Ақтөбе — 95

Журналистика жігіттердің мамандығы еді

Идош АСҚАР,   

«Ақтөбе» газетінің  1996-2000 жылдардағы бас редакторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

1971 жылдан «Коммунизм жолы» газетіне әдеби қызметкер болып келдім. 15 жыл уақытым секретариатта өтті. Ол кездегі секретариат жұмысы көк бейнет: макет жасаудан бастап,  газет баспаханадан шыққанға дейін қара жұмыс секретариаттың мойнында. Қазіргідей технология жоқ, линотип машиналар, клише, қорғасын қалыпқа салып қате түзетіледі.

Ақтөбе қаласындағы қазақтар үлесі 30 пайыздан аспаған 1970 жылдары «Коммунизм жолының» негізгі оқырмандары  ауыл адамдары еді. Негізгі  тақырып — ауыл өмірі, шопан-механизатордың тіршілігі, партия-комсомол тұрмысы. Арасында елдіктің әңгімесін айтып қаламыз.

1980 жылдары Ертай Ашықбаев, Айдос Шөкіш, Нұрмұхамед Дияров, Әлімбай Ізбай, Зәуреш Басығараева сияқты жастар  келіп, газеттен жаңашылдық байқала бастады. Сол жылдары ауызбіршілігі бар жақсы ұжым қалыптасты.

«Оймақтай ой», «Осы жұрт біле ме екен?», «Адам және табиғат» айдарларымен мақалалар үзбей берілді. «Адам және табиғат»  айдарымен өңірдің өзен-көлі, аң-құсы, табиғаттың сақталуы туралы жаздық.  Ойыл, Жем, Ор, Темір өзендерінің тарихын түгендедік.

Біздің кезімізде редакцияда 2-3 қыз-келіншек  қана жұмыс істейтін. Қазір, журналистикада қыздар басым болғанымен, олар пысық, сауатты жазады, талпыныстары жақсы. Осы балаларды журналистиканың  жақсы ізіне  салып, машықтандырып жіберсе,  болашақта елге белгілі атақты журналистер шығады деген ойдамын.

                                                                                         

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button