбәсіз.

Бүгінгі Ақтөбе облысы осыдан 28 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке қол жеткізген кең-байтақ Қазақ елінің ең қарқынды даму тән өлке-өңірлерінің бірі. Бұл, әрине, ең алдымен, облыс халқының жасампаз еңбекке жұмылған ынтымағының, сосын жергілікті мекеме-кәсіпорындардың инновациялық технологияларға иек артқандығының арқасы. Міне, өңірдің өрге басып өркендеуінің ең басты осы екі факторын насихаттауда «Ақтөбе» газеті аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары көш-керуенінің алдыңғы легінде. Біздің бұл уәжімізге «Ақтөбенің» күнделікті нөмірлерін парақтай отырып оңай көз жеткізесіз.

Қадірлі әріптестер, редакция ардагерлері мен оқырман қауым, сіздерді «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейтойымен біздің редакция ұжымы мен «Орал өңірі» газетінің мың-сан оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймын! «Ақтөбелік» журналистер Ақтөбе облысында ұлттық рухымыздың асқақтауына және туған еліміздің гүлденуінің негізі – ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық-түсіністіктің салтанат құруына үнемі мүдделілік танытып, лайықты үлес қоса беретіндігіне кәміл сенімдіміз. Ел-жұртымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселеуді, ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуды мақсат тұтқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын! Сіздерді жаңа шығармашылық жеңіс-жетістіктерге жігерлендірер отбасыларыңызға амандық-саулық пен баянды бақыт тілеймін!

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы.

Бастауын 1924 жылы «Кедей» газетінен алатын басылым осы жылдар ішінде ақтөбеліктермен бірге талай белестерден өтті. Уақыт талабына сай газет әр жылдары «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» деген атаумен шығыпты.

Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, газеттің «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» екені рас. Алайда газет — ең алдымен идеологиялық құрал. Соған қарамай «Кедей» әу бастан жалған ұраншылдыққа салынбай, халықтың сауатын ашуға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағдарын жұртшылық санасына сіңіруге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар сол заманның ең өзекті мәселелері — қазақты білім алуға шақыруы оның шын мәнінде халықшыл басылым болғанын растайды.

Тіл ғылымының теориялық негізін қалаған ғалым Құдайберген Жұбановтың, «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын көрсетеді. Газетке әр жылдары редактор болып Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашев, Нұрқайыр Телеуов, Қуан Тектіғұлов, Идош Асқаров, Әмір Оралбай, Қасымжан Байсадақов сынды атпал азаматтардың қызмет атқаруы — бұл газеттің әр уақытта өңір руханиятының орталығы болғанын айғақтайды.

Ал 1990 жылғы 12 қазаннан бері «Ақтөбе» деген атты иеленген басылым бүгінде мемлекеттік саясатты елге кеңінен насихаттап, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды. Газеттің соңғы жылдардағы шығармашылық ізденістері мен соны соқпаққа түсуі қалың оқырманның көңілінен шығып жүр. Сол себепті бүгінгі «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық торқалы тойын қалың оқырманның төл мерекесі деп қабылдаймыз.

Қалай дегенде де, «Ақтөбенің» 95 жылдығы — бір басылымның емес, облыс халқының, барша оқырмандарының ортақ тойы. Жұртымызда «Айнаға қараған бойын түзейді, халқына қараған ойын түзейді» деген қанатты сөз бар. Осы қисынға салсақ, елге пайдалы газет шығару қамында жүрген редакцияның бүгінгі ұжымы қазақтың көсегесі көгере берсін деген ниеттің үстінде еңбек етуде.  Ендеше ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болуына тілектеспіз!

Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз!

Абай БАЛАЖАН,

 «Оңтүстік Қазақстан» облыстық

қоғамдық-саяси газетінің

директор-бас редакторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button